“Нұр Отан” ХДП Көкшетау қалалық партия ұйымында 33 бастауыш құрылым бар. Бұлардың барлығы да халық алдында айта қаларлықтай беделге ие. Әсіресе, “Қазақстан темір жолы” АҚ Ақмола облыстық филиалындағы ұйымның атына жылы лебіздер жиі айтылады.
– Алғашында алтау едік, қазір қатарымызда 215 белсенді мүше бар, – дейді бастауыш партия ұйымының төрайымы Роза Сүлейменова. – Олардың барлығы қоғамдық жұмысқа жүрек қалауымен араласатын, елдің бірлігі мен абыройын, болашағын ойлайтын ізгі ниеттегі жандар. Маған әріптестерімнің қоғамдық өмірдегі соны өзгерістер мен жасампаздық қадамдарға бейжай қарамайтындығы, өздері де даму үрдістерімізге білек сыбана кірісетіндігі ұнайды. Осыдан жеті жыл бұрынғы кеңейтілген мәжілісімізде партия мүшелері “Сандықтау” балалар үйін қамқорлыққа алу жөнінде бастама көтерген болатын. Қазір балалармен арамыздағы түсіністік берік достыққа, бауырмалдық қатынасқа ұласып отыр.
Онысы рас жуырда “Нұр Отан” ХДП бастауыш ұйымының Сандықтау балалар үйіне кезекті қайырымдылық сапарына біз де куә болғанбыз. Оған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин бастаған белді азаматтар да қатысты. Содағы үш пен он сегіз жас аралығындағы жүз елу екі баланың жүзіндегі қуанышты көрсеңіз! Әрине балалар әлеміне базарлықсыз баруға бола ма?! Қонақтардың бұл жолғы қоржыны ауырлау көрінді. Көкшетаулық теміржолшылар биылғы Наурыз мейрамындағы қалалық байқауда жеңімпаз атанып, жүлдеге заманалық теледидарды жеңіп алған еді. Міне, сол қимас бәйгенің бәсі балаларға байланды. Бастауыш партия ұйымы Көкшетау қалалық филиалымен бірлесіп, өзін-өзі басқару құрылымдарын ұйымдастырғаны есімізде. Бүгін Сандықтау балалар үйіндегі “Бірлік” мектеп балалары республикасының жылдық жұмыс қорытындысы шығарылып, шағын мемлекеттің “министрлері” Темірлан Сәрсенбаев, Елена Бестікбаева, Александр Захарченко, Юрий Эрмит, Людмила Оноп марапатталды. Сондай-ақ, “Ақмоланың балғын дарындары” байқауының жеңімпаздары Иван Карманов, Олеся Жақыпова, Екатерина Дроздецкая және Делфийлік ойындардың қола жүлдегері Санжар Рыдун құрмет грамоталарымен атап өтілді. Арнайы жобаны ұйымдастырушылар ешкімді де сый-сияпатсыз қалдырған жоқ. Балғындардың барлығына ой-өрісті кеңітетін ойындар, ойыншықтар, киім-кешектер тарту етілді. Ал, оқу құралдары “Мектепке жол” дәстүрлі акциясы аясында берілмек.
Роза Арыстанқызы Ақмола темір жол бөлімшесінің бастығы Вячеслав Мироновтың арнайы бұйрығын оқығанда балалар мәз-мейрам болды. Қуанатындай-ақ жағдай екен. Мектепті биыл бітіретін жеті түлек теміржол жүйесі бойынша тегін оқытылып, оны бітірген соң жұмысқа орналастырылады. Оларды жыл сайын мектеп “министрлері” іріктеп, ұсыныс жасап отырмақ. Сондай-ақ, “Нұр Отан” партиясының ұсынысымен темір жол бөлімінің басшылығы балалар үйінің басқа да мұқтажына жыл сайын 300 мың теңге қаржы аударуға шешім қабылдауы өзгелерге үлгі боларлықтай қадам.
Балалар үйінің директоры Мереке Молдахметов өз әріптестеріне риза сезімін білдіріп, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы Ақмола өңіріндегі алты балалар үйіне түгел қамқорлық жасап отырғанын атап өтті. Сандықтауда жуырда ғана өткен облыстық спартакиадаға нұротандықтардың көмек-қолдауы орасан.
... Осы арада, тақырыпты толықтыру мақсатында, Сандықтау ауданының әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Қанат Сүйіндіков пен облыстық “Үміт” қорының директоры Абзал Башаров сол күні аудан орталығы Балқашын ауылының 17 мүмкіндігі шектеулі баласына ақшалай және құнды сыйлықтар табыс еткенін қосып айтқымыз келеді.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы, Сандықтау ауданы.
КЕЛІҢДЕР, СТРИТБОЛ ОЙНАЙЫҚ БӘРІМІЗ!..
