Ұлттық кітапхана қабырғасына зиялы қауымды жинаған тағылымды еңбектің таныстырылымына Зұлқия Мұқанқызының өзі қатысты. Қазақ телевизиясының бастауында тұрған оның шығармашылығы мен еңбек жолындағы ерекше сәттері қамтылған кітап алты тараудан тұрады.
«Көзіңнен ұқтым бір сырды» деп аталған алғашқы тарауда Зұлқия Жұматованың әр жылдары баспасөз бетінде жарық көрген түрлі тақырыптағы өлеңдері топтастырылған. Ал «Өмір жыры» атты екінші тарауда автордың әңгіме, мақала, очерктері қамтылса, келесі тарауда З.Жұматованың жұмыстағы қызықты сәттері, хабар дайындау барысындағы ерекшеліктері, ортасымен қарым-қатынасы туралы телевизия саласының ардагерлері Л.Сейітов, Қ.Игісінов, Н.Ахметовалардың естеліктері жинақталған.
Төртінші тарау «Естен кетпес сол бір кез» деп аталыпты. Мұнда диктордың жұмыс барысынан, әріптестерімен бірге өткізген шуақты сәттерінен фотошежіре, З.Жұматованың БАҚ беттерінде жарияланған сұхбаттары енген. Кітаптың «Өмір толқындары» бөлімі тағылымды тұлғаның рухани бастауы, өскен ортасы, ата-ана, бауырлары, ұрпағы туралы сыр шертеді.
«Қара шаңыраққа қайта оралу» деп аталған қорытынды тарауда З.Жұматованың қазақ телевизиясының 50, 55, 60, 65 жылдық мерейтойлық іс-шараларына қатысуы, 100 жылдық мерейтойының қара шаңырақта аталып өтуі, жылы лебіздері, естеліктері, әріптестердің ыстық ықыласы мен қошеметі, естелік суреттер мен көрермендерге берген батасы топтастырылған.
Телевизия қарлығашының өмір өткелдерінен хабар беретін жинақты ұлттық арна қабырғасындағы ізбасар шәкірттері жекелеген демеушілердің қолдауымен жарыққа шығарған. Игі іске мұрындық болған белгілі тележурналист, Ақпарат саласының үздігі Сәуле Жиреншина З.Жұматованың телевизиядағы жарқын жолы кейінгі буынға үлгі-өнеге екенін айтады.
«Зұлқия Мұқанқызының әлеміне енген сайын қазақ әйелінің өткен ғасырда еркін көсіліп шығармашылықпен айналысқанын көрдім, өлең жазып, жүрегін тербеген сырларын жасырмай жарыққа шығарғанын, әңгімелерінен сол қоғамның тынысын айшықтаған, өз пікірін еркін жеткізе білген, жүрегін мазалаған ойларды бүкпеген сыршыл жанның бейнесін тани түсеміз. Ашаршылық пен соғыстың, жетімдік пен жесірліктің зары сүйектен батпандап өткен XX ғасырдағы қазақ әйелінің асыл арманы, мұң-зары Зұлқия апаймен XXI ғасырға ілесіп келгендей. Осынша жүк нәзік әйел жанын қалай езіп жібермеген? Ол жүрегіндегі мәңгі өшпес махаббатпен, Жаратушыға шүкірлігімен, салқар сабырымен бүгінгі күнге жетіп отыр», дейді Сәуле Жиреншина.
Айтулы іс-шарада Л.Сейітов, Қ.Игісінов, З.Елғондиева, Ә.Көпіш қатарлы телевизия ардагерлері автордың кәсіби шеберлігі, қиындыққа толы тағдыр жолы туралы әсерлі әңгіме айтса, Қ.Сәрсенбай, М.Ахетов, Б.Мүрсәлім, т.б. ізбасарлары есімі тұңғыш диктор ретінде тарихқа енген тұлғаға құрмет көрсету кейінгі буынның борышы екенін жеткізді.
Ғасыр ғұмыр кейуананың қайратын алса да, көңіл көгіндегі сезім сәулесіне селкеу түсіре алмапты. Жан дүниесі алтын сандықтай абыз кеуде көргені мен түйгенін шежіредей шертеді. Еңбегін елеп, сый-құрмет көрсеткен ізбасарларына алғысын айтқан Зұлқия Мұқанқызы көпшілікке батасын берді.
«Ең алдымен адам баласының жаны сұлу болуы керек. Жанның сұлулығы деген – ішкі тазалық, жақсы мінез. Жан баласын жатырқамай, жан дүниесіне үңілсең, әр адамның жақсы қасиеті болады. Ойы таза адамның өзі таза, өзі таза кісінің сөзі таза. Адал еңбек етіп, көпшілікті құрметтеңдер. Адамдықтан биік атақ жоқ. Жаңа Қазақстанымыздың көшін алға сүйреген азаматтарға Алла қуат берсін», дейді ғасыр ғұмыр иесі.
АЛМАТЫ