Театр мен кино өнері драматургиясы қаламгер шығармашылығында айрықша орын алатын сүбелі сала әрі ұзақ жылдар бойы осы саланың қия-жықпылын ақтарып, мазмұнын байыту жолында үздіксіз тер төгіп келеді. Табиғатына әдебиет пен өнерді бірдей тоғыстырған құпиясы терең әлемге құлаш сермеген Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының болашақ драматург мамандарын даярлау ісімен ұштастырып, педагог қызметін қатар атқарып келе жатқаны да көпшілікке аян. Бұл тарапта оларды оқытып-үйрететін ұлт тілінде жазылған оқулық жоқтың қасы, бар оқулықтың өзі аударма негізінде жазылған әрі әбден ескіргендіктен, бүгінгі уақыт тынысымен үйлесім таба алмайды. Педагогикадағы осы олқылықты ескерген Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультетінің профессоры Дулат Исабеков жақында студент жастарға және қалың оқырман қауымға арналған «Театр мен кино әлемі» атты жаңа кітабын ұсынды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы кітапханасының ұйымдастыруымен өткен жаңа туындының таныстырылымына театр және кино мамандары, академия студенттері қатысты.
«Театр мен кино әлемі» атты жаңа жинаққа автордың ұзақ жылдар бойы драматургия және кинодраматургия пәні бойынша оқыған дәрістері және «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған – Аристофан, У.Шекспир, И.Гете, Н.Гоголь, А.Чехов, М.Горький, М.Булгаков сынды әлем әдебиетінің классиктері туралы жан-жақты мәлімет-деректермен жазған танымдық еңбектері енген. Жаңа кітапты таныстыру рәсімінің модераторы, белгілі театр сыншысы, өнертану кандидаты Амангелді Мұқанның айтуынша, Д.Исабеков теория мен тәжірибені шебер шендестіре білген драматург ретінде өткен кезең тұлғаларына құрметпен қарай отырып, тарихи тұлғалар өмірінің беймәлім беттеріне үңіліп, қызықты сыр шертеді.
Заманауи драматургияның қазақ театрының дамуына әсері қандай? Қазақ киносы қалай жетіліп келеді? Сценарий қалай жазылады, сюжет қалай құрылады, стилистикасы, пішіні қандай болуы керек, кейіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынасын қалай өрістету керек? Оқиға қалай ширатылады? Автор драматургияны, кино сценарийді жазудың алғашқы әліппесінен бастап, соңғы түйініне дейінгі тиімді әдіс-тәсілдерін, кәсіби қыр-сырын теориялық тұрғыдан жан-жақты сараптап, түсіндіріп, сахна мен экранға әр беретін материалды әзірлеудің өндірістік кезеңін толық қамтиды.
«Бүгінгі Батыс Еуропа елдерінің көрерменіне қазақ драматургінен, мысалы, әзербайжан, өзбек драматургінен не керек? Әлбетте, олардың өздерінде жоқ тың идея керек. Көркем тіл, көркем сюжетпен көрерменді сендіре білуі керек. Драматург шебер болса, нанымсыз оқиғаның өзіне жан бітіреді. Лондонда екі пьесам жүріп жатты. Сонда ағылшын көрермені қай тұсында қол соғады? Өздерінде жоқ, бұрын болған, қазір ұмытылған нәрсені сезіп, көріп қалса, елең ете қалады. Міне, бүгінгі сахнадан осындай құндылықты іздейді олар».
Мазмұны жағынан бай, тақырып-тараулары мол, ізденіс пен тәжірибе негізінде туған іргелі еңбек 3 200 данамен жарық көріп отыр. 492-беттен тұратын «Театр мен кино әлемі» кітабы тек шығармашылық оқу орындарының студенттеріне ғана емес, сахна мен экран өнеріне қызығатын көпшілік қауым үшін де құнды, дейді мамандар.
АЛМАТЫ