Ал Алматыда Аяз аталардың шеруі өтті. Ертегі әлемінен келген кейіпкерлер шаһар көшелерін шаттыққа бөлеп, қала тұрғындары мен қонақтарына жақсы тілектерін төкті.
Аяз аталар басты жаңа жылдық шырша орнатылған Абай алаңынан бастап, Достық даңғылымен Қабанбай батыр көшесіне дейін шерулетіп, содан кейін Панфилов көшесімен жүріп, «Астана» алаңына дейін барса, бұл орын бекер таңдалмаған, дәл осы жерде 31 желтоқсанда басты жаңажылдық концерт өтеді, содан кейін жаңажылдық отшашу басталады.
«Біз балаларды шаттандыра алғанымызға қуаныштымыз. Қала тұрғындары мен қонақтары шеруге қатысушылармен суретке түсіп, сұрақтарға жауап беріп, өлеңдер айтып, сыйлықтар, тәттілер алды. 60 адамнан тұратын Аяз ата шеруін біз екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз және бұл Жаңа жыл қарсаңында жақсы дәстүрге айналып отыр», дейді Алматы қаласы мәдениет басқармасының өкілдері.
21 желтоқсаннан бастап Абай атындағы және «Астана» алаңдарда күн сайын өнер өкілдерінің, live-бэндтер мен диджейлердің, аниматорлардың қатысуымен концерттер, байқаулар толастаған жоқ. 27-31 желтоқсан аралығында жаңажылдық қысқы фестиваль аясында қаланың әр ауданында концерттер ұйымдастырылады, онда Кенжебек Жанәбілов, Мөлдір Әуелбекова, Өмірқұл Айниязов, Әлішер Қонысбаев, Райым Уайс, Абай Бегей, Асхат Тарғын, Altair & Abbi, Нұрмұхаммед Жақып, Мұхтар Ханзада, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Ақбота-Нұр, Жандос Қаржаубай, Жігер Ауыпбаев, Серік Ибрагимов, Алтынбек Тәшімбетов сынды әртістер өнер көрсетеді.
Өз кезегінде Қазақ мемлекеттік циркі 2024 жылдың 14 қаңтарына дейін Golden Dragon бағдарламасымен балалардың қысқы демалысын барынша қызықты өткізуге барын салады.
Ал Мемлекеттік қуыршақ театрында «Жарқырай түс, Жаңа жыл!» атты бағдарлама қойылымы басталды. Жаңажылдық думаннан Республика сарайы да қалыс қалмай, «Мұзды жүрек» ойын-сауық-танымдық бағдарламасын ұсынса, 3-4 қаңтарда Мұрат Мұтырғановтың «Еліміздің үздік жаңажылдық шоуы» салтанат құрмақ. Ал басты жаңа жылдық тегін концерт 31 желтоқсан күні «Астана» алаңында өтеді.
АЛМАТЫ