Спорт • 27 Желтоқсан, 2023

Тартысқа толы татами

176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында дзюдодан жүлде қоры 100 мың долларды құраған халықаралық «Jenys Cup» турнирі өтті. Ел аумағында тұңғыш рет ұйымдастырылған командалық сайыста 11 мемлекеттен келген 17 клуб күш сынасты. Олардың қатарында дүбірлі додаларда дараланып жүрген белді балуандар да аз болған жоқ.

Тартысқа толы татами

Суретті түсірген – Юрий Беккер

Аталған жарысқа Қазақстан мен Ресейдің төрт клубы қатысса, Франция, Испания, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия, Қырғызстан, Әзербайжан, Беларусь және Тәжікстан бір-бір командадан қосты. Бұл мемлекеттердің барлығында күрестің осы түрінен жеңіспен өрілген бай дәстүрі барын жанкүйерлер жақсы біледі. Сонымен қатар әр команда өз қатарын легионерлермен толықтыруға құқылы еді. Алғашында қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, бір-бірімен шеберлік байқасты. Солардың арасынан суырылып шыққандары жүлделі орындар үшін таласты.

Қазақстанда жасақталған ұжымдар арасында ең жақсы көрсеткішке «Же­ңіс» клубы қол жеткізді. Бұл коман­даның сапында еліміздің танымал балуан­дарымен қатар, әлем мен Еу­­ропаның екі дүркін чемпионы, сол жа­рыстардың күміс жүлдегері Тато Григалашвили (Гру­зия), Азия ойындарының жеңім­пазы Ерлан Ше­ров (Қырғызстан), жастардың әлем бі­рін­шілігінің жеңім­пазы Сабо Ина­нейшвили (Грузия), тағы басқа бір топ легионер өнер көрсетті. Турнир барысында Ис­панияның «Spanish Judo Car-Madrid», Беларусьтің «Stayki» және Моңғо­лия­ның «Genco» клубтарын қапы қалд­ырған жерлестеріміз қола медаль үшін тартыста Ресейдің «Ло­комотивін» 3:0 есебімен ойсырата ұтты.

Чемпиондық атақ үшін айқас Гру­зияның «Shevardeni» мен Тәжікстанның «Hoji Sharif» ұжымдары арасында өтті. Бұл бәсекеде Қап тауы бөктерінен келген балуандар басымдық танытып, бас жүлдені олжалады. Жеңімпаз ко­манданың намысын Георгий Ту­таш­вили, Коте Капанадзе, Заур Двала­швили, Георгий Жабниашвили, Шал­ва Гурешизе сынды саңлақтар қор­ғады. Тағы бір қола медаль Ресейдің «Edelweiss» клубына бұйырды.

Жарыс аяқталғаннан соң, жеңіс тұ­ғырына көтерілген командалар мы­на­дай мөлшерде сыйақы алды: 1-орын – 30 мың, 2-орын – 20 мың және 3-орынды еншілегендердің әрқайсысына 10 мың доллардан бұйырды. Сонымен қатар турнир барысында ай­рықша көзге түскен балуандарға ұйым­дастырушылар тарапынан арнайы жүлделер табыс етілді. Атап айтсақ, Тато Григалашвили «Ең үздік дзюдошы» деп танылды. Грузияның мақтанышы қазақтың атымтай жомарты Бекет Махмұдов атындағы жүлдемен қатар, 10 мың доллар иеленді. Атақты балуан, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы Қайрат Мұқановтың құрметіне тағайындалған жүлде («Үздік әдіс») Коте Капанадзеге, Қанат Байшолақов жүлдесі («Же­ңіске деген жігері үшін») Жансай Сма­ғұловқа, Олимпия ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметовтің жүлдесі Құбанычбек Айбекұлына, әлем чемпионы Максим Раков жүлдесі Дастан Жұмажановқа бұйырды. Олардың әрқайсысы 5 мың долларды қалтасына басты.

Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр­ған жарыстың ашылу және жабылу рәсімінде сөз алған Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуа­нышбек Есекеев, Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңес­шісі Алмаз Әлсенов алдағы дү­бір­лі додаларда қазақ балуандарына сәттілік тіледі.