Жақында грек-рим күресінен ұлттық құрама Тбилисиде өткен “Алтын Гран-при” халықаралық турниріне қатысып қайтты. Бұл бәсекеде бас бапкер Мұратбек Қасымхановтың жігіттері жақсы белдесіп, бір алтын, бір күміс және екі қола медальді жеңіп алды. Осыған байланысты біз Грузиядан келген ұлттық құраманың бас бапкерімен кездесіп, балуандардың қазіргі бабы, еліміздегі грек-рим күресінің жағдайы жөнінде әңгімелесуді жөн көріп едік.
– Алдымен Грузияда өткен турнир жөнінде айтып берсеңіз. Онда қазақ балуандары қалай күресті?
– Бұл турнир халықаралық Күрес түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен жыл сайын Олимпия ойындарының чемпионы Гиви Картозия мен әлемнің екі дүркін чемпионы Вахтанг Балавадзенің жүлдесі үшін өткізіледі. Оның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қомақты сыйақы беріледі. Міне, осы сында біздің балуандарымыз бір алтын, бір күміс және екі қола медальді жеңіп алды. 66 кило салмақта Айбек Еңсеханов алтын жүлдені, дәл осы салмақта белдескен тағы бір балуанымыз Дархан Баяхметов қола жүлдені, 74 кило салмақта кілемге шыққан Асхат Ділмұхамедов күміс медальді иеленсе, Роман Мелешин үшінші орынды қанағат тұтты. Жалпы, біз бұл турнирге жақсы дайындықпен бардық. Оған қатысу үшін демеушілеріміз көмектесті. Олар болмаса, біздің күрестің жағдайы қиын болар еді. Осы жеңістердің бәрі солардың арқасында келіп жатыр.
– Мұның алдында Үндістанда өткен Азия чемпионатына, басқа да халықаралық жарыстарға қатысып қайттыңыздар ғой. Осыларға балуандарды іріктеу қалай жүргізіледі? Бокс сияқты екі-үш құрама бар ма?
– Ондай құрамалар болашақта болады. Ал ауыр салмақтағы балуандар тапшы. 120 килода Нұрмұқан Тінәлиев, 96 килода Әсет Мәмбетов, Марғұлан Әсембеков, Ерұлан Ысқақов, 84 килода Алзахор Өздиев, Жаңаберген Қабдешев, Андрей Самохин бар. Біз оларды өздерінің арасында күрестіріп, жарыстарға апарамыз. Ауыр салмақта балуандарымызға демеушілер болмаса, жағдайымыз қиын болар еді. Тағы да меценаттарымызды айтқым келеді. Осы жерде Марат Тұрлыхановтың көрсетіп жатқан қолдауын айтар едім. Қазір ол өзі демеуші болып, жаттықтырушылар тауып, балуандарды Ресейге апарып жүр. Ал Ресейде кез келген балуанға есік ашық емес қой. Өйткені, олар өз тактикаларын ешкімге көрсеткісі келмейді. Дәулет Тұрлыхановтың да еңбегі көп. Ол кісі Ресейдің Күрес түрлері федерациясының басшысы Михаил Мамиашвилимен сөйлесіп, екі балуанымызды Мәскеуге жаттығуға жіберді. Қазір Әсет Мәмбетов пен Нұрмұхан Тінәлиев сонда жаттығып жүр. Ал кіші салмақтарда құрамалар бар.
– Күреске ауыл балалары көп келетіні белгілі, олардың арасында оң нәтижелер көрсетіп жүргендері бар ма?
– Қазір күрестегі балуандардың бәрі ауылдан шыққандар. Олар ауылдан спорт мектептеріне келеді. Сонда білім алып, жаттыққан соң, жарыстарға қатысады. Сол жарыстарда көзге түссе жастар құрамасына алынады. Егер одан бірінші болып жатса, Олимпиялық орталыққа барады. Содан кейін ол жерден ұлттық құрамаға ілігеді. Оған ұтып, ұтылып жүргендер іліге бермейді. Уақытында жаттығып, режім сақтап, тұрақты нәтижелер көрсетіп жүргендер ғана алынады. Біз ешкімнің әдемі көзіне, жақсы мінезіне қарамаймыз. Мінез деген мамандық емес. Сосын мына бала ұтты екен деп құрамаға алмаймыз. Біз оны әбден тексеріп, ақылына қарап аламыз. Өйткені, оған әрқашан бәсекелес балалар табылады.
