Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«24 қараша күні ұлымның үйлену тойын өткізіп, үйге келсек, терезе шалқасынан ашық жатыр. Үй іші астан-кестең, аяқ алып жүргісіз. Баламның ноутбугі мен айфонын, жинап жүрген қаражаты мен менің қол сөмкемдегі ұсақ-түйек тиын-тебендерімді алып үлгеріпті. Аудандық полиция бөліміне телефон соғып, мән-жайды айттық. Сағат түнгі бірде шақырған учаскелік полиция таңғы төртке таяу келіп, жоғалған заттарды тізімге алып кетті. Не өтініш жаздырмады, не саусақ, аяқ іздерін алмады. Сонда бұл тонау ісі қалай анықталады? Осы жағдайдан соң өзіміздің есіміз ауып қалды», дейді үйі тоналған Дина Нүсіпбекова.
Үй тонау мұнымен бітпеген. Жапа шеккен Дина Нүсіпбекованың айтуынша, іле-шала көршісінің үйінен қымбат бағалы су жаңа телевизорды қолды қылған ұрылар тағы 3-4 үйге кіріп, бағалы бұйымдарын алып кеткен. Сонымен он шақты күннің ішінде бас-аяғы 20-ға жуық үйдің терезесінен түскен кәнігі ұрылардың тайраңдаған бұл әрекетінен шошыған Хасанов көшесінің тұрғындары жиылып, шу шығарды. Олар ауылдық учаскелік полиция қызметкерлерінің өз ісіне салғырт қарағанына ашулы. Бұл мәселеге Алматы облыстық полиция департаментінің басшылығы да бейжай қарамай, шұғыл шара қабылдап, профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Қызылқайрат ауылдық округінің құрамына Шымбұлақ, Алтын дән, Байбұлақ, Алмалық, Амангелді, Рысқұлов, Береке және Орман ауылдары кіреді. 2010 жылғы санақ бойынша халық саны – 17656, округ бойынша 174 көше бар.
«Бүгінде ауылдарда халық саны артып келеді. Жаңа шағын аудандар пайда болды. Соған сай атқарылар жұмыстардың да ауқымы кеңейіп отыр. Екі жыл бұрын Қызылқайрат аулындағы Астана көшесіне қиыршық тас төселсе, өткен жылы Теміров, Розыбакиев, Жандосов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді және Жақанов, Хасанов көшелеріне маршруттық әдіспен жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол жөндеу жұмыстары Рысқұлов, Береке, басқа да ауылдарда атқарылды. Жасыратыны жоқ, 20-30 жыл жөндеу көрмеген көшелер де жоқ емес. Жаңа құрылыстар бойынша 8 көшеге асфальт төселді. Ендігі кезекте электр жарығы тартылады. Соған қарамастан ауыл іргесінің кеңеюіне байланысты мәселенің бірі бітсе, екіншісі туындайды.
Кейінгі екі жылда округте 25-ке жуық көше электр жарығымен қамтамасыз етілді. Ұрлық жасалған Хасанов көшесіне былтыр маршруттық жобамен тас төселіп, 2200 метр жарықтандыруға бюджеттік өтінім берілді. Келер жылы жарықтандырылады. Бұдан өзге Алмалық, Амангелді, Байбұлақ, Алтын дән және Шымбұлақ ауылдарын Талғар топтық суағарына қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Рысқұлов аулының су жүйесін қайта жаңғырту және салу жобасы әзірленіп жатыр. 2023-2025 жылдарға арналған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылқайрат аулына 900 орындық және Байбұлақ аулына 1200 орындық мектептер салу жоспарда бар», деп ауылдың жай-жапсарын тілге тиек еткен Қызылқайрат ауылдық округінің әкімі Азамат Сейітов бейнебақылау камералары әлеуметтік нысандар мен дүкендерде орнатылғанын айтты.
Тоғыз ауылдың басын біріктіріп отырған Қызылқайрат ауылдық округі бойынша 4 учаскелік инспектор жұмыс істейді. Ауылда полиция пункті жоқ. Биылғы 11 айда округ аумағында 31 қылмыс тіркеліп, оның 17-сі ашылса, 14-і әлі ашылмаған. Бұлардың 5-еуі пәтер тонау фактісі бойынша тіркелген. Ауыр дене жарақатын салған 2 қылмыс тіркелген.
«Алатау селолық округі №7 учаскелік полиция пункт тірегінде 3 учаскелік инспектор және бір көмекші қызмет етеміз. Бірақ штат саны аздық етеді. Мұнда 9 ауыл, 27 саяжайдағы халық саны 22 мыңнан асады. Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 10/95 бұйрығына сәйкес әр инспекторға қарайтын халық саны 2 мыңнан аспауға тиіс. Дей тұрғанмен, ауыл тыныштығын күзетуге бар мүмкіндігімізді жұмылдырудамыз. Елді алаңдатып отырған Хасанов көшесіндегі қылмысқа ұрылар «кәсіби» дайындықпен келгені байқалады. Бұл көшеде бұрыннан есепте тұратын немесе қылмысқа бейім адам тіркелмеген. Тұрғындардың барлығы – шеттен көшіп келген азаматтар. Бүгінде тергеу, тексеру жұмыстары басталып кетті», дейді Талғар аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Мадияр Жақабаев.
Ауылдық учаскелік инспекторлардың қарамағында екі қызметтік көлік бар. Оның бірі жаңа болса, екіншісі жөндеуден өткен. Осындай үлкен аумақты қамту үшін штат пен көлік жетіспеушілігімен қатар, рация сынды қарапайым байланыс құралы, сондай-ақ тірек пункті де жоқ. Учаскелік инспекторлар біраз жылдан бері ауылдық әкімдік ғимаратынан орын алып, жұмыс істеп келеді.
Сөз арасында ауыл әкімі Азамат Серікұлы алдағы жылы Талғар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі Қызылқайрат аулынан қызметтік тұрғын үймен қосарланған полиция пунктінің салынып жатқанын, бұл күнде құрылыс жұмысының аяқталып қалғанын алға тартты. Ғимарат пайдалануға берілсе, осы салада 10 жыл қызмет етіп, 3 баламен пәтер жағалап жүрген полиция майоры Мадияр Қалиұлы сынды учаскелік инспекторлардың баспана мәселесі шешіліп те қалар.
Қызылқайрат ауылдық округінде тіркелген үй тонау мәселесіне қатысты Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі төмендегідей мәлімдеме жасады. Онда: «Жыл басынан бері Талғар ауданы Қызылқайрат кентінде 12 ұрлық тіркеліп, 4 ұрлық ашылған. Бұл істер бойынша қажетті тергеу іс-шаралары атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімшесінің басшысы тұрғындармен профилактикалық сұхбат жүргізіп, тұрғындардан өтініштер қабылданды. Барлық көрсетілген мәселе бойынша Алматы облысы ПД бастығының жеке нұсқауымен қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі. Оның нәтижелері бойынша кінәлі тұлғалар заңнамада белгіленген шеңберде анықталып, жауапқа тартылатын болады», деп жазылған.
Алматы облысы