Білім • 21 Желтоқсан, 2023

«Жайлы мектеп» – нақты мүмкіндік

120 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр ел Президентінің тапсырмасы бойынша қанатқақты режімде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылды. Осы жылдың қорытындысы бойынша жоба аясында екі ауысымда оқитын 461 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы басталды. Жаңа жоба еліміздегі орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған нақты мүмкіндік екенін дәлелдеп отыр.

«Жайлы мектеп» –  нақты мүмкіндік

Инфографикаларды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім алушылар мен педагогтерге қауіпсіз және жайлы жағдай жасауды көздейді. Жоба аясында педагогтерге қажетті жұмыс аймақ­тары, бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептерге жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен және студиялармен жабдықталған жаратылыстану-ғылыми пәндердің жабдықталған кабинеттері салы­нады. Олардың қауіпсіздік жүйелерімен то­лық жабдықталуына да ерекше мән беріледі.

Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңы­на дейін 740 мың оқушы орнына арнал­ған 369 мектеп ашу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішке жету үшін алдағы үш жыл­дық кезеңге республикалық бюджетте 2,3 трлн теңге қарастырылған. Осы­лай­ша, биыл бірыңғай оператор арқылы нысаналы құрылыс жолымен 208 мектеп, ал жеке инвесторлар арқылы ыңғайлы мектеп­тің талаптарына жауап беретін дайын мек­­теп ғимараттары, яғни тауар түрін­де 9 мектеп салына бастады. Жоспар­лан­ған жайлы мектептердің шамамен 60 па­йы­­зы­ның құрылысын бастау 2023 жылға дөп келуі мемлекеттің балалар үшін мүмкін­ді­гінше тезірек қолайлы әрі сапалы жағдай жасауға ұмтылатынын байқатты. Жайлы мектептердің барлығы қалаларда да, ауылдық елді мекендерде де бірыңғай стандарт бойынша салынады. Ұлттық жобаның нәтижесінде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселелері, сондай-ақ өңірлер, қалалар мен ауыл­дар арасындағы теңсіздік мәселесі шеші­ліп отыр. Бұл білім сапасын айтарлықтай арттырады.

пр

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда еліміздің одан әрі саяси, экономикалық және әлеуметтік жаң­ғыруының басты бағдарын айқындап, жаңа әділ қоғам – Жаңа Қазақстанның базалық институттарын қалай құру керектігі туралы айтқан болатын. Мем­лекет басшысы 2022 жылғы 1 қыр­күйек­тегі «Әділетті мемлекет. Бір­тұ­тас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жол­дауын­дағы тапсырмасының орындалуы заңды тұрғыдан іске асып жатыр. Сот­талған жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына аударылып, мектептер салуға жұмсалу үстінде. Былтыр апат­ты мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешу үшін 136 мың оқушыға арналған 247 мектеп пай­далануға берілді. Осы жылдың қо­ры­тындысы бойынша 88 мың оқушыға ар­нал­ған 96 жаңа мектеп салынды. Жаңа мектептер 29 үш ауысымды және 12 апат­т­ы мектеп, 113 елді мекендегі оқу­шы орындарының тапшылығы мә­селесін шешті. Мектептердің жұмыс жүктемесі мен апаттық жағдайын шешу мәселесін мемлекеттің барлық баланы қауіпсіз және жайлы жағдайда сапалы оқытумен қамтамасыз етуге деген ұмтылысын көрсетеді, – дейді Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы.

Түптеп келгенде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім сапасын ай­тарлықтай арттырады. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында кемінде 7000 заманауи роботтехника, химия, биология және физика кабинеттерін ашу туралы айтқан болатын. Осы жылы аталған бастаманы орындау мақсатында 718 мектепте 1067 жабдықталған кабинет ашылды. Мұндай кабинеттер оқу­шыларға практикалық дағдыларды дамыта отырып, тиімді интерактивті оқытуға мүмкіндік береді, бұл оқу материалын жақсы игеруге ықпал етеді. Сонымен қатар мұндай кабинеттер оқушылардың техникалық және ғылыми пәндерге деген қызығушылығын оятады.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап (жемқорлардан қайтарылған қаражат) арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түскен. Нәтижесінде, жалпы сомасы 96,5 млрд теңгеге 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 28,6 мың оқушыға арналған 17 мектеп пайдалануға берілді. 1 қыркүйектен бастап 1,6 млн бала тегін ыстық тамақ­пен қамтылды. Олардың ішінде 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы және әлеуметтік осал топтардан шыққан 200 мыңнан астам бала бар. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін күшейту үшін тиісті жүйе­лер, атап айтқанда, бейнекамералар, дабыл түймешелері, турникеттер орнатылып, жұмысы қамтамасыз етілген.

Бұл ретте осы жылғы қаңтар айын­да мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайыз­ға өскенін атап өткен абзал. Осы­лай­­ша, 4 жыл ішінде мұғалімдердің жа­ла­­қы­сы 2 есе көбейіп отыр. Сондай-ақ қыр­күйек айынан бастап 98 мыңға жуық тәрбиешінің жалақысы 30 пайызға артты.

Жалпы, еліміздің білім саласында оң өзгерістер көп. Мәселен, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Президенттік жас­тар кадр резервінің үлгісі бойынша мықты педагогтер қатарынан кадр ре­зер­він іріктеу және даярлау жөніндегі бағдарлама әзірленіп, іске асырылып жатыр. Білім беру ұйымдарында тәрбие сапасын арттыру бойынша «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданды. Азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды. 2023 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 88 мыңнан астам грант бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 23 пайызға артық. Аталған көрсеткіш 2019 жылдан бас­тап тұрақты түрде өсіп келеді, ол кезде мемлекеттік тапсырыс көлемі 51 мың грант болған. 1 қыркүйектен бастап сту­ден­т­тердің шәкіртақысы 20 пайызға өсіп, 41 898 теңгеге (педагогикалық ғылымдар – 67 200 теңгеге) жетті, магистранттар мен докторанттар шәкіртақылары 15 пайыз­ға өсіп, тиісінше 97 024 және 217 500 теңгеге көтерілді. Биыл 5,9 мың орынға арналған 25 студенттер жатақ­ханасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 5 мың орындық тағы 19 жатақхана ашу жоспарланып отыр. Жалпы, 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға берілетін болады.