– Бапкерлер мен балуандар арасында тығыз байланыс бар ма? Олар қандай ақыл-кеңестерін айтады?
– Бізге атақты бапкер Вадим Псарев әдістерін көрсетіп тұрады. Өзіміз де ол кісімен жиі хабарласамыз. Бағымызға жолыққан, қазақтың маңдайына бұйырған Дәулет Тұрлыхановты жақсы білесіздер. Ол кісінің қаны қызып кете ме, кейде өзі костюмін шешіп, кілемге шығып кетеді. Осы мамандар жаттығу залдарына келсе, балуандардың рухы көтеріледі. Соны бір жетідей ұмытпай, айтқан ақылдарын, кеңестерін қайталап жүреді. Мысалы, Дәулет Болатұлы шетелде ме, қай жерде жүрсе де, түн ортасында да телефон соғып, балуандардың салмағын, жағдайын сұрастырып, мына бала былай болып жатыр, оған көмектесу керек деп жатады. Ал Бекзат Сарманов федерация тарапынан балуандарға қаржылай көмек беріп жатыр.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ӘРКІМ БОЛМАЙДЫ
Бүгін Оңтүстік Африка Республикасында жер-жүзінің барлық халықтары жақсы көретін футболдан әлем чемпионаты басталады. Оның алғашқы матчы Йоханнесбургтің 95 000-ға жуық адам сиятын “ Соккер сити” стадионында алаң иелері мен Мексика құрамаларының арасында өтеді.
Бұл кездесудің бұрыңғы Кеңес Одағының құрамында болған елдер үшін бір ерекшелігі, матчта ФИФА-ның өзге өкілдерімен бірге Азия атынан өзбекстандық Равшан Ирматов та төрелік жасайды. Кездесуде ол қапталдағы төрешінің міндетін атқарады. Равшан әлем чемпионаты тарихында биылғы бәсекенің ең жас төрешісі болайын деп тұр. Оның жасы – 32-де, ал чемпионаттың ең жасы үлкен төрешісі 42 жастағы итальяндық Роберто Розетти болмақ.
Қазір әлем чемпионатына 2,2 млн. билет сатылыпты. Мамыр айында дейін ФИФА билеттерді интернет арқылы саудалаған екен. Сонда қанша билет сатылды дейсіздер ғой, бар болғаны – 500 000 билет. Соны ескеріп, трибунаның бос болатынына қауіптенген ФИФА билеттерді екінің бірі интернетке кіре бермейтін оңтүстікафрикалықтарға ашық саудалағанды жөн көріпті. Соның нәтижесінде қазір жергілікті халыққа 925 437 билет сатылса, АҚШ азаматтары 118 945 билет алған екен.
Жалпы, ОАР күнделікті тәртіп мәселесін айтпағанда, әлем чемпионатын лайықты деңгейде өткізуге тас-түйін дайын тұр. Мәселен, дүйсенбі күні полиция 3 200 ағылшын фанатының төлқұжатын тәркілеп алса, 10 аргентиналық жанкүйерді Йоханнесбургтің әуежайынан “бірінші рейспен” елдеріне қайтарып жіберіпті.
Дегенмен, осындай оқыс оқиғалар болып жатса да чемпионатқа келген туристердің көңіл-күйлері көтеріңкі, бәрі де қонақүйлерге орналасып, төрт жылдың басты бәсекесін тамашалауды тағатсыздана күтуде. Қазір олардың бәрін алаңдатып отырған мәселе, биылғы доданың чемпионы қай елдің болатынында. Осы орайда УЕФА президенті Мишель Платини жарыстың бас жүлдесін Бразилия, Испания немесе Англия жеңіп алатынын айтса, Италияның бас бапкері Марчелло Липпи Бразилияның, одан басқа Голландия, Германия, Италия мен Францияның атанатынына сенімді. Ал Португалияның бас бапкері Карлуш Кейруш әлем чемпионы Аргентина болады деген пікірде.