Гранттар жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыруға ұмтылған ел азаматтарына беріледі. Үміткерлердің жобалары ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа бағыттары бойынша іріктеледі. Биыл конкурсқа 3 мыңнан астам өтініш түскен. Салтанатты іс-шарада Аида Балаева жеңімпаздарды арнайы құттықтап, 3 миллион теңгелік грант сыйлығын табыстады.
«Біз үлкен өзгерістер дәуірінде өмір сүрудеміз. Жастарға дұрыс таңдау жасау, сенімге лайық азамат болу, өзін өзі дамыту, оқу және еңбек арқылы табысқа ұмтылу сияқты ең маңызды жауапкершілік жүктелген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың дамуына, оларға жаңа және ауқымды мүмкіндіктер ашуға ерекше көңіл бөледі. Бар үмітіміз – еңбек пен білімнің жолымен жүретін, адамдық қадір-қасиеттің мәнін терең түсінетін, ата-баба дәстүрін қастерлейтін жастарда. Бүгінгі берілген грант – табандылықтарыңыз бен таланттарыңыздың, қажырлы еңбектеріңіз бен адалдықтарыңыздың, қоғам үшін маңыздылық пен өз әлеуетіңізді мойындауыңыздың сыйы. Бұл құрмет одан әрі даму мен ынталануға жетелесін. Әрбір қадамдарыңыз жаңа жетістіктер мен жаңалықтарға жол ашып, шығармашылық, ғылыми, іскерлік идеяларыңыз еліміздің дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік берсін. Сіздер Қазақстанды бұдан да зор көркейтетіндеріңізге сенемін!», деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Үздіктер қатарында Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге, IT саласындағы ғылыми зерттеулерді, стартаптар мен жобаларды, экономиканың негізгі секторларындағы креативті бизнес идеяларды іске асыруға бағытталған жобалар бар. Атап айтсақ, «Ғылым» бағытында Данагүл Бекжанова, Арайлым Серікбай, Еркебұлан Райымбеков, Гүлзат Қайранова, Мәулен Бектұрғанов, Жәмилә Еркебаева, «Мәдениет» саласында Адель Абдрахманова, Айнура Полатова, Арай Досмұхамбетова, Екатерина Худякова, Раушан Кимран, Арайлым Қадыр, «Ақпараттық технологиялар» бойынша Бақытжан Сариев, Сания Әбілдинова, Қанат Тәжіхан, Арғын Сағаш, Нұрлан Биімбет, Алуа Сүлейменованың жобалары грантқа лайық болды.
Ал «Бизнес» бағытында жеңімпаз болғандар – Бехруз Айметов, Дәурен Бексеитов, Гүлсара Бөлтекова, Арсена Кушжанова, Ярослава Пилипушко, Анастасия Кравченко. Сондай-ақ «Медиа» саласында жобалары үздік шыққандар – Алмас Маратұлы, Әлиман Әуесханова, Ислам Шарап, Жұпар Дүйсекова, Ерлан Ералиев, Шалқар Саттаров.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2021 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жас отандастарымыздың жаңа және қолданыстағы бастамаларын қолдау мақсатында тағайындаған еді. Грант аясында 63 адам өз жобасын Қазақстанда ғана емес, шетелде де түрлі салаларда табысты жүзеге асырып жатыр.
Оған қоса елімізде жастарды қолдау бағытында 1992 жылдан бастап дәстүрлі түрде ғылыми, шығармашылық, креативті қызметпен айналысатын, сондай-ақ спорт саласында жетістіктері бар азаматтарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы беріледі. Сонымен қатар жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, дарынды ғалымдар Д.А.Қонаев атындағы сыйлықтар мен ғылыми стипендиялар алады.