Руханият • 25 Желтоқсан, 2023

Баянды Алаш пен «Манас»

235 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада Парламент Сенаты­ның қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы, жырау Баянғали Әлім­жановтың «Алаш пен Манас» атты шығармашылық кеші өтті. Бұл іс-шара – бауырлас қырғыз халқы­ның әлемге әйгілі эпосы «Манас» жырын танымалдандыруға арналды.

Баянды Алаш пен «Манас»

Рухани маңызы зор шығар­ма­шылық кешті ашып, лебізін білдірген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Манас» жыры бауыр­лас екі халықтың рухани байланысының жарқын көрінісі әрі бүгінге дейін үзілмей келе жатқан татулықтың рәмізі екенін атап өтіп, еліміздегі бірден-бір манасшы Баянғали Тақанұлына алғысын жеткізді.

«Жалпы, қазақ пен қырғыз – тарихы да, тағдыры да, танымы да бір бауырлас халықтар. Ғасырлардан тамыр тартатын бұл бауырластық ең жоғары деңгейде берік қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас емес, бауырлас мемлекет екенін үнемі айтып келеді. Кейінгі жылдары қазақ-қырғыз бауырластығы жаңа биікке көтеріліп, жан-жақты дамуда. Осы ретте мәдени байланыстарымыздың жөні бөлек екеніне ерекше тоқталғым келеді. Оған тарихта дәлел көп. Сүйінбай мен Арыстанбек, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Османқұлдың қарым-қаты­настары көпке үлгі. Ал әде­биеттің қос алыбы Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың байланысы – баршамыз үшін зор мақтаныш», деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ кештің өзегіне арқау болып отырған тақырыпқа қатысты ой тербеген Мәулен Әшімбаев: «Екі халықтың мәдени-рухани байланысында бүгін жырланатын әйгілі «Манас» жыры ерекше рөл атқарады. Бұл жыр – қазақ-қырғыз байланысын айқын көрсететін асыл қазыналардың бірі. «Манас» – адам­затқа ортақ мәдени мұра, түркі халық­тарының рухани қуатын көрсететін үздік туынды. Осы жырды қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов алғаш хатқа түсіріп, оның ғылыми ортаға, көпшілікке танылуына себепші болғаны белгілі. Кеңестік кезеңде «Манас» жыры сынға ұшыраған­да оған қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезов араша түсті. Жырдың жиынтық нұсқа­сын әзірлеуге ұйытқы болды. Сон­дықтан «Манас» жырын қазақ халқы өзінің төл туындысындай қастерлейді. Әйгілі жырды айтып, таратушылар Қазақ даласында да аз болмаған. Жыр­ды орындаудың өзіндік дәстүрі және шарттары бар екенін білеміз. Сол дәстүрді бойына сіңірген азаматтарымыздың бірі де бірегейі – осы Баянғали ағамыз екені даусыз. Ағамыз – қазіргі таңда қазақтан шыққан бірден-бір манасшы, деп ауыз толтырып айта аламыз. Қырғыз ағайындарымыз Баянғали Әлім­жановтың еңбегін үнемі жоғары бағалайды. Нәтижесін­де, жыршы ағамыз Қырғыз Рес­публикасының «Достық» ордені мен халықаралық «Саяқбай манасшы» медалінің иегері атанды. Бүгін арамызда Қырғыз Рес­публикасының Қазақстан­дағы Елшілігінің өкілдері және қырғыз ағайындарымыз отыр. Олар Баянғали ағамызға қолдау көрсетіп арнайы келді. Бүгін қос ұлтты рухани байы­та түсетін, тыңдарманға жақсы әсер сый­лайтын тағылымды кеш болады деп сенемін», деп сөзін түйіндеді.

Жыр кешіне арқау болған «Манас» эпосы – түркі жұрты­на ортақ айрықша дас­тан. Мұн­дай телегей теңіз эпика­лық ескерткіш әлемде сирек. Дастанның үш бөлімі («Манас», «Семетей», «Сейтек») 1930-1947 жылдары Саяқбай Қаралаевтан 500 553 жол жазып алынса, екінші бір манасшы Сағымбай Орозбақовтан көлемі 250 мың жол мұра қалыпты. Ал Қытайда өмір сүрген манасшы Жүсіп Мамайдан жазып алған жыр нұсқасы Үрімжі қаласында 18-том кітап болып жарияланған.

