Алаш съезі өткен жер
Қаратөбе – қара шаңырақ, киелі биік деген ұғымды білдіретін байырғы қазақ атауы ғой. Еліміздің жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне енген сақ заманы ескерткіштері – Сегізсай патша обалары алқабы осы Қаратөбе мен Шыңғырлаудың шекарасында жатыр. Оңтүстігінде Атыраудың Қызылқоғасымен, шығысында Ақтөбенің Ойыл, Қобдасымен жапсарлас жатқан киелі топырақта талай тарихи оқиға өтіпті.
1918 жылы ақпан айында Жаһанша мен Халел бастаған қазақ зиялылары дәл осы Қаратөбеде съезд өткізіп, аласапыран уақытта Алаш үшін аса маңызды милиция құру, салық жинау мәселелерін талқылаған екен. Арада он жыл өткенде, 1928 жылы 17 қаңтарда Қазақ автономиялы социалистік кеңес республикасы орталық атқару комитетінің шешімімен құрамында 15 ауданы бар Орал округі құрылды. 15 ауданның бірі – Жақсыбай, Қалдығайты, Сабынкөл, Байғұтты, Бұлдырты және Өлеңті болыстарынан құралған Қаратөбе ауданы болатын. Сол кездегі ауданның жер көлемі – 10,255 шаршы километр болыпты. 1928 жылы ауданда 34072 халық болса, 8116 бас жылқы, 87868 бас ірі қара, 1694 бас түйе, 127939 бас қой мен ешкі есепте тұрған.
Тарихқа көп тереңдемей қысқа қайырсақ, бүгінгі Қаратөбеде кешегі Алаштың ізі сайрап жатыр. Аға буынның ел алдындағы ерлігін кейінгі ұрпақ ұмытпаған. Алаш сиезі өткен мешіт орнында бүгінде ескерткіш белгі орнатылған. 2021 жылы мұнда Алашорда және Қайыржан Хасановтың мемориалдық музей кешені ашылды. Ардагер журналист, Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Қайыржан Хасанов ағамыз бүкіл ғұмырын осы Қаратөбе өңірінің тарихын жинауға, тұлғаларын халыққа таныстыруға арнаған өлкетанушы еді. Ол өмірден өткенде ұлдары Ержан мен Нұржан әке мұрасын шашыратпай, өз қаржысына үлкен музей тұрғызып, ауданға тарту жасады. Бүгінде бұл музей жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін, өңірдің өз тарихымен терең таныстыратын рухани орталыққа айналған.
Айтпақшы, өткен күзде ерекше бір оқиға болды. Қаратөбе ауданының құрылғанына 95 жыл толуына және Күнбатыс Алашорданың Қаратөбедегі съезінің 105 жылдығына орай «Алтын ғасыр» жартылай марафоны өтті. Марафоншылар Жымпиты аулындағы Алаш музейінде тұрған Алаш туын бір-біріне табыс ете отырып, Қаратөбе ауданындағы музейге жеткізді. Бұл елдің көңілін селт еткізген, ерекше әсерге бөлеген оқиға болды. Музейде тұрған Алаш туын көруге ауылдық округтерден мектеп оқушылары топ-тобымен келіп, түрлі іс-шара өткізді.
Тәуелсіздік тартуы
Қаратөбе бүгінде толығымен табиғи газдың қызығын көріп отыр. Аудан бойынша 22 елді мекеннің 13-інде орталықтандырылған ауыз су құбыры бар. Бұл аудан халқының 91,3 пайызын құрайды.
Бүгінде ауданда тіркелген 421 агроқұрылымда 515 тұрғын жұмыс істейді. Жалпы саны 49 273 бас ірі қара, 102 132 бас қой-ешкі, 16 523 жылқы, 19 бас түйе тіркелген. Ауданда асыл тұқымды малмен айналысатын 44 шаруашылықта 7671 сиыр, 120 бас жылқы, 1739 бас қой өсіріледі. Бұның сыртында биылғы жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 113 бас симентал тұқымды сиыр сатып алынды.
«Кейінгі 5 жыл ішінде аудан шаруалары 118 трактор және басқа да 247 техника сатып алды. Сөйтіп, техникалық парк мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасында 35%-ға жаңарды. Ауданда соңғы мәліметтер бойынша 1031 кәсіпкерлік нысан тіркеліп отыр. Өткен 9 айда кәсіпкерлер 196,7 млн теңге жеке инвестиция құйып, 12 жобаны іске қосты. Жаңадан 23 адам жұмыспен қамтылды», дейді аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев.
Қаратөбе ауданында «Қолжетімді тұрғын үй – 2020», «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында 2006-2020 жылдары 136 тұрғын үй салынып, 139 отбасы баспаналы болған. Тұрмысы төмен отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында аудан өз күшімен 13 пәтер салып, мұқтаж жандарға беріпті.
Аудан аумағында тек тәуелсіздік жылдарында ғана салынған білім ордаларына тоқталайық: 1991 жылы Қоскөл ауылдық балабақшасы, 1994 жылы Ақтай аулынан 624 орындық мектеп, 1995 жылы Жусандой аулынан 324 орындық мектеп, 1995 жылы Қарақамыс аулынан 624 орындық мектеп, 2006 жылы Шөптікөл аулынан 345 орындық мектеп, 2009 жылы Үшана ауылдық мектебінің ғимараттары салынған. 2009 жылы аудандық саз мектебі пайдалануