Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес 2022-2023 жылдар аралығында тиісті жұмыстар атқарылды. Бұл ретте Президент тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындау мақсатында Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өкімімен арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының, министрліктер мен әкімдіктердің өкілдері кірді.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ жайылымдық жер тапшылығы мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қайтарылған жерлерді тиісті елді мекендерге бекіту арқылы шаруаларға қатаң тәртіппен нақты қажеттілік үшін беріліп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда «Amanat» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының қоғамдық-партиялық бақылауы маңызды факторға айналды. Атап айтқанда, аталған комиссия қайтарылатын жерлерді қайта бөлуді бақылаумен айналысты.
Осылайша, жерді халық арасында одан әрі әділ бөлу мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында болады.