ФОТО: baq.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы бастамашылық еткен саяси реформаларының негізгі нәтижесі деп 19 наурызда өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлауды және 5 қарашада өткен аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің қанатқақты сайлауын айтуға болды.
Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеевтің айтуынша, дәл осы екі науқан ЕИИ-дің әлеуметтану зерттеуінің негізгі объектісіне айналды.
«Зерттеу аясында аралас сайлау жүйесін енгізу туралы қоғамдық қабылдау деңгейі анықталды. Депутаттарды сайлаудың жаңа форматы туралы білетіндердің көбі (77,3%) мұндай реформалар Қазақстандағы демократияның дамуына ықпал ететінін мәлімдеді. Осылайша, жаппай сауалнамалардың нәтижесі бойынша аралас сайлау жүйесін қоғам мақұлдап отырғанын байқауға болады. Бұл ретте партия кандидаттарына қарағанда өзін өзі ұсынушыларға қолдау деңгейі сәл жоғары екені тіркеледі», деді О.Селтеев.
Еуразиялық интеграция институтының мәліметтеріне сәйкес, отандастарымыз Парламент Мәжілісінің жаңа құрамынан және барлық деңгейдегі депутаттардың жұмысынан олар әлеуметтік проблемалардың мәнін зерттеп, зерделейтініне (36%), азаматтардың мүдделерін қорғауға (31,5%) және халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға (29,7%) жұмыс істейді деп сенеді.
«Сауалнамаға қатысқандардың бестен бірі жақсы нәтижеге үміттенеді, бірақ бір нәрсе болжауға әлі ерте деп санайды (20,5%). Респонденттердің тағы бір бөлігі депутаттардың электоратпен жұмыста және өзара іс-қимылда қолжетімділігі мен ашықтығына үміттенеді (17,8%). ЕИИ жүргізген жаппай сауалнаманың нәтижесіне сәйкес, отандастарымыздың басым көпшілігі (83,9%) аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау туралы идеяны қолдайды. Бұл азаматтардың мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысудың қаншалықты маңызды екенін мойындау ретінде түсінуге болады», деді О.Селтеев.
Оның сөзінше, бұл қоғамның ашық болып, адамдардың шешім қабылдау жүйесіне деген ұмтылысының артып келе жатқанын көрсетеді. Мұнда азаматтар жергілікті атқарушы билік басшыларының таңдауына тікелей әсер ете алады.
«Ал сайлау туралы ақпаратты алу жағына тоқталсақ, азаматтар ақпаратты әлеуметтік желілерден (43,5%), теледидардан (32,6%), мессенджерлерден (20,5%) және жаңалық сайттарынан (20,2%) біліп отырған. Бұл ақпараттың негізгі көзі ретінде әлеуметтік медианың дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда біртіндеп басым болып бара жатқанын тағы бір рет дәлелдейді. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын қолдау халық арасында жоғары деңгейде екенін көрсетті. Осылайша азаматтардың 90,7 пайызы сайлауды ұйымдастыру үдерісіне қанағаттанғанын атап өтті», О.Селтеев.
Институттың ғылыми-теориялық талдау және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Арман Ешмұратовтың айтуынша, отандастарымыздың 60 пайызға жуығы сайлауды қандай да бір түрде бақылаған. Ал әрбір үшіншісі сайлауды мұқият қадағалағанын жеткізген.
Респонденттердің 29 пайызы саясаттан тыс болғандықтан сайлау үдерісіне қызығушылықтың төмендігін атап өтті. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, халық электоралды контентті көбіне әлеуметтік желілер арқылы алады, яғни 52,3 пайызды құрап отыр. Респонденттердің 51,4 пайызы сайлау үдерісін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бақылаған.