Эпос туралы жыршы Баянғали сөзімен айтсақ, жырды қарасөз сияқты сыдыртып оқу мүмкін емес. «Санаңа сіңіп, бойыңа дарыса өзінен өзі көмейіңнен жыр болып төгіледі. Дастанда оқыған адамның рухын оятатын кілті бар. Бұл – жанды эпос. Құпиясы көп. Жырды негізінен жаттап айтпайды, жан дүниеңе сіңгеннен кейін өзі-ақ жанартау­дай атқылайды», дейді жыршы ағынан ақтарылып.

Баянғали жыршының пікірін­ше, «Манас» жырын Алаш құн­дылықтарынан бөліп қарауға болмайды. Себебі, осы мұрада Алаш пен қазақтың этногенездік құрылымына негіз болған ру-тайпалардың атауы ұшырасады. Бұл эпос­тың әлемге танылуына қазақ туған­дардың да үлесі бар.

Келесі кезекте жыршы тың­дар­ман­дардың сұрауы бойынша, «Манас» эпосы­ның бірінші кітабының мазмұнына сәйкес, қойылған тақырыптық сұрақ­тарға жырмен жауап қатып, көпті таңдандырды.

Баянғали Тақанұлы «Манас­ты» тек жырлап жүрген жоқ, оны насихаттаушы да. Айталық, бұл эпостың толық сарапталған нұсқасы 1958 жылы қырғыз тілін­де төрт том болып шығып, іле-шала кітап 1961 жылы Мұхтар Әуезов­тің алғысөзімен қазақ тіліне аударылып, 4 кітап болып басыл­ған. Одан бері алпыс жылдай уақыт өтіпті. Бұл кітаптар қазір қолға түсе бермейді. Осы олқы­лық­тың орнын толтыру үшін жыр­шы ағамыз 2021 жылы төрт кі­тап­тың қысқарған емес, қысыл­ған нұсқасын 396-беттік бір кітапқа сыйғызып, жарық­қа шығарыпты. «Бұл туынды­ның ерекшелігі – жырдың ру­хын сақтай отырып, бірнеше та­рауды өзім қостым. Қара сөз­бен түйіндеп отырдым», дейді жыршы.

«Манас бабамыз екінші рет түсіме кірді. Манастың күмбезінің қасында Құран оқып отыр екенмін, қара сауыт киген, атты әскері­мен қасымнан риза болғандай өте шықты. Бұл сөзге өз басым сенемін. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің жазуынша, қырғыз жомықшыларының арасында жырдың даруына, жырдың қонуына сенушілік бар. Олар  «Манасты» нағыз майталман тәңірі бойына дарытқан адам ғана айтады дейді. Мысалы, Сағымбай жыршының ұстазы – Тыныбек. Осы кісіні «уақытында салық төлемедің» деп ұлықтар қамап тастапты. Босап шыққаннан кейін бір танысының байталын сұрап, мініп ауылына қайтады. Жолай Тосор деген елсіз жерге түнейді. Ұйықтап жатып түс көреді. Қырық шорасы қасында Аққұла атына мінген Манас батыр Тыныбекке бал ішкізеді. Оянса түсі екен. Кеудесі толған жыр. Оны ауылына келіп ұзақ түн жырлайды. Сөйтіп Тыныбекке жыр қоныпты. Мұны маған Тыныбекті көзі көрген Ыбрай Әбдірахманов деген мұғалім айтып берді. Кейін білсем, мұндай түсті Сағымбай да, тіпті Саяқбай Қаралаев та көрген екен», деп қорытындылады осы жиынды қазақ манасшысы.

Іс-шараға Парламент депутаттары, Қазақ­станның халық жазушысы Төлен Әбдік, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Абдрахманов, Дархан Мыңбай, профессор Серік Негимов бастаған зиялы қауым, Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің өкілдері, Қырғыз Республикасының Қазақ­стандағы елшісінің кеңесшісі Заравшан Курамаев, қырғыз этномәдени бірлестігінің, қоғамдық ұйымдар­дың өкілдері, тағы басқалар қатысты.