Құрылыс жұмыстары біраз жылға созылып, талай жырға айналып, сынға іліккен диспансер ғимараты құрылысы толық бітпесе де 2019 жылы жартылай пайдалануға берілген еді. Білікті маман, тәжірибелі дәрігер Нұрлан Жариев 2015 жылы диспансер басшылығына келісімен бірден оның жұмысын жан-жақты жолға қойып, заманауи аппараттармен жарақтандыруды қолға алған еді. Алдымен Маңғыстауда операция жасауды бастады. Одан кейінгі шешімін таппай келген жайттың бірі – гистологиялық зерттеу мәселесі. Материалдар Астана, Алматы қалаларына жіберіліп, жауабы 30-50 күндеп күттіретін. Н.Жариев осы мәселені шешуді басты назарға қойып, құзырлы орындар алдында қорғап, 2016 жылы өңірде жеке заманауи гистология, иммуногистофияны анықтайтын аппараттар іске қосылды.
Облыста бұдан 6-7 жыл бұрын аталған сала бойынша небәрі 5-6 маман дәрігер болса, бүгінде диспансерде 54 дәрігер, оның ішінде 4 медицина ғылымдарының докторы және 4 медицина ғылымдарының кандидаты, 21 онколог, 131 орта буынды қызметкер жұмыс істейді. 2020 жылдан бастап қосымша 152 жұмыс орны құрылды, барлығы 413 қызметкер штаттық жұмыспен қамтылған. Шақырылған жоғары білікті мамандар мен жас мамандар диспансердің есебінен жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Диспансерге онкоурология, бас-мойын, онкологиялық науқастарды оңалту сияқты шақырылған мамандардың есебінен жаңа бағыттар енгізілген.
– 2017-2018 жылдары дәрілер есебін өзіміз жасап, госпитальдық фармацевтік бөлім ашылды. Дәрі-дәрмек келуі есепке түсті, экономия болды. Кредиторлық қарыздар жабылды. Осы жылдары республикада жұмысымыз жақсару динамикасымен жүрді. Жаңа ғимаратқа көшу жұмысымызға оң серпін берді, жаңару-жаңғыру қажеттігін ұқтық. Қомақты жалақымен мамандар шақырттық, жастарды резиденцияға оқыта бастадық. 5 жас маман оқуын бітіріп келді, 6 маман оқып жүр. Заманауи аппараттар алу, жоғары білімді, тәжірибелі мамандарды жинау нәтижесінде ауруды ерте анықтауға, Ақтаудан-ақ күрделі операция жасауға қол жеткіздік. Маңғыстау облысында биыл 10 ай ішінде онкологиялық диспансер қызметіне 862 адам жүгініп, тәжірибелі дәрігерлер 862 адамның ішінен 700-ге жуығының дертінен айығуына септесті. Жыл басынан бері 180 мыңға жуық адам скринингтік тексеруден өтті. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда өте жоғарғы көрсеткіш, – дейді Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің басшысы Нұрлан Жариев.
Маңғыстау облысының онкологиялық диспансері 31 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйыммен халыққа онкологиялық көмек көрсету үшін бірлесіп жұмыс істейді. Онкологиялық диспансер 135 тәуліктік және 25 күндізгі төсектік орынмен қамтылған, сондай-ақ ауысымына 150 келушіге арналған консультациялық-диагностикалық емхана қызметі жолға қойылған.
2022 жылы толықтай пайдалануға берілген жалпы құны 10,345 млрд теңгені құрайтын, ауданы 14 мың шаршы метр онкологиялық диспансердің жаңа ғимараты ішінде желілік үдеткіш, брахиотерапияға арналған аппарат, с-дуга, жоспарлы жүйесі бар КТ, МРТ, стереотактикалық жүйесі және томосинтезі бар цифрлық маммограф, эндоузи, әрлеу операциялық бөлмелері және жедел қызметті ашық және аз инвазивті тәсілдермен жүргізу үшін барлық қажетті жабдықпен реанимация бөлімшесі бар, сондай-ақ емдеу-диагностикалық қызметке арналған басқа да жабдықтармен қамтамасыз етілді. 2022 жылмен салыстырғанда облыста қызметті бағалаудың барлық индикаторы бойынша жоспарлар орындалып жатыр. Облыс бойынша биыл Д-есепте – 5 267 науқас тұрса, 2022 жылы 4 801 науқас болған.
– Бұрынғыдай емес, облыста онкологиялық диспансер жұмысының дұрыс жолға қойылуы өңір тұрғындарының уақыттан ұтылып, өзге жақтарға баруын азайтты. Жаңа ғимаратта науқастар әр палатада 1-2 адамнан жатады, олар үшін барлық жағдай жасалған. Кезінде тағдыры барактан басталған диспансер бүгінде заманауи аппараттармен жабдықталған патологиялық орталыққа айналды. Мидан басқа органға операция жасау мүмкіндігіміз бар. Сүт безі, жатыр мойны, ішек жолдарынан скринингтен өтеді. Өткен жылы 103 мың адамды скринингпен қамтыдық, биыл жыл соңына дейін 120 мың адамды қамтамасыз етеміз деп отырмыз. Инвесторлармен жұмыс істеу – басты бағыттың бірі. Ғимараттың жан-жағын абаттандыру мәселесі шешімін тапты. Енді емдеу кешенді болу үшін медициналық ядролық орталық салу ойымызда бар, – дейді Н.Нұритдинұлы.
Диспансер басшысының айтуынша, жылына 500-600 науқас қосылады екен. БАҚ-та, әлеуметтік желілерінде тұрғындарға түсінік жұмыстары жүргізіліп, әр ай сайын өткізілген Ашық есік күні нәтижесінде анықталған науқастарға тиісті шаралар қабылданған.
Ауру бар жерде оған қарсы тұра алатын, науқастың жанына араша болатын білікті дәрігер мен заманауи орталықтың болғаны дұрыс. Кезінде шағын адамды қабылдап, орталық аурухананың бөлмелерін жалға алып отырған Маңғыстау онкологиялық диспансері қазір жаңа ғимаратта науқастарға қызмет көрсетіп жатыр.
Маңғыстау облысы