Өндіріс • 25 Желтоқсан, 2023

Экономиканы өрге сүйреген өнеркәсіп

130 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Экономиканың қозғаушы күші – өнеркәсіп. Бірақ бұл бұлжымас ақиқатты өмірде іске асыру қиынның қиыны. Біздің ел әу бас­тан шикізаттық сатылымға арқа сүйейтін ел, десе де әр жылдары әртүрлі бағдарлама аясында өнеркәсіпті дамытуға күш салып келеді. Бірі – нәтижелі, бірі – нәтижесіз. 2023 жылы да бұл салада аз жұмыс атқарылған жоқ. Жалпы сомасы 376,3 млрд теңгеге 91 өнеркәсіп нысанының іске қосылуының өзі – тәуір көрсеткіш.

Экономиканы өрге сүйреген өнеркәсіп

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Ал жыл соңына дейінгі меже – 170 жоба­ны іске қосу. Егер бәрі көлденең қатер­сіз жүзеге асса, өндіріс көлемі 3,4 трлн теңгеге жететін көрінеді. Өндіріс орын­дарының іске қосылуы 6,2 мыңға жуық тұрақ­ты жұмыс орнының ашылуына себеп бол­ған. Қазіргі өнеркәсіптік саясат өнім­ді­лігі жоғары, экспортқа бағдарланған эконо­ми­каны құруға және шикізаттан өңдеу өнеркәсібіне көшуге бағытталған. Мәселен, 2023 жылы Қостанай облысында «ССКӨБ» АҚ ыстық крикетті темір өндіру зауыты іске қосылды, онда жылына 4 млн тоннаға дейін ыстық крикетті темір шығару жоспарланып отыр. Бұл жобаның іске қосылуы өңірді қосымша 500 жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Астана-Моторс» компания­сы Алматы қаласында қытайлық «Chery», «Changan», «Haval» брендтерінің жеңіл авто­мобильдерін шығаратын мультибрендтік зауытты іске қоспақшы. Ол 115 млрд теңгеге 2 200 жұмыс орнын құрумен жылына 90 мың автомобиль шығаруды көздейді. Ілкімді жобалар қатарында Абай облысындағы жаңа мыс балқыту зауытының құрылысын айтсақ болады. Құны – 587,8 млрд теңге. 1 083 жұмыс орнын құрып, 314 мың тонна-катодты мыс, 1 277 мың тонна күкірт қышқылы, 166 мың унция құймадағы алтын, 4 629 мың унция-құймалардағы күміс шығару жоспарланып отыр.

Ел экономикасына серпін беретін жобалар деп Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытты, Батыс Қазақстан облысындағы «Сатимола» кен орны базасында калий тұздарын өндіру бойынша байыту-өндірістік кешенінің құрылысын айтуға болады.

ваып

Биыл ерте көктемде Үкімет қаулы­сы­мен өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өзекті тұжырымдамасы бекітілген еді. Тұжы­рым­­дама мынадай қағидаттарға негіз­дел­ген:

  • Қосылған құны жоғары өңделген өнімді өндіруге назар аудару;
  • Өнеркәсіптік-инновациялық және аумақтық дамуды ұштастыру;
  • Ішкі мүмкіндіктерді ескере отырып, сыртқы нарықтарға бағдарлану;
  • Мемлекеттің, қоғамның және биз­­нес­тің стратегиялық мүдделерінің теңгерімі.

Егер бәрі тура тұжырымдамада жазыл­ғандай етіп істелсе, онда өңделген өнім экспортының көлемін 36 млрд долларға дейін жеткізуге, тиісінше салықтар мен бюджетке түсетін басқа да міндетті түсімдерді 5,8 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға болады екен. Ал саладағы жобаларды қаржыландыруға былтыр және биыл 620 млрд теңге қарастырылған. Шағын және орта бизнес субъектілерін инфрақұрылымдық қолдаумен қамтамасыз ету үшін мемлекет «шағын өнеркәсіптік аймақтар» бағдарламасын іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібі саласында ШОБ субъектілерінің өндірісін орналастыру үшін жаңа дайын өндірістік үй-жайларды салуды және жұмыс істеп тұрғандарын қайта жаңартуды көздейді.

Өнеркәсіп нысандарын тиісті шикі­затпен қамтамасыз ету де – қордалы мәселе. Кәсіпорындардың шикізатқа деген қолжетімділігін арттыру үшін арнайы пакет те қабылданды. Өзгеріс шеңберінде отандық өнеркәсіп үшін маңызды үш металл, атап айтқанда, алюминий, мыс және қорғасын айқын­далды. Жыл сайын елімізде 249 мың тонна алюминий өндіріледі, ел ішінде соның 17 пайызы (42 мың тонна) қайта өңделеді екен. Ал 109 мың тонна қорғасынның 19 пайызы (21 мың тонна), 453 мың тонна мыстың 3 пайызы (7,5 мың тонна) қайта өңделеді. Қазіргі уақытта металдарды ішкі тұтыну үлесі: алюминий бойынша – 17 пайыз, қорғасын бойынша – 19 пайыз және мыс бойынша 1,5 пайыз болып тұр.

