Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазіргі қазақ, заманындағы қыпшақ даласынан барып Мысырды билеген атақты сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы бүкіл қазақ даласында аталды. Бұған дейін әдебиетте, кинода тұлғасы сомдалған, әлем тарихына ықпал еткен билеуші сұлтан. Әбілмәжін Жұмабаев қазақшалаған Морис Симашконың «Жусан» хикаясында оның өмірін ұстап тұрған жалғыз-ақ сөз екені айтылады. Жалғыз-ақ сөз мазасын алып, жүрегін суырардай сезімдерге бөлейді. Ол қазақтың «Көке» деген ең аяулы әрі қастерлі сөзі еді. Өйткені Бейбарыс көкесінен айырылған күні тағдыры тереңдей түскені һәм туған топырағындағы жусан иісін аңсап өткені шығарманың көркемдік қуатын арттыра түседі.
Бәлкім, осы шығарманы негізге алды, алмады, Бейбарыс тұлғасын елімізге танытқан көркем туындының бірегейі – 1989 жылы түсірілген қазақ режиссері Болат Мансұровтың «Сұлтан Бейбарыс» көркем фильмі. Бұл фильм биыл 4К цифрлық форматына көшіріліп, бастапқы күйіне дейін қалпына келтірілді. Бейбарыстың өзі «Сұлтан жүрексіз өмір сүре алады, бірақ ақылсыз өмір сүре алмайды», дейтін фильмді түсірген режиссер «Жусан» хикаясына сүйенбеді дей алмайсыз бірақ. Бұған дейін Әуезов театры бастап қазақ театрларында қойылып келген жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» пьесасы және бар. 2014 жылы Беларусьта өткен халықаралық фестивальға қатысып, Түркияның Конья қаласында өткен халықаралық фестивальға жолдама алып, беларусь көрермендері де, түрік бауырлар да жақсы қабылдаған қойылым. Әуезов театрының ағылшын тілінде тұңғыш қойған спектаклі. Биыл Махамбет атындағы Атырау академиялық қазақ театрының ұжымы қойды. Сонымен қатар елдегі түрлі мәдени, ғылыми шараларды айтпағанда, ең елеулі оқиға – Мысыр астанасы Каир қаласында Бейбарыс сұлтан салдырған тарихи мешіт қазақ делегациясының қатысуымен қайта ашылды. Аумағы 10 мың шаршы метрден асатын мешіт – Каирдағы ірі, еңселі ғимараттардың бірі. Мысырды батыстан төнген Крест жорықтарынан, шығыстан Хулагу әскерінен және ел ішіндегі діни алауыздықтардан сақтап қалған Бейбарыс бабамызға «Ислам дінінің екінші атасы» деген лауазым берген. Мысырда билік құрған сұлтан тілін, дәстүрін ұмытпай, ұлағаттағаны туралы деректер бар. Жылнамашылар ол сарайда да тек қана ана тілінде сөйлегенін жазыпты.
Қазақ поэзиясына олжа салған қос ақын Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғандарына – 130 жыл. Екеуі де қазақ дүниетанымы мен сана-сезімін өсірген, көкжиегін кеңіткен қос алып. Сұлтанмахмұт тіптен жас кеткен, небәрі 27 ғана жыл өмір сүрген. Мұның он жылын балалыққа қисаңыз, қалған 17 жыл ізденіс әлегіне жете ме, жоқ па? Ізденіс шегінен ұзап шығу мүмкін емес уақыт мұғдарында ақын үлкен әдебиет жасап кеткен. Екі роман, бес поэма. Ұлт руханиятының кәдесіне айналған қаншама жекелеген өлеңдер қалдырған. «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп Алаш гимнін жазған. Елімізде ақынның мерейтойына байланысты ірілі-ұсақты әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Торайғыров оқулары Кереку өңірінде облыстық деңгейде жүзеге асты. Ақын шығармашылығының насихаты әлі де болса жетілдірілуі керек деген ойдамыз. Осыншама әдеби, рухани мұрамен қоса Алашорда үкіметін қолдаушы ретінде де есімі алтын әріппен таңбалануға тиіс емес пе? Бүгінгі жастарға нағыз үлгі етерлік жалынды тұлғаны дәріптей түсу ләзім.
