Сұхбат • 24 Желтоқсан, 2023

Әсел Жанасова: Осы жылды табыспен аяқтадық

220 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Қазпошта» акционерлік қоғамы – еліміздің барлық өңірінде пошта, логистикалық, қаржылық және агенттік қызметтерді ұсынатын жалғыз ұлттық пошта операторы. Еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан 2 700-ден астам бөлімшесінде 20 мыңнан аса қызметкер еңбек етеді. Өткен жылдың қазан айында компанияның басқарма төрағасы болып Әсел Жанасова тағайындалды. Содан бергі бір жылдан астам уақыт ішінде ұлттық пошта операторы қызметінде қандай өзгерістер болды, қордаланған проблемалар мен кемшіліктер жойылды ма? Біз осы және өзге де сұрақтардың жа­уабын білу мақсатында төрағаны әңгімеге тарттық.

Әсел Жанасова: Осы жылды табыспен аяқтадық

– Әсел Жұбанышқызы, сіз осы қызметке келгелі бір жылдың ішінде ел Президентімен екі рет кездесіп үл­гер­діңіз. Мемлекет басшысымен жүз­десу барысында қандай мәселе әң­гіме арқауына айналды?

– Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдауында болғанымда компания қызметі үшін аса маңызды екі мәселе кө­терілді. Оның бірі – пошта қыз­мет­кер­лерінің әлеуметтік мәселелерін ше­шу, яғни жалақыларын көтеру болса, екіншісі – компанияның өзін жалпы дағдарыстан шығару. «Қазпошта» кейінгі жеті жылда үлкен шығынға ұшырап келген. 2022 жылды да 12,5 миллиард теңге шығынмен аяқтадық. Біз еліміздің барлық аумағын қамтитын, 20 мыңнан астам қызметкері бар үлкен мекеме болғандықтан, жалақы мәселесін шешу бірінші кезекте тұрды. Мемлекет басшысы осы дағ­да­рыс­тан шығу туралы нақты тапсырмалар берді.

Нәтижесінде, біз биыл қызмет­кер­ле­рі­міз­дің жалақысын 25 пайызға арт­тыр­дық. Мәселен, бұған дейін пошташы орта есеппен 144 мың теңге еңбекақы ала­тын болса, қазір ол 204 мың теңгеге дейін өсті.

Бұған қоса, өткен жылды 12,5 мил­лиард теңге шығынмен қорытындыласақ, биыл керісінше қосымша 3 миллиард теңге табысқа шықтық. Нақтырақ айт­қан­да, компания 15 миллиард теңге табыс тапты. Оның 12 миллиарды жо­ғарыда аталған шығындарды жабуға кетсе, қалғаны – таза кіріс. Нақтырақ айтқанда, осы жылдың 11 айында компания табысы 38 пайызға өсті. Мұндай нәтижеге жету үшін мен жұмысқа кіріскеннен кейін айналама өз ісінің хас мамандарын жинауға тырыстым. Алғашқы 3-4 айдың ішінде кадр мәселесін шешіп, ол өз кезегінде жемісін беріп отыр.

– Жылды табыспен аяқтау үшін белгілі бір кіріс көзі болуы керектігі бел­гілі. Жалпы, «Қазпошта» ақшаны қан­дай жол­дармен табады?

– Өзіңіз білесіз, тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде пошталар қиын жа­ғ­дайды бастан кешіп отыр. Себе­бі қазір ешкім хат жазбайды, газет-журнал жаздырып оқитын адамдар қатары жылдан-жылға азайып барады. Сондықтан пошта қызметі табысының көлемі жыл сайын 20 пайызға төмендеп жатыр. Сондықтан біз табыс әкелетін басқа да жолдарды қарастырып, жан-жақты әрекет етіп келеміз. Соның бірі – электронды коммерция, яғни сәлемдеме жеткізіп беру нарығына кіру. ­Қазір бүкіл әлемде интернет арқылы тауар сатып алу үрдісі қарқын алды. Біз де осы үрдістен қалыс қалмай, интернет арқылы сатып алынған заттарды тасымалдау, яғни логистика және сәлемдемелерді жеткізу қызметтеріне мойын бұрдық. Электронды коммерция нарығында көшбасшы болуды алға қойып отырмыз.

Екінші қызмет саласы – сұрыптау бизнесі. Бұрын пошта қызметкерлері тек хаттарды сұрыптайтын болса, қазір біз бұл жұмысты сервис ретінде жасайтын болдық. Үшінші қызмет – «соңғы миля» деп аталады, яғни біздің қоймаларда сақталатын тауарларды тұтынушыға жеткізіп беру. Осы үшеуі толық бір қызмет көрсету цик­лын құрайды. Нәтижесінде, биылдың өзінде біз жеткізетін сәлемдемелер көлемі 2 есеге артты.

