– Сотқа дейінгі тергеу барысында Смайылованың “НеМолчиKZ” қорының басшысы екені, сонымен қатар өзін қоғам белсендісі, құқық қорғаушы және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресуші ретінде көрсететіндігі анықталды.
Ол өз қызметін әлеуметтік желілерде кеңінен жариялайды. Алайда Смайылованың көптеген жарияланымдары шындыққа жанаспайды, себебі олар тергеумен расталмаған. Оның жалған хабарларымен құқығы бұзылған азаматтар шағым түсірді. Тергеу мен жүргізілген сот сараптамалары көрсеткендей, “НеМолчиKZ” қорының басшысы тек өзінің субъективті пікіріне сүйене отырып, айыптау басылымдарын жазған.
Смайылова жалған ақпарат таратумен қатар 2021 жылдан бастап, өзі Қазақстан Республикасынан тыс жерде бола тұра, өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін қаражат жинайтындығы туралы жариялаған. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тергеп жатқан алаяқтық бойынша қылмыстық іс аясында ағымдағы жылдың сәуір айында Смайылова Өскемен қаласында кәмелетке толмаған қыздың өзіне қол жұмсағаны туралы жалған мәлімет жариялағаны анықталды. Содан кейін ол қаза болған адамның отбасына көңіл айтып, бұл жағдайды жоққа шығарған полицияға сенбей, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің болғандығын және қыздың ауруханада жатқандығын мәлімдеген.
Алайда бұл жарияланымдардың барлығы жалған болып шықты, өйткені іс жүзінде суицид болған жоқ. Аталмыш кәмелетке толмаған қыз зардап шеккен бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді. Осыған қарамастан, Смайылова жәбірленушінің адвокаты үшін ақша жинау туралы жариялап, сот процесі кезінде 20 млн теңгеден астам қаражат жинаған. Оның аз ғана бөлігін іссапар шығындарына төлеген. Алайда сотта адвокаттың қызметтерін жәбірленуші тараптың өзі төлегені белгілі болды, бұл сотталушылардың қорғаушыларының наразылығын тудырды, – деді ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов.
Алаяқтық бойынша тағы бір қылмыстық істі Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық құрбанына көмек көрсету үшін ақша жинау фактісі бойынша қозғады.
– Бұл жағдайда Смайылова бір отбасындағы зорлық-зомбылық туралы жалған хабарлама жариялап, оқырмандарынан ақша аударуды сұрап, жұбайының Каspi картасының реквизиттерін көрсеткен. Тергеу барысында зорлық-зомбылық фактісі расталмады. Бірақ банк мәліметтеріне сәйкес көрсетілген уақыт ішінде Смайылова тағы да бірнеше миллион теңге жинап үлгерген.
Сонымен қатар соттың санкциясымен алынған банк мәліметтерін талдау барысында Смайылова Қордың қаржылық қызметі реттелетін “Коммерциялық емес ұйымдар туралы” Заңның талаптарын бұза отырып, өзі шетелде бола тұрып, аударымнан түскен ақшаны жұбайының жеке карточкасына алғаны, сондай-ақ ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды.
Алынған дәлелдемелерді ескере отырып, тергеу органы Смайылованың іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі бойынша саралап, 27 желтоқсанда оған іздеу жарияланды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр, – деді Самат Аисов.