2029 жылға дейін металдарды, алю­ми­нийді ішкі өңдеу көлемін 5 есе 166 мың­ тоннаға (67 пайыз), қорғасынды 4 есе 81 мың тоннаға (74 пайыз) және мыс­­ты 13 есе 91 мың тоннаға (20 па­йыз)­ дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өнеркәсіптік кешен өнімдерін ішкі нарықта ілгерілету бойынша бірқатар қосымша шара қабылданды. Офтейк-келісімшарттар және ұзақмерзімді шарттар арқылы өңдеу өнеркәсібі тауарларын кепілді жеткізу шарттарын жасасу мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Осы тәсілдің арқасында 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жалпы көлемі 19,9 трлн теңге болды. Бұл ретте ел ішілік құндылық үлесі – 53,5 пайыз немесе 10,6 трлн теңге. Бейінді ведомство мен жүйе құраушы кәсіпорындар, табиғи монополиялар субъектілері, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және жергілікті өндірушілер арасындағы кездесулер мен келіссөздер нәтижесінде биыл 9 айда 47,5 млрд теңге сомасына 35 ұзақмерзімді шарт және 4,8 млрд теңге сомасына 10 офтейк-келісімшарт жасалды.

Қазір ел аумағында әртүрлі салалық бағыттағы 14 арнайы экономикалық ай­мақ (АЭА) жұмыс істеп тұр. АЭА әлеуе­тін­ одан әрі іске асыру мақсатында Үкі­мет­­ АЭА жұмыс істеуін қамтамасыз ету­­­де жаңа тәсілдерді енгізді. Ол тәсіл­дер:­

  • Орналастырудың аралас режімі;
  • АЭА қатысушыларына жер учас­ке­сін­ мерзімінен бұрын сатып алу құқығын беру;
  • Салықтық преференцияларды тара­ту­дың сараланған тәсілі.

АЭА жер учаскесін және да­йын инфрақұрылымды алудың басым құқығы есебінен жобаларды жедел пайдалануға беруге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, арнайы экономикалық аймақтарда экономиканың басым секторлары үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қолданылады.

АЭА аумағында АЭА басым­дық­тарына жатпайтын өңдеуші өнеркәсіп жобаларын орналастырудың аралас режімі соңғысына салынған инфра­құ­рылымды пайдалануға мүмкіндік береді, бірақ салықтық және кедендік жеңіл­діктерді қолданбай. АЭА қатысу­шыларында инвестициялық міндет­те­мелерді орындау кезінде жер учаскесін мерзімінен бұрын сатып алу құқығы бар. Бүгінде АЭА шеңберінде 24 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен 2,8 трлн теңге сомасына 325 жоба іске асырылды. Сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар саласындағы заңнаманы жетілдіру шеңберінде технологиялық күрделілігіне, жобаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық әсеріне қарай салықтық преференцияларды таратудың сараланған тәсілін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

2023 жылы мемлекет елімізде бұрын өндірілмеген бірқатар жаңа өнімді (мұнай химиясы, автомобиль жасау, электртехника, энергетика саласында) шығаруды жолға қойды. Оларды біртіндеп санамалап өтер болсақ, төмендегідей шағын тізім қалыптасады:

  • Мұнай-химия реагенттері (парафиногид-Рато тұнбаларын кетіргіш, парафин тұнбаларын кетіргіш, ингибиторлар, сүзуді төмендетуге арналған реагенттер, бұрғылау ерітінділеріне арналған реагенттер, сұйық майлау) – «Мұнайхим Ltd» ЖШС, Ақтөбе облысында мұнай-химия реагенттерін өндіру зауыты. 406 млн теңгеге 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қуаты – жылына 2 мың тонна;
  • Жиілікпен реттелетін электр жетектері – «Power Conversion System» ЖШС. Астана қаласында жиілікпен реттелетін электр жетектерін шығаратын зауыт. 956 млн теңгеге 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қуаты – жыл сайын 800 бірлікке дейін жиілікпен реттелетін электр жетектері;
  • Электр жабдықтары (жоғары тұрақты аз тұтынатын термостатталған кварц генераторлары) – «Art Xtal» ЖШС. Электр жабдықтарын шыға­ра­тын зауыт (жоғары тұрақты аз тұтынатын термостатталған кварц гене­раторлары). Астана қаласында 370 млн теңгеге 10 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қуаты – жылына
    24 000 бірлік;
  • Jetour маркалы автомобильдер – «СарыарқаАвтоПром» ЖШС Қостанай облысында Jetour автомобильдерін өндіру желісін ашты. 1,3 млрд теңгеге 100 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қуаты – жылына 10 000 бірлік;
  • Күн панельдеріне арналған картридждер – «Майами Солар» ЖШС. Жетісу облысында күн панельдерін өндіреді. 2,2 млрд теңгеге 80 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қуаты – жылына 100 000 картридж.

