Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметіне қарағанда, кейінгі 5 жыл 9 айда небәрі 6 іс қана қазақ тілінде қаралған. Оның үшеуін Ұлттық қауіпсіздік департаменті тергеген. Жалпы, қазақ тілінде қаралған қылмыстық істердің үлесі – 0,5 пайыз ғана болып шыққан. Бұл ретте шалғайдағы қазағы қалың Уәлиханов ауданының соты мен полиция бөлімінде ғана сәл бетбұрыс бар көрінеді. Ал қазағы көп Айыртау, Ақжар, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың құқық қорғаушылары әзірге әкімшілік және қылмыстық істерді қазақ тілінде қарау жөніндегі семинарларға қатысудан басқа, нақты іске әлі көше қоймаған тәрізді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде құқық қорғау органының өкілі бұзушылыққа жол берген күдіктіге оның сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқығын түсіндіруге тиіс. Ал осы қағидатты сақтамау үдерістік құқық нормасын бұзу болып саналып, шығарылған сот актісінің күшін жоюға әкеліп соқтырады. Алайда іс жүзінде бұл талап әрдайым орындала бермейді. Себебі теріскей өңірлерде қызмет істейтін тергеушілер мен анықтаушылардың, прокурорлар мен судьялардың көбі мемлекеттік тілді жетік білмейді. Мысалы, биылғы жылы бір қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Мағжан Жұмабаев аудандық полиция бөлімінің тергеушісі мен облыстық полиция департаменті тергеу бөлімінің аға тергеушісі мемлекеттік тілге қатысты заң талабын өрескел бұзған. Тергеуші қылмыстық істі заңға сәйкес мемлекеттік тілде қозғағанымен, сол күні-ақ қылмыстық сот ісінің тілін орыс тіліне өзгерту туралы қаулы шығарған. Алайда ондағы: «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық үдеріске қатысушылар қылмыстық сот ісін жүргізу тілін өздері еркін меңгерген орыс тіліне өзгерту туралы өтініш білдірді және аудармашының қызметіне мұқтаж емес» деген сөздер жалған екені кейін сот үдерісінде әшкереленген. Өйткені сотталушы және жәбірленушілер мен олардың заңды өкілі тек қазақ тілінде түсінік берген. Бұған қоса қылмыстық іс материалдарына олардың өздері еркін меңгерген қазақ тілінде жауап беруді қалайтындықтары туралы өтініштері тіркелген. Соған қарамастан тергеуші жауап алу хаттамасын орыс тілінде толтырған. Басты куәден де аудармашының қатысуынсыз орыс тілінде жауап алған. Осыған орай, сот басты куәнің сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген жауабы заң талаптары бұзыла отырып алынғанын ескеріп, оны дәлелдеме ретiнде негізсіз деп тапқан. Сондай-ақ Қылмыстық іс жүргізу кодексін бұзған тергеушілерге және қылмыстық іс бойынша тиісті қадағалау жүргізбеген прокурорларға қатысты жеке қаулы шығарып, тиісті шара қолдану үшін облыстық полиция департаментінің бастығы мен облыс прокурорына жолдаған.
Шынтуайтында, солтүстік өңірлердегі сотқа дейінгі тергеу, прокуратура, сот органдары қызметкерлерінің сот істерін орыс тілінде жүргізуді ыңғайлы көретіндігі белгілі. Өйткені олардың көпшілігі – орта білімді де, заңгерлік мамандықты да орыс тілінде меңгергендер. Оларға сот істерін мемлекеттік тілде жүргізу жөнінде қатаң талап қойылып отыр деу де қиын. Өкінішке қарай, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол берген қазақ азаматтарының біразы орыс тілін жетік білмесе де, тергеушілердің айтқанына көніп, істі орыс тілінде жүргізуге келісім беріп жатады. Істі ана тілінде қарау өзіне қолайлы, әрі мемлекеттік тіліміздің өрісін кеңейтуге септігін тигізетінін ескере бермейді.
Бір қызылжарлық танысым айтады: «Бірде жексенбі күні «Явленка – Петропавл» бағытында жеңіл көлігіммен келе жаттым. Қарсы келе жатқан машина көрінбеген соң жылдамдықты белгіленген мөлшерден сәл асырып жіберіп едім, жол бойындағы бір қалың бұтаның сыртында екі жол полицейі тығылып жатыр екен, екеуі де жолға атып шықты. Біреуінің қолында радары бар. Жақындағанымда ала таяғымен тоқта деген белгі берді. Тоқтадым.
«Сіз жол жүру ережесін бұздыңыз. Біздің машинамызға жүріңіз, хаттама толтырамыз», деді шені үлкені. «Бәленшеке, өзіңе де сол керек...», деп өзімді өзім іштей бір сыбап, жол полицейлерінің соңынан ілестім. Қазақ жігіттері екен. Бірақ менімен де, өзара да орысша сөйлеулеріне қарағанда, ана тілінен мақұрым қалған бауырларым секілді.
Жол полициясы көлігінің кабинасына кірдік. «Аты-жөніңіз?», деді шені үлкен полицей орысшалап. «Мен орысша түсінбеймін», дедім. «Қайдан келгенсіз? Моңғолиядан ба, Қытайдан ба?», деді ол. Түсінбегенсіп, басымды шайқадым. Ол тағы бір-екі сұрақ қойып еді: «Мен орысша не понимайт», дедім. Содан соң полицейлер бір-біріне қарап: «Енді не істейміз?» десіп, бастарын қасып, біраз үнсіз отырды. Сосын шені үлкені: «Бара беріңіз, аға, тек енді жол жүру ережесін бұзбаңыз», деді. Мен тағы да: «Я не понимайт», деп әдейі отыра бердім. Содан кейін шені кіші полицей кабинаның мен отырған жақтағы есігін ашып, «Кете беріңіз» деп, жолдың шетінде тұрған көлігімді нұсқаған соң: «Рахмет, айналайын!» деп, сыртқа шығып, екеуіне ризашылығымды қайта-қайта білдіріп, көлігіме беттедім. Орыс тілін білмегенсудің арқасында айыппұл төлеуден осылай бір құтылғаным бар».
Қызылжар өңірінде жол полицейлерінің біразы қазақша білмейтіндіктен, олардың әкімшілік хаттаманы мемлекеттік тілде толтыра алмайтынын пайдаланып, жол жүру ережесін бұзғаны үшін жазадан осындай қулықпен жалтарып жүрген жүргізушілер саны қанша екені бір Аллаға аян.