Спорт • 29 Желтоқсан, 2023

Жеңісті де жемісті жыл

107 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Спорт саласында 2023 жылды дауыл алдындағы тыныштық деп атасақ, дөп келетіндей. Өйткені келер жылы төрт жылдықтың басты додасы – Олимпия ойындары өтеді. Биыл спортшыларымыз лицензия үлестіретін бірнеше әлем чемпионаты мен Азия ойындарында бақ сынады.

Жеңісті де жемісті жыл

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

  • 2023 жылдың басты спорттық іс-шарасы – Жазғы Азия ойындары. Был­тыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өтуге тиіс болған ірі спорттық бәсе­ке биыл 23 қыркүйек пен 8 қазан ара­лы­ғына ауыстырылған еді. Байрақты бә­се­кеге өз тарихында сегізінші мәрте қа­тыс­қан Қазақстан құрамасы алғаш рет Азия ойындары арқылы Париж Олимпиадасының лицензиясына да таласты. Дүбірлі додаға біздің елдің атынан 524 спортшы қатысып, спорттың 30 түрінен бақ сынады. Олар 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлдеге ие болды. Жалпы, медаль саны көп болғанымен, сапасы жағынан бұл тарихтағы ең нашар Азия ойындары екенін де естен шығармаған жөн. Азия ойындарында тоғыз спорт түрі бойынша Париж Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынып, Қазақстан сапынан Қамшыбек Қоңқабаев, Карина Ибрагимова (бокс), Георгий Борода-Дудочкин, Елена Потапенко (қазіргі бессайыс) жолдама алды.
  • Бокстан мамыр айында Ташкент төрінде өткен әлем чемпионатында Қазақ­стан құрамасы төрт алтын (Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Ас­ланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай) олжалады. Мұндай нәтижеге Қазақстан тек 2013 жылы Алматыдағы әлем бірін­шілігінде ғана қол жеткізген-ді. Таш­кентте Мырзағали Айтжанов баптайтын құ­рама 13 салмақ бойынша 4 ал­тын, 1 кү­міс медаль еншіледі. Бұл тарихи же­ңіс екені сөзсіз.
  • Кейінгі жылдары футболдан ұлттық құрамамыздың жігерге толы жеңісті жолын айтпай өту мүмкін емес. Еуро-2024 турнирінің іріктеу кезеңі аясында жерлестеріміз финалдық кезеңге шықпаса да, алғаш рет 18 ұпай жинады. Өз алаңымызда Даниядан жеңісті (3:2) тартып алуымыз, Асхат Тағыбергеннің қақырата тепкен соққысының UEFA-да үздік гол атануы әр жанкүйердің есінде. Футболшыларымыздың жанкештілігі де жанкүйердің бойына сенім ұялатып, стадионға оралтты. Финляндияға қарсы ойында 30 019 жанкүйер жиналса, бірер айдан кейін Сан-Мариномен болған кездесуде 30 100 жанкүйер матчты тамашалап, рекордты жаңартты.

ьит

  • Футзалдан ұлттық құрамамыз іріктеу кезеңінде алты ойында да жеңіске жетіп, қатарынан 3-мәрте әлем чем­пио­натының финалдық кезеңіне жол­дама алды. Енді отандастарымыз 2024 жылы Ташкентте чемпиондыққа талас­пақ. Естеріңізде болса, 2021 жылы жер­лестеріміз әлем біріншілігінің жартылай финалына дейін жеткен еді.
  • Еркін күрестен еліміз дербес құ­рама ретінде 1993 жылдан бері әлем чемпионатына қатысып келе жатса да, тек 27-әлем біріншілігінде ғана топ жару бұйырған екен. 92 кило салмақта өнер көрсеткен Ризабек Айтмұхан топ жарды.
  • Семсерлесуден шілде айында Ита­лия­ның Милан қаласында өткен әлем чемпионатында 32 жастағы Руслан Құрбанов 243 қатысушының арасынан ел тарихында алғаш рет қола жүлдеге қол жеткізгені де толайым табысымыздың бірі екенін тілге тиек ете кетейік.
  • Спорттық гимнастикадан қыркүйек айының соңында Бельгияның Антверпен қаласындағы әлем чемпионатында Милад Карими көпсайыс бағдарламасында 3-орынға тұрақтады. Ел тарихында 26 жылдан кейін жүлде алған жерлесіміз Париж Олимпиадасының лицензиясын иеленді.
  • Кәсіпқой бокстан Жәнібек Әлім­ханұлы (15-0, 10 KO) WBO және IBO тұ­жырымдары бойынша орта сал­мақ­­тағы әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Бұйырса, келер жылы ол танымал боксшыларға қарсылас атануы әбден мүмкін.
  • Спорттың көлеңкелі тұстарын да айтайық. Латвия мен Финляндия тарапы өз жерінде өтетін әлем чемпионатына Ресей мен Беларусь азаматтығы бар хоккейшілер мен бапкерлерді кір­гізуге тыйым салды. Салдарынан Қазақ­стан құрамасының бапкері Андрей Ска­белка (Беларусь), қос азаматтығы бар Дмитрий Шевченко, Алексей Маклюков, Егор Петухов, Антон Са­гадеев сынды хоккейшілер әлем бірін­шілігіне бару құқығынан айырылды. 2004 жылдан бері Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынғандықтан, құрамадағы швед, канадалық спортшылар да орнын босатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде, Универсиадада жақсы өнер көрсеткен, ел чемпионы атанған «Номад» клубының жат­тықтырушысы Ғалым Мәмбетәлиев ұлттық құраманың тізгінін ұстады. Ол өзіне жақсы таныс Максим Мухаметов, Батырлан Мұратов, Максим Мусоров, Мәди Ди­ханбек, Данил Бутенко, Әли­хан Өмір­беков, Артем Королев, Абай Маң­ғыс­баевты ұлттық құрамаға ша­қырды. Легионерлердің орнын «Ба­рыс» сапынан қосылған Та­мирлан Гайтамиров пен 19 жастағы Дін­мұ­хамед Қайыржан да жоқтатқан жоқ. Осылайша, Әлем чемпионатында 10 хоккейшіміз дебюттік ойынын өткізді. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы үш ойында жеңіліп жа­тып, жеңіске жетті (Норвегия 4:3 (Бул­лит), Словакия 4:3 (Б), Словения (4:3).

Келер жылы хоккейден Қазақстан құрамасынан бөлек, жастар мен жас­өспірімдер құрамалары да жоғары эли­талық дивизионда өнер көрсететінін мақтан етіп айтуға болады.

  • Шахматтан Польшада өткен қыз­дар арасындағы командалық әлем чемпионатында Қазақстан құра­масы ал­ғаш рет жүлдегерлер қата­рынан кө­­рінді. Ко­мандалық әлем чем­­пио­натына еліміз­дің рейтингтегі №1 шах­­­матшысы Жансая Әбдімәлік пен үшінші орындағы Динара Сә­дуа­қасова түрлі себепке байла­нысты бара ал­мады. Олардың орнына Бибісара Асаубаева, Меруерт Ка­малиденова, Алуа Нұрманова, Әмина Қайыр­бекова, Ксения Балабаева, Әсел Серікбайға үміт артылды.

Міне, бұл жыл осындай жеңіс­термен есте қалды.