Спорт • 26 Желтоқсан, 2023

Өрендер жарысы

111 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде «bel-bilek» халықаралық шығыс жекпе-жек фестивалі өз мәресіне жетті. Барлық стильдегі каратэден балалар мен жасөспірімдер арасында өткен додада Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Әзербайжан және Қазақстанның бірқатар өңірінен келген 700-ге жуық спортшы бақ сынады.

Өрендер жарысы

Осы бәсекелер барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген аталған жарыстың басты демеушісі «Халық» қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ғалымбек Жақсылық: «Жастарымызды бала кезінен дұрыс тәрбиелеп, оларға оң бағыт-бағдар беру өте маңызды. Соны қаперге ала отырып, біз жеткіншектерді спорт пен саламатты өмір салтына баулуға бағытталған осы игі іс-шараны қолға алдық. Міне, бүгін каратэшілеріміз Алатау баурайында бас қосып, дүйім жұрттың алдында өз шеберліктерін көрсетуде. Тамырын тереңге тартқан каратэнің өзіндік философиясы мен қағидаттары бар. Ең бастысы, ол адамды ізгілікке, тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді. Осындай баға жетпес құндылықтарды әрқайсысымыз өз балаларымыздың бойына сіңіруіміз қажет. «Халық» қоры осы шарамен ғана шектеліп қалған жоқ. Мәселен, биыл «Ауыл футболы» деген жобаның бас демеушісі болдық. Сол арқылы шал­ғайдағы елді мекендерде тынбай еңбек етіп жатқан 100 балалар жаттықтырушысын УЕФА-ның талаптарына сай D категориясы бойынша оқытып жатырмыз. Сонымен қатар ауылдың 100 командасын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік», деп біраз тартымды әңгіменің тиегін ағытты.

«Қазақстанның барлық стильдегі каратэ федера­циясы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйым­дастырған жарысқа келер болсақ, балғын спортшылар мен жас өрендер арасында айрық­ша шеберлігімен көзге түскендер аз болған жоқ. Солардың арасынан Ясмина Ясинжанова, Алуа Азатхан, Нұртілек Елжанов, Диас Нұрлан, Шапағат Қуандық, Әміхан Еркін, Сырым Асқар, Балауса Қуандық, Аяжан Мыр­захмет және Жангүл Мырзасадық сынды каратэ­шілерді ерекше атап өтуге болады. Олардың барлығы да бас жүлдені олжалады. Сондай-ақ шетелден келген жас жеткіншектердің де біразы өздерін жақсы қырынан көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

«bel-bilek» халықаралық шығыс жекпе-жегі фес­тивалі аяқталғаннан кейін жеңімпаздар мен жүл­де­герлер түрлі-түсті медальды мойнында жарқы­ратса, осы спорт түрін дамытуға елеулі үлес қосқан 50 жаттық­тыру­шыға алғысхат пен естелік сыйлық табыс етілді.