Бұған қоса, осы жылы 6,5 млн-нан астам сә­лемдеме жеткізіліп, 1 мыңнан астам EMS жеткізілім жасалды. «Қаз­пош­­та» елі­міздің түкпір-түкпіріндегі тұр­ғын­­дарға 49 млн-нан астам газет-журнал жеткізді.

– Электронды коммерция де­мек­ші, қазір елімізде Қытайдан ин­тер­нет арқылы тауар сатып алу үрдісі кеңінен белең алып жатыр. Бұл тұр­ғы­да «Қазпошта» қандай рөл атқа­­рады? Шы­ғыс­тағы көршімен ынты­мақ­тастық жасайсыздар ма?

– Әрине, бұл елмен байланысты нығайту – біздің басым бағыт­та­ры­мыз­дың бірі. Өйткені Қытай – қазіргі күні электронды коммерция жағынан әлемде алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Олар­мен жұмыс істеу біз үшін өте маңызды. Мысалы, бір ғана «AliExpress» маркетплейсінің өзін айтсақ болады. Қытайда одан басқа да көптеген ірі-ірі сауда платформалары бар. Олар арқылы өте арзан бағада тауарларды алуға болады. Осылардың қызметтерін халыққа қолжетімді ету, тек еліміз емес, Орталық Азия елдеріне де тауарларды жеткізу үшін «Қазпошта» үлкен жұмыстар жүргізіп отыр. Қытай пош­тасы – «Чайнапостпен» күні кеше ғана серіктестікке қол қойдық. Тауарларды жеткізу үшін шығыны аз бола­тын маршруттарды жасадық. Бұрын Қытайдан келетін заттар алдымен Лат­вия­ға барып, сосын елімізге 45 күн­де жететін. Енді біз оны 15 күнге дейін қыс­қарттық. Келешекте 5 күнге дейін азайт­қымыз келеді.

– Ел тұрғындарының әлемдік мар­кет­плейстер арқылы тауар алу үрдісі үдегенін айттыңыз. Жалпы, «Қаз­поштаның» алдында отандық маркет­плейске айналу жоспары бар ма, әлде нарық­тағы осындай жаңа ойын­шы­ларға өз бөлімшелерін база ретінде ұсынумен шектеле ме?

– Біздің алдымызда жеке-дара маркет­плейске айналу емес, өз маркет­плей­сін ашқанымен, тұрғындарға тауар­ларын толыққанды жеткізіп беру қызметіне мүмкіндігі жоқ шағын және орта бизнес үшін логистика мен қойма қыз­метін ұсыну жоспарымыз бар және соны іске асырып келеміз. Осы қыз­метті көрсете бастағалы «Adidas.kz» мар­кетплейсі ашылды. «Avon» өзінің аймақтық кеңсесін елімізге ауыстырды. Біз қазір «Меломан», «Мечта», «Абди», «Адидас», «Эйвон» секілді компанияларға сервис­тік қызмет көрсетеміз. Яғни олар өз ақшаларын жұмсамай, сервистерін бізге береді. Біздің стратегиямыз – осын­дай инфрақұрылымды құрып, ша­ғын маркет­п­лейс­тердің қызметіне жәрдемдесу.

Компания осы жылдан бастап әлем­нің «Amazon», «AliExpress», «Ozon», «Iherb» сияқты алпауыт компания­л­а­рымен ынтымақтастық орнатты. Тек биылдың өзінде республика аумағын­дағы «Қазпошта» бөлімшелерінде «Ozon» ком­паниясының 23 пункті ашылды. Келер жылы мұндай бөлімшелер саны 300-ге дейін артады.

– Ауылдардағы пошта бөлімше­ле­рін ұстап тұру өз-өзін ақтай ма? Ол жер­де қаладағы секілді емес, халық саны аз, сәлем-сауқаттар да көп келе бер­мейді...