Шығармалары елге тарала бастағаннан қазақ баласын рухтандырып келе жатқан бірегей тұлға, қайталанбас ақын Мағжан туындылары Алаш руханиятының тыңайтқыш құнары іспетті. Ақынның өзін оққа байлап, көзін жойып, шығармаларын оқуға қанша тыйым салып, құртып жіберуге тырысқанымен, халық туындыларын тығылып оқып, сол арқылы көзқарас қалыптастырып, рухани бағыт алғанын аңдау қиын емес. Өзінен кейінгі ақындардың көбі Мағжанға еліктегенін Қасым жырларынан-ақ аңғарамыз. Қасымнан Жұмекен мен Мұқағали үлгі алғанын ескерсек, күллі қазақ әдебиетіне ықпалы айқындалып шыға келеді. Ол бір жағы болса, халық арасына кеңінен тарағанын бір кездері жазушы Кәмел Жүністегінен естігенбіз. Бертінде өмір сүрсе де, ол кісі ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясында болғаны үшін, көзқарастары үшін айдалып, теперіш көргені белгілі. «Мағжанның бір өлеңін Манарбек жыршыдан жазып алғанымды «үш әріп» аңдап, біліп қойыпты» дегені есімізде. Бұл Мағжан ақталғанға дейін де шығармалары халықпен бірге жасап, рухтандыра бергенінен хабар береді. Қазір қазақ даласында Мағжан есімі мен туындылары аталмайтын күн аз шығар.
Биыл ақынның 130 жылдығына байланысты халықаралық жыр мүшәйрасы жарияланып, нәтижесінде «Мағжаннама» поэмасымен Мирас Асан жүлдегерлер қатарынан көрінді. Мұны айтуға себеп – ақын рухы қозғау салып, оған поэма арналғаны, көлемді еңбек жазылғаны – қазіргі әдебиеттің бір парасы Мағжан рухымен тыныстап тұрғанын білдіреді.
Детектив жанрында қалам тербеген жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына байланысты жарияланған проза байқауының нәтижесінде роман жазылғанын атап өтуіміз керек. Бас жүлдесін алған жазушы жас «Егеменнің» тілшісі Абай Аймағамбет детектив жанрында роман жазып шыққаны – айтарлық әңгіме. Аптасына, айына бір роман дүниеге келіп жатқан жоқ. Жылына бір-екі роман жазылып, кітап болып шықса, ол да әдебиеттің аяқ алысын білдіреді. Оның үстіне қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған детектив жанры. Туынды қазақ сөз өнерінің олжасы бола ма, жоқ па, ол басқа әңгіме. Аталған бәйгеде жүзден жүйрік танылған шығарма сол күйі қалған жоқ және. «Мазмұндама» баспасынан кітап болып шыққаны кеше ғана. «Каспи» интернет дүкенінің іздегішінен «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» деп кітап атауын теріп, тапсырыс беріп, алып оқуыңызға әбден болады. Дүниеге келген көлемді туындының дер кезінде тасқа басылып, оқырман игілігіне айналғаны – құптарлық іс.
Айта берсе, көптеген тұлғалардың мерейтойлары аталып, шығармалары насихатталып жатты жыл бойы. Біз солардың арасынан аузымызға түскенін және роман, поэма тудыруға себеп болғандарына ғана тоқталып өттік. Бәрін тізе беру тағы мүмкін емес. Ал «біздерде мынадай бар» деп жаңадан жазылған ол шығармаларды талдау алдағы уақыт еншісінде.