Сенат • 26 Желтоқсан, 2023

Күн тәртібі бекітілді

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат бюросында депутаттар 26 және 28 желтоқсан күндері өтетін Палата отырыс­та­ры­ның күн тәртібін бекітті.

Күн тәртібі бекітілді

Сенат төрағасы осы аптада Палатаның 2023 жылдағы қоры­тынды отырысы өтетінін атап өтті. Алдағы уақытта сена­торлардың өңірлерге сапар­­лары басталады. Мәулен Әшім­­баев кездесулер барысын­да халыққа жүргізіліп жат­қан конституциялық рефор­малар­дың мәнін және Парламент қабылдаған заңдардың негізгі ережелерін жан-жақты түсін­дірудің маңызды екенін айтты.

«Келер жылдың алғашқы күндері барлық депутат өңір­лерге шығады. Осы орайда шалғай елді ме­кендердің тұр­ғын­дарымен және еңбек ұжым­дарымен кездесіп, азаматтарды алаңдатқан мәсе­ле­лер­ді шешуге оң ықпалымызды тигізу аса маңызды», деді Палата спикері.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес 26 желтоқсан күні сена­тор­­лар «Қазақстан Респуб­лика­сы­ның кейбір заңнамалық акті­леріне жер қойнауын пай­далану және экология мәсе­лелері бойын­ша өзгерістер мен то­лық­­тырулар енгізу туралы» заң­ды екін­ші оқылымда қарай­ды. Құ­жат нормалары сарап­тама мер­зім­дерін 8-12 айға қыс­қартуды, әкімшілік шығын­дарды жою­ды және геологиялық бар­лау­дың инвестициялық тар­тым­дылығын арттыру жөнін­дегі шараларды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану сала­сын­дағы заңнаманы жетілдіруді көздейді.

Ал 28 желтоқсан күні өтетін Палата отырысында Сенат депутаты Бибігүл Аққожинаның ант қабылдауы және оны тұрақ­ты комитеттің құрамына сайлау мәселелері қаралады.

Сонымен қатар бұл күні депутаттар «2002 жылғы 7 қазан­дағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төр­тінші хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды. Аталған заңның нормалары Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге және Ұйым хат­шылығының кадр мәселелерін жедел шешуге арналған.

Отырыс барысында «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорт­тық-кредиттік агенттік және шикі­з­аттық емес тауар­лардың (жұ­мыс­тар­дың, көрсетілетін қыз­мет­тердің) экспортын ілге­рі­лету мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң да қаралады. Құ­жат Мемлекет басшысының тап­сыр­масын орындау үшін әзір­­ленді. Ол шикізаттық емес экспорт­ты дамыту және ілгері­лету са­ласындағы ұлттық ин­с­титут мәр­тебесіне ие экспорт­тық-кредиттік агенттік құруды көздейді.

Сондай-ақ Бюро отырысында депутаттар Сенаттың Жобалық кеңсесінің тұрақты құрамы туралы мәселені қарады және Парламент Мәжілісінен келіп түскен заңдар Палатаның тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.