Үкімет 2023 жылғы қаңтардан бас­тап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс шеңберінде 42 келісімшарттың қолданысын тоқтатты. Оның ішінде 28 барлау келісімшарты, 7 бірлескен барлау және өндіру келісімшарты және 7 қатты пайдалы қазба өндіру келісімшарты бар. Сонымен қатар қатты пайдалы қазбаларды барлауға 72 лицензия қайтарып алынған. Қай­та­рылған объектілер аяқталғаннан кейін заңнамада белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалану қажеттіліктері үшін қайтадан қолжетімді болады. Атап айтқанда, жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгі­зілгеннен кейін барлау объектілерін жер қойнауын пайдаланушылар қатты пайдалы қазба барлауға лицензия алуға өтініш бойынша ала алады.

Өндіру объектілеріне қатысты «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін кен орындарын аукционға қою туралы шешім қабылданбақ. Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мүдделі тараптармен және мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр. Өндіру кен орындары бойынша қол қою бонусы (кен орнының бастапқы құны) аукцион жарияланған кезде қорлардың болуы мен пайдалы қазбалардың нақты құнына сүйене отырып есептелетін болады. Бүгінгі күні тоқтатылған келісімшарттар бойынша пайдалы компоненттер: хризопраз, барит, титан, цирконий, алтын, көмір, темір, сондай-ақ техногендік-минералды түзілімдерде (ТМО) кездесетін компоненттер болып саналады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 8 ай ішінде 14 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға өсті. Салалар бойынша автокөлік құралдарын (+42,2 пайыз), машиналар мен жабдықтарды (+22,5 пайыз), сондай-ақ электр жабдықтарын (+34,3 пайыз) шығару есебінен машина жасау 28,1 пайыз деңгейінде тұрақты өсім көрсеткен. Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдары өндірісінің (+35,9 пайыз) өсуі есебінен өсім 19,8 пайызды құрапты. Химия өнеркәсібінде өсім аммофос өндірісінің (+44,8 пайыз ) өсуі есебінен 3,1 пайызға жеткен.

Министр бұл салада 613 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын қам­тамасыз ететін 20 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауын орындау шеңберінде өңдеуді тереңдету және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету, базалық инфрақұрылымды қалыптастыру, ірі және стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ нарықты жеңілдікті қаржыландырудың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Ақмола облысында өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 70 пайызға, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында өндіріс көлемінің 18 пайызға төмендеген.

«Индустрияландыру картасы аясында биыл тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда және басқа салаларда 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл шамамен 12,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», дейді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Ол Президент тапсырмасына сәй­кес бірқатар басым бағыттарда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру бойынша ірі жобалардың тізбесі дайындалып жатқанын айтты. Атап айтқанда, мұнай, газ және көмір химиясында, металды терең өңдеу, уран өнеркәсібі, машина жасау, автокомпоненттер, тыңайтқыштар өндірісі және басқа салаларда осындай кластерлер құру көзделіп отыр. Оның сөзінше, ішкі ресурстарды барынша пайдалануға және офтейк-келісімшарттардың әлеуетін іске қосуға басымдық берілмек. Премьер-министр мәлім еткендей, бутадиен және полиэтилен өндіру жобалары іске асыру сатысында тұр. Сонымен қатар Халықаралық мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығы әлемдік компаниялардың өндірістерін локализациялау және технологиялар трансферті бойынша тиімді жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, газ детекторларын, насос­­тарды және қысым датчиктерін шығару бойынша бірқатар жаңа жоба пайдалануға берілді. Оның айтуынша, қорғаныс-өнеркәсіп кешені бо­йынша да жоғары локализация үлесі және заманауи технологиялардың трансферті қамтамасыз етіледі. Бұл ретте кәсіпорындарды қолдау үшін жыл соңына дейін арнайы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылмақ.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы дайындалып жат­қанын да айтып өтейік. Оны іске асыру осы саладағы өндірісті 2 есе, экспорт көлемін 3 есе, негізгі капиталға салынатын инвестиция­ны 1,5 есе арттыруға жол ашады. Сонымен бірге биыл жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасын өзектендіру жұмыстары да мәресіне жетті. Онда тоқыма өндірістерін құру кезінде инвестициялық шығындарды өтеу, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдау шаралары қарастырылады. Үкімет қазіргі таңда өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыттар мен міндеттер белгіленгенін, енді олардың белсенді түрде іске асырыла бастайтынын айтады.

Өнеркәсіптің өркен жаюына көп­теген фактор әсер етеді. Соның ішінде кәсіпорындарда инновациялық технологияларды енгізудің жаңа тәсіл­дерін байыптауды, ірі жобаларды инфрақұрылымдық және ресурстық резервтермен басым түрде қамтамасыз ету механизмін әзірлеуді, сондай-ақ инвестиция тарту жұмыстарын өзектендіру қажеттігін айрықша атап өтер едік. Қазіргі сәт – Қазақстанның шикізаттық елден өндірістік елге аяқ басар тағдыр­шешті кезеңі. Оны абыроймен аттап өту аса маңызды. Өйткені өнеркәсіп – тым сезімтал сала. Сонысымен де абыройлы, сонысымен де күрделі. Мемлекет бұл белесті өз деңгейінде бағындырып, отандық өнеркәсіптің гүлденуіне тиісті жағдай жасайды деген сенім бар.