Облыс орталығында жыл сайын қалың жұртшылықтың, жастар мен жасөспірімдердің қолдауына ие болған әртүрлі спорт ойындары өткізіліп тұрады. Дәл бүгін, басталған жаз айының алғашқы күндері қалалық демалыс саябағында ІV Халықтың спорт ойындары салтанатты жағдайда ашылды.
Спорт ойындары мерекесіне ауылдардан жиналған жастарды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Ардақ Торсықбаев құттықтап, алдағы ойындарында жеңімпаз атануларына сәттілік тіледі. Ардақ Қайырлыұлының айтуынша, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өткізіліп жатқан халықтық спорттық ойындарға облыстың аудан, ауылдарынан келген 120 спортшы жас қатысуда. Біздің халықтық спорт ойындарын өткізудегі мақсатымыз ел ішінде, әсіресе, ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. Үш күн бойы, осы саябақта стритбол ойынынан жарыс өтеді. Жарыс жеңімпазы шілде айында Орал қаласында өтетін республикалық жарысқа қатысуға жолдама алады.
Стритбол баскетбол ойыны сияқты, бір ерекшелігі мұнда допты бір дөңгелекке түсіреді, көп орын керек етпейді, ойнауға ыңғайлы қарапайым ойын, аулада, есік алдында ойнай беруге болады. Бұл – стритболшы ауыл жастарының да қатары көбейіп келеді деген сөз. Команда төрт адамнан жасақталады. Қыздар және ұлдар болып ойнай береді. Әрине, әркім өз командасы үшін. Олар жыл сайын осы ойынды ойнап жаттығып қалғандарын айтады.
Біз ойын басталмас бұрын стритболшы ауыл жастарымен әңгімелестік. Облыстағы Железинка ауданынан келген Александр Бундерлихт, Павлодар ауданынан апалы-сіңлілі Вера және Валя Злобиналар, Максим Сагайдак, Әсел Мұхтарова, Анастасия Мартынова, Ерлан Айтуғанов стритбол біздер үшін шынында нағыз спорт ойыны, біз жаттығамыз, шынығамыз, күштіміз, ептіміз, біз бәріміз доспыз, өйткені, командамызда әртүрлі ұлт өкілдерінің балалары бар, бір-бірімізді спорт тілімен ұғынып, жыл сайын осы ойында бас қосып, бір демалып қаламыз. Облыс орталығына келгенге дейін біраз уақыт дайындалдық. Жеңіске жетіп, жүлделі болғымыз келеді. Спорт басқармасындағы аға-апайлар болсын, ауылда болсын біздерді “стритболшылар” деп атайтыны ұнайды, дейді.
Олардың спорт киімдері де өздеріне жарасып, сән беріп тұр. Ауылдарында стритбол ойнайтын достары көбейіп келеді екен. Сондықтан олар ауыл және қала жастарын осы бір ғажайып ойынды өздерімен бірге ойнауға шақырады.
Сөйтіп, стритболшылар саябақ ішінде жарысты бастап кетті. Жазғы каниул кезі.Бақ ішінде балмұздақтан бұрын ойынды қызықтаған балалар, жастар көп. Жанкүйерлер дауыстары да шығып жатыр. Спорттық әуендер естіледі. Жазғы саябақта кішігірім олипиада ойындары өтіп жатқандай әсер аласың.
Фарида БЫҚАЙ, ПАВЛОДАР.
ОРТАҚ МАҚСАТ ЖОЛЫНДА
Еліміздің өңірлерінде мазмұны әртүрлі болғанымен, бірлігіміз жарасса бәріміз де жақсы өмір сүреміз деген мақсат біріктірген ортақ шаралар үдерістері жалғасуда.
Қостанай. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов атындағы алаңда қаланың аулалық клубтарының тәрбиеленушілері мен кәсіби шеберлердің қатысуымен арт-фестивальдер өткізілді. Бұл Қостанайдағы бас алаңды шаттыққа бөлеген сәулелі шараға айналды. Сағат 11.00-де ұлтымыздың екінші ұстазы Ыбырай Алтынсарин кесенесінің маңайын абаттандыру мен сәулеттендіруге арналған түрлі қоғамдық бірлестіктер мен мәдениет мекемелері қызметкерлерінің акциясы басталды.
Сағат 13.00-де балалар бақшаларының тәрбиешілері мен Рудный қаласындағы құрылысшылар дайындайтын 5-ші лицейдің оқушылары кәсіпкерлердің көмегімен балалар алаңын ашты. Сондай-ақ осы жерде қаланың бөбектеріне астықтың қалай өсіп, жетілетінін көрсетуге арналған ауыл шаруашылығы көрмесі ұйымдастырылды. Барлық шаралардың қатысушылары да: “Біз бір командамыз, бірлігіміз жарасса бәрін де жеңеміз!” деген ұрандарды қайталаумен болды.
Бұл акциялар Қазақстанның Азаматтық альянсының “Бірлігіміз жарасқан!” және “Біз – бір командамыз” атты әлеуметтік ақпараттық науқанының шеңберінде өткізілді. Жалпы, еліміз бойынша осы күнге дейін осындай 25 шара ұйымдастырылды. Соның ішінде Теміртау қаласында спорт алаңы қалпына келтірілді, Павлодарда “Мейірімділік мектептері”, Астанада “Балам-ай”, Алматыда “Естелік вахтасы”, т.б. өткізілді.
Маңғыстау. Аталған облыстың Таушық ауылында да Азаматтық Альянстың бастамасымен тәжірибелі бизнесмендер жас отбасылары үшін шебер-сыныптар өткізді. “Отбасы бизнесін құру – ол өте перспективалы іс. Біз істі қалай бастауды 12 отбасына ғана емес, барлық отандастарымызға көрсетеміз. Бәріміз іспен айналыссақ – тату-тәтті өмір сүруіміз де жалғаса беретін болады!” деді акцияны ұйымдастырушылар.
Шараға қатысушылар Айгүл Медиманованың тігін ательесі мен Меделбай Арыновтың балық шаруашылығы кәсіпорнына барып, олардың бизнестерінің жүруімен танысты. Бірлігіміз жарасып, бір іспен айналыссақ, бәріне де қол жеткізе аламыз. Тек қажырлылық пен ниеттестік керек. Жергілікті билік бөлінген қаражатты қолдау шараларына дұрыс жұмсаса болды, деді істері оңға басқан бизнесмендер.
“Егемен ақпарат”.
“АЛТЫН ЖҮРЕКТІҢ” ЖЫЛУЫ
Өмірде алуан тағдырлы адамдар кездеседі. Кім-кім де тағдырдың маңдайға жазылғанынан қашып құтыла алмайтыны анық. Әрине, пешенесіне мүгедектікті душар еткендердің қиындыққа мойымай, өмірге іңкәрлігін жоғалтпауы айналасындағы адамдарға да, ағайын-туыстары мен жолдас-жораларына да байланысты. Басыңа іс түскенде жүрегінің жылуы мол жандардың қолдау-көмегі қаншалықты күш беретінін мүмкіндігі шектеулі жандардан артық кім біледі. Біздің қаламызда да мүмкіндігі шектеулі көптеген адамдар тұрады. Оларды тағдыр салған қиындықпен бетпе-бет қалдырмай, ерекше қамқорлыққа алып жүрген жандар да баршылық. Олар – осындай қамкөңіл жандардың ата-аналары, жақын-жуықтары, достары. Кейде ондай адамдардың демалысын ұйымдастыратын, араласып көңілін демейтін еңбегіне ештеңе дәметпейтін волонтерлер де кездеседі.
Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі балалар өсіріп отырған отбасыларды қолдау мақсатында осымен төртінші рет “Алтын жүрек” фестивалі ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі балалар жыл сайын жиналып, өздерінің өмірге деген құштарлығын қанаттандырып жүрген асыл жандарға алғыс сезімін білдіруді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл жолы олар Ретро паркте бас қосты.
Қоларбаға таңылғанына қарамастан, азаматтық белсенділігімен көрініп, мүгедек жандардың өзекті мәселелерін шешуге бастамашы болып жүрген Ақтөбе қалалық сал ауруларына шалдыққан азаматтар қоғамының төрайымы Құралай Бәйменова мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге құштарлығына тәнті екенін білдірді. Олардың арасында “Көгілдір құс”, “Екі жұлдыз” байқаулары өткізілгенін, оларға мүмкіндігі шектеулі балалардың белсенділікпен қатысқанын айтты. Қоларбаға таңылған Олесяның анасы Валентина Баранова Ресейддің өзінде мұндай қоғамның, волонтерлердің жоқтығын тілге тиек ете келіп, бүгінгідей кездесуді ұйымдастырып, жарымжан балалардың өзара жолығысуына мүмкіндік туғызғандарға аналық алғысын жеткізді. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Элеонора Бектібаеваның “Д.А.Р.” волонтерлік клубына келуіне дос қызының апатқа ұшырап сал болып қалуы себепші болыпты. Досына барып жүріп басқаларымен де араласуды, жолығысуды жөн санаған Элеонора Бектібаева қазір өзіне көп достар тапқанына, олардың ауыртпалығын сәл де болса жеңілдеткеніне қуанышты. Оның “Д.А.Р. “волонтерлер клубына барып жүргенініне 1,5 жылға жуықтапты. Осындай басқосуларда өмірдің мағыналы жақтары көбірек айтылатыны белгілі. Мүмкіндігі шектеулі жандар бәріне де риза, дегенмен, автокөлік пен пантус мәселесі шешімін тапса деген тілектері де жоқ емес.
Фестиваль аясында өткізілген шаралардан көңілдері көтеріліп, өзара ой-пікір бөліскен қам-көңіл жандар қайырымды замандастарының жүрек жылуын сезініп, бір жасап қалды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.