– Иә, поштаның ең шығынды бөлігі – ауылдардағы бөлімшелерді ұстап тұру. Бірақ біз заң бойынша оларды ашып, қызметін жүргізіп отыруға міндеттіміз. Сол үшін жылына 11 млрд теңге қаражат шығындаймыз. Ауыл тұрғындарының хаттары мен сәлемдемелерін алып кету, инкассациялық қызмет және мемлекеттік құпия құжаттарды тасымалдау үшін әрбір бөлімшеге аптасына үш көлік жі­беріп отырамыз. Пошташылардың жала­қысы бар, коммуналдық қызмет шы­ғындары бар. Мемлекет тарапынан мұның бәріне 2 млрд теңге ғана субсидия бөлінеді. Қалған шығынның бәрі өз мойнымызда. Ауылда бір адам бір газетке жазылған болса да, біз оны жеткізіп беруге міндеттіміз. Сондықтан ол шығынның бәрін біз басқа табысты қызметтер есебінен жауып отырмыз.

– Осы жерде бір сұрақ туындап тұр. Жақында әлеуметтік желілерде «Ауыл­дағы пошта қызметкерлері 30-40 мың теңге ғана жалақы алады екен» деген мәлімет тарап жүрді. Бұл қан­ша­лықты шындыққа жанасады?

– Бұл мәліметті көп адам дұрыс түсінбей таратып жүр. Жоғарыда айтқа­ным­дай, ауылдарда пошта қызметін пайдаланатын адамдар аз болғандықтан, пошташы аптасына 1 күн, онда да 1 сағат қана жұмыс істейді. Өйткені келген хаттар мен сәлемдемелерді, газет-журналдарды таратып шығады. Бар жұмысы осы ғана, яғни олар толық емес ставкада жүрген адамдар. Сондықтан біз ол адамдарға қаладағы бөлімшелерімізде күні бойы жұмыста отыратын қызметкерлерімізге төлегендей толық жалақы бере алмаймыз. Ауылдағы қызметкерлеріміз өз жұмысының көлеміне қарай жалақысын алып жүр. Көп адам осыны түсінбейді. Сосын «Пошта 30 мың теңге ғана айлық төлейді» деген негізсіз фейк мәліметтерді таратады.

Біз өз тарапымыздан ауылдағы бө­лім­шенің жұмыс ауқымын кеңейту мақсатында 200-ден астам бөлімшеде eGov қызмет көрсету орталықтарын аштық. Бұрын ауыл тұрғындары мем­лекеттік қызметтерді алу үшін аудан орталықтарына баратын болса, биылдан бас­тап ауылдағы пошта бөлімшесі арқылы өз жұмысын бітіретін болды. Осыған орай біз ауылдағы қызметкерлеріміздің жалақысын 3 есеге көтердік. Бұрын олар хаттар мен сәлемдемелерді тасу үшін 1 сағат қана жұ­мыс істесе, ен ді 3 сағат жұмыста оты­рады. Жалпы ауыл болсын, қала болсын, «Қазпошта» тұрғындарға қызметтердің сапалы, кең спектрін ұсынуға және мемлекеттің сенімді серіктесі болуға ұмтылады. Осы мақ­сатта биыл 200 ауылдық пошта бө­лімшесінде 16 мыңнан астам мемле­кеттік қызмет көрсетілді.

– Ауылдық жерде «Қазпоштаны» монополист деп атауға бола ма?

– Бізді монополист деп айту қиын. Ауылдық жердегі біздің бөлімшелерімізді сондай «монополистер» қатарына жатқызса болады. Ал жалпы нарықтың өзінде пошталық қызмет жағынан бізге бәсекелес болып жүрген түрлі курьерлік қызметтер бар, ал қаржылық қызмет саласында екінші деңгейлі банктер бізге бәсекелес.

– Бәлкім нарықтың талабы шы­ғар, қазір сіздер тек пош­та­лық қызмет емес, қаржылық қыз­меттерді де көрсе­те­сіздер. Осы орай­да екінші дең­гейлі банк­термен байла­ныс­та­рыңыз жайында айта кетсеңіз.

– Біз банк емеспіз және несие бер­мейміз. Оған лицензиямыз жоқ. Дегенмен екінші деңгейлі банктер біздің бөлімшелерімізде өздерінің муль­тисервистік бөлімшелерін ашып жұмыс істейді. Мысалы, несиелерді жабу, шот­қа ақша салу секілді қызметтер көрсетіледі. Яғни біз банк қызметтерін көрсету үшін екінші деңгейлі банктермен сервистік келісім жасадық. Осы тұрғыда компанияның қаржылық қызметтеріне тоқталсақ, тек биылдың өзінде 13 мыңнан астам заңды тұлғаға жаңа шот ашылды, 13 млн-ға жуық төлем, 460 мыңнан астам ақша аударымдары, 2 300 000 транзакция жасалды. Бүгінде компанияның 500 мыңға тарта төлем картасы айналымда жүр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»