Қоғам • 28 Желтоқсан, 2023

«Сотқа шағымданамыз». Мүфтият Құран аяттарын жоққа шығарған адамға қатысты пікір білдірді

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ҚМДБ соңғы уақытта әлеуметтік желіде арнайы діни білімі болмаса да осы тақырып аясында жалған ақпарат таратып жүрген Серік Рысжанов туралы мәлімдеме жасады, деп жазады Egemen.kz.

«Сотқа шағымданамыз». Мүфтият Құран аяттарын жоққа шығарған адамға қатысты пікір білдірді

Муфтияттың мұндай қадамға баруына Серік Рысжановтың «Barys media» ютуб арнасына берген сұхбатының бірінде: «Құранда бес уақыт намаз оқыңдар деп айтылмаған» деген сөзі себеп болып отыр. 

ҚМДБ аталған азаматтың әрекетін қоғамға іріткі салып, алауыздық тудыру деп бағалады. 

Сонымен бірге Қасиетті Құран кәрімде 5 уақыт намаздың парыз етілгені туралы нақты аяттар келтірді: 

«Алла Тағала Құранның «Ниса» сүресінің 103-аятында: «...Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар... Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (өтелсін деп) парыз етілді» деп бұйырған.

«Ендеше, кеш батырып, таң атырғандарыңда (яғни кешкі, түнгі және таңғы намазда) Алланың мінсіз, кемшілік атаулыдан ада екенін айтып жар салыңдар!» («Рұм» сүресі, 17-аят);

«Екінді және түскі уақытта (яғни екінді және түскі намазында) да; көктерде де, жерде де бар мадақ пен шексіз шүкіршілік бір Өзіне ғана тән екенін айтып жар салыңдар!» («Рұм» сүресі, 18-аят);

«Күндіздің екі уақытында (бесін, екінті), сондай-ақ түннің күндізге таяу уақыттарында (таңсәрі, ақшам, құптан) намаз оқы. Шынында, жақсылықтар жамандықтарды (яғни, кішігірім күнәларды) жояды. Бұл – ойланып, ғибрат алатындар үшін айтылған бірер насихат» («Һуд» сүресі, 114-аят).

«Осындай ашық аяттарға қарсы келу нағыз адасушылық деп есептейміз. Еліміздегі әрбір азамат қазақ қоғамының тұтастығын сақтауға мүдделі болуы керек. 

С.Рысжанов өзінің арнайы діни білімінің болмағанына қарамастан Құранды өз бетінше түсініп, мұсылман жамағатының діни сеніміне сызат түсіріп, іріткі салғандығы үшін мұсылман қауымынан кешірім сұрауы тиіс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай шектен шығушылыққа, діни құндылықтарды теріс бұрмалаушылыққа,  парыздар мен діни рәсімдерді жоққа шығарып, қоғамда бүлік пен алауыздық тудырған азаматтардың үстінен сотқа шағым түсіретінін мәлімдейді», деп жазды muftyat.kz