Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2023

Қыс сынағына төтеп берсе игі

114 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Керекудегі автожолдардың күтіміне жауапты мердігер компаниялар қысқы уақытқа сақадай саймыз деп отыр. Қараша айынан бері өңірде ақ ұлпа анда-санда ұшқындағаны болмаса, жолдарды бітеп тастайтын ақ түтек борандар әзірше тіркелмеді. Мамандар негізгі ылғал қаңтар мен ақпанда келеді деп болжайды. Сондықтан жолға қызмет көрсететін ұйымдарды нағыз сынақ алда күтіп тұрған-сынды.

Қыс сынағына төтеп берсе игі

Павлодар облысындағы жолдарды қалып­ты жағдайда ұстауға қазынадан биыл 3,4 млрд теңге бөлінген. Бұл соманың есебінен автокөлік жолдарын тазалау, техникаларды жалға алу, жазда және қыста күтіп ұстау қарас­тырылған. Өңірлік жол қызметінде қазір­гі күні 96 азаматтық қорғаныс құрылымы, 798 қызметкер, 218 инженерлік және 116 автокө­лік техникасы, 1 жол-көпір бригадасы, 18 жол тобы бар. Республикалық маңызға ие жол­дардың жалпы ұзындығы 1 663 шақы­рым­­ды құраса, оның 1 473 шақырымына мер­дігер компания «ҚАЖсервис» ЖШС қызмет көрсе­теді. Ал Павлодар – Астана автожолының ақы­лы бөлігін (191 шақырым) күтіп ұстауға «Яссы Құрылыс» ЖШС жауаптанған. «ҚАЖсер­вистің» жергілікті филиалында 94 меншікті техникасы бар. Олардың қысқа дайындығы 100 пайыз делініп отыр. Сонымен бірге 13 өнді­рістік база мен 10 жылыту пункті даярланып қойған.

«ҚазАвтоЖол» АҚ өңірлік филиалы ди­ректорының орынбасары Алексей Логвинен­коның айтуынша, павлодарлық мекеме өткен қыста жолдарды нормативті тазалау уақытын қысқарту мақсатында бес бірдей құрама жол машинасы мен алты арнайы тиегіш трактор жалға алған. Ал биыл 21 техника сатып алыныпты. Жыл соңына дейін тағы 10 құрама машина жеткізіледі деп жоспарланған.

«Яссы Құрылыс» фирмасының өкілдері 35 арнайы техникамыз бар, Павлодар – Астана автобанының өзімізге тиесілі бөлігін қардан уақтылы тазалап тұруға толық дайынбыз деп білек сыбанып отыр. Бұл аумақта да өн­дірістік базалар мен 2 жылыту пункті дайын. Кәсіпорын қосымша төрт құрама жол машинасын және бір шнекороторды жалға алу тура­лы шартқа отырып қойған. Жолға қызмет көрсететін ұйымдар қысқы уақытқа 15 мың текше метр құм, 1 700 текше метр сепкіш материал мен 4 300 тонна тұзды қоймаларда сақтап отыр. Бұған қоса резервте көктайғаққа қарсы 75 тонна реагент бар.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ақылбек Баяхметов өңірдегі автожолдарда қар басып қалатын учаскелердің саны биыл айтарлықтай азайғанын айтады. Яғни былтыр әлгіндей қауіпті жол бөлік­терінің саны – 257 болса, биыл олар 215-ке дейін төмендеген.

«Павлодар облысындағы жолдар бойын­да бұған дейін 44,33 шақырым қар ұстай­тын қалқандар болса, биыл ол тағы 3 шақы­рымға ұзарды. Республикалық жолдар­дың бойында көбіне темірбетонды қалқан­дар тұрғанын көрген боларсыздар. Облыс­тық және аудандық жолдардың бойында жылжымалы ағаш құрастырмалар қалқан ретінде пайдаланылады. Павлодар – Астана жолындағы бүйір қоршаулар қыста қар бас­пауы үшін алынып тасталды. Ал белдеу қоршаулары қалдырылды. Себебі жолда кейбір автокөліктердің дөңгелектері қысқа сай болмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, жол-көлік оқиғаларын тудыратыны мәлім. Жергілікті жолдардың бойындағы бұталар да тазартылды. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде қар ұстауы ықтимал учаскелер барынша азайып отыр», дейді А.Баяхметов.

Маманның сөзінше, биылғы қыстың ерекше жылы болып тұруы алдағы көктемде бірқатар қауіп-қатерге соқтыруы мүмкін. Күннің біресе күрт жылынып немесе қатты аяз тұруынан топырақ қабаты біркелкі тоң­данбайды. Салдарынан жерде мұз қабат­тары пайда болып, жазғытұрым қар бір­келкі ерімейді. Сәйкесінше, өзен сулары ерте көктемде тасып, су тасқыны жиі болатын аумақтарда қауіпті жағдай қалып­тасуы ықтимал. Тоң болып қалған топырақ қабаты жібігенше біраз уақыт керек. Оның үстіне қазіргі күні облыста тұрақты қар жамыл­ғысы мүлде жоқ деуге болады. Аталған факторлардың барлығы көктемде жағдайды ушық­тыратыны анық.

 

Павлодар облысы