Айбын • 27 Желтоқсан, 2023

Бакуде ел мерейін асқақтатқан әскерилерге құрмет көрсетілді

93 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігінде Бакуде әскери қызметшілер арасындағы күрестен өткен XXXVI әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткен спортшыларға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Egemen.kz аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бакуде ел мерейін асқақтатқан әскерилерге құрмет көрсетілді

Халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) мен Әзербайжан Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған жекпе-жектерге 18 елден келген 300-ден аса спортшы қатысты. Біріншілік қорытындысы бойынша Қарулы күштердің өкілдері «алтын», «күміс» және екі «қола» олжалады.  

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов спорттағы жоғары жетістіктері үшін Аманғали Бекболатовты «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапаттады. Сәтті жекпе-жек өнерін көрсеткендері үшін спортшыларды құттықтап, құрмет грамоталарын табыс етті.

«Сендердің халықаралық біріншіліктердегі жеңістерің мен жетістіктерің – елдің беделін көтеруге қосқан үлестерің. Армия спортшыларының мықтылығы әскеріміздің мәртебесін арттыруға ықпал етері сөзсіз», деді ол. 

Грек-рим стиліндегі күрестен әскери қызметшілер арасында өткен әлем чемпионатында 55 келіге дейінгі салмақта армия балуаны Аманғали Бекболатовқа тең келер ешкім болған жоқ. Еркін күрестен жарыста 79 келіде екінші орын Орталық спорт клубының спортшысы Рүстем Мырзағалиевқа бұйырды. Қола жүлде иеленгендер – Мейіржан Әшіров (70 келі) пен Дәулет Теміржанов (57 келі). 

Спортшылар да осы мүмкіндікті пайдаланып, ҚР Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштердің басшылығына спортты дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. 

о

Бүгінгі таңда әскери спортшылар түрлі деңгейдегі 140-тан астам іс-шараға қатысты. Жыл басынан бері халықаралық және республикалық жарыстарда ОСК спортшылары 340 медаль еншіледі. Жалпы саны 171 алтын, 82 күміс және 87 қола медаль алды.