Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қаражаттың там-тұмдап бөлінуі, көліктердің уақтылы келмеуі секілді мәселелер шаруаға тұсау бола берді. 2015 және 2016 жылдары бағдарлама шеңберінде Ұлттық қордан екінші деңгейлі банктерге 26 млрд теңге бөлінді. Шартқа сәйкес елімізде құрастырылған құны 5,6 млн теңгеге дейінгі көлікті азаматтар жылдық 4 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен рәсімдей алатын. Тек жалпы құнның 20 пайызын алғашқы жарна ретінде төлесе жетіп жатыр. Алайда Ұлттық банк жуырда жария еткен зерттеуінде жеңілдетілген автонесиенің отандық автокөлік нарығы үшін тиімсіз болғанын мәлімдеді. Мәселенің егжей-тегжейіне ептеп үңіліп көрейік.
Мемлекеттік қолдау бағдарламалары әлемде кеңінен таралған тәжірибе, соның нәтижесінде экономиканың белгілі бір салаларын дамытуға жол ашылып, ол өз кезегінде экономикалық өсімді ынталандыруға тиіс. Қолдаудың да сан түрі бар – атаулы грант, субсидия, не болмаса жеңілдетілген шартпен берілетін кредит. Әсіресе автокөлік сатып алуды субсидиялау жүйесінің пайдаланылу ауқымы жоғары. Мұндайда субсидия тікелей беріледі немесе автокөлікті несие арқылы сатқан жағдайда пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау ұсынылады.
«Субсидиялар мен жеңілдіктер – мемлекет тарапынан ұсынысты да, сұранысты да қолдаудың кең таралған құралы. Әлемдік тәжірибеде автокөлік құралдарын сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетудің мысалдары жеткілікті. Көп жағдайда мұндай бағдарламалар қаржылық қиындықтарға тап болған халықтың белгілі бір топтарын қолдауға немесе экологиялық таза автокөлікке көшуге және атмосфераға ластаушы шығарындыларды азайтуға бағытталған», дейді сарапшылар.
Бізде жеңілдетілген автонесие бағдарламасы отандық автоөндірісті ынталандыру, халықты елімізде құрастырылған жаңа көліктермен қамтамасыз ету, ескірген паркті жаңалау және қоршаған ортаның ахуалын жақсарту мақсатында қолға алынды. Тиісінше, бағдарлама атаулы емес, оған кез келген азамат өтінім бере алатын және бағасы 15 млн теңгеден аспайтын көліктер сатылымға шығарылды. Бағдарлама жүзеге асқан жылдарға қарап отырып жоба тиімді болды, автокөлік нарығындағы түйткілдерді тарқатты деп айта алмаймыз дейді авторлар.
2019-2020 жылдары бағдарламаға тағы қосымша 40 млрд теңге бөлінді. Жалпы, 2015-2020 жылдар аралығында 82 млрд теңге банктердің еншісіне беріліпті, тиісінше осыншама қаражат 33,9 мың автозаймға айналған. 2022 жылы тағы да 100 млрд теңге Өнеркәсіпті дамыту қоры желісімен берілді.
«Бағдарламада мақсат «отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушы жеке тұлғаларды қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктерді шартты қаржыландыру шеңберінде Қазақстан Республикасында тұтынушылық сұранысты ынталандыру және көлік құралдарын жаңарту жолымен қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған» деп көрсетілген. Осы бағдарлама шарттарының алдыңғы шарттардан айтарлықтай айырмашылығы жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру берілген мақсатты топты анықтау болды. Нысаналы топқа техникалық регламентке сәйкес экологиялық сыныптағы отандық өндірістегі жеңіл автокөлікті сатып алушы жеке тұлғалар жатқызылды. Бұл ретте бағдарламада жеңілдікті кредиттеу бағдарламасына қатысу үшін автокөліктің қандай экологиялық сыныбы болуға тиіс екендігі нақтыланбаған. Техникалық регламентке сәйкес 6 экологиялық класс (0-ден 6-ға дейін) белгіленгенін атап өткен жөн. Бұл ретте көлік құралдары паркін жаңарту есебінен қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға қол жеткізу көзделіп отыр. Осы бағдарлама шеңберінде 2023 жылғы ақпанда револьверлік қаржыландыру есебінен беруді қоса алғанда, 13 мыңнан аса жеңілдетілген қарыздар берілді», делінеді зерттеуде.
2015-2023 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген жиынтық қаржы көлемі – 182 млрд теңге. Револьверлік механизм есебінен берілген займдардың жалпы сомасы 7 жылда 299,3 млрд теңгеге жетіпті. Осынша сомаға 47 297 автомобиль сатылған.
«Жеңілдетілген несие бағдарламасы жүзеге асырылған 7 жылда отандық автомобиль паркінің құрылымы айтарлықтай өзгерген жоқ. Жеңілдетілген автонесие беру ескірген көлік үлесін төмендетуге үлесін қоса алмады. Пайдаланылғанына 7 жылдан асып кеткен көліктердің әлі де сақталып отырғанына қарап, жеңілдікті кредиттеу бағдарламасы шеңберінде қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға қосқан үлесін елеулі деп бағалай алмаймыз. 2015-2016 жылдары іске асырылған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы ғана отандық автоөнеркәсіптің дамуына септесті. Ол елімізде құрастырылған автокөліктерге деген халық сұранысын ынталандырды. Кейінгі жылдары жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында сатып алынған көлік үлесі біршама төмендеп кетті. Автомобиль өндірісі көлемінің өсімі басқалай мемлекеттік қолдау шараларымен ынталандырылды. Атап айтқанда, салық жеңілдіктері және преференциялар, өнім экспортын қолдау шаралары, өнім өндіруге кеткен шығынның бір бөлігін өтеп беру секілді. Бұл ретте, саланы дамытудың көрсеткіші болып саналатын жеңіл автокөлік өндірісі көлемінің оң серпініне қарамастан, жеңіл автомобильдер өндірісіндегі ірі торапты құрастыру үлесі айтарлықтай сақталуда. Жеңіл автомобильдерді өнеркәсіптік құрастыруға арналған импорттық қосалқы бөлшектердің көлемі (шассилер, шанақтар және басқа да шанақ керек-жарақтары) абсолютті мәндерде өсті, бұл ірі өндіріс көлемінің төмендеуін және қазақстандық автоөндірушілердің шағын көлікке көшуін көрсете алмайды», дейді Ұлттық банк зерттеушілері.
2015 жылдан бастап жеңіл автомобильдердің өнеркәсіптік өндіріс көлемі құндық мәнде 14 есе, физикалық көлемде 8,5 есе өскен. 2015 жылы сол жылы өндірілген көліктердің 36 пайызы жеңілдетілген несиелеу аясында сатылса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 79 пайызды құраған. Алайда кейінгі жылдары бұл қарқын өз биігінде қала алмады және 15 пайыздан сол күйі аспады. Аналитиктердің айтуынша, 2015-2022 жылдар аралығында елімізде 357 335 бірлік жеңіл автомобиль құрастырылды. Соның 13 пайызы ғана жеңілдетілген бағдарлама шеңберінде ресімделген. Жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы болған 7 жыл ішінде Қазақстанда тіркелген жеңіл машиналардың жалпы санының тек 1 пайызы осы бағдарлама шеңберінде сатып алынған. Сандарды сарапшылар 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша келтіреді.
Бұл ретте сарапшылар мұндай жеңілдетілген бағдарлама басқа елдердегідей атаулы болуы керек деп есептейді.
«Мемлекеттік қолдау салада, кәсіпорындарда немесе азаматтарда өмірлік циклдің белгілі бір кезеңінде туындайтын қаржылық қиындықтарды жеңуге, жаңа кәсіпорындар жағдайында қалыптасу кезеңінде белгілі бір серпін беруге мүмкіндік беретін атаулы және уақытша болуы керек. Мемлекеттік қолдау өндірушілер үшін де, тұтынушылар үшін де арзан қаржыландыруға қол жеткізудің тұрақты терезесіне айналмауға тиіс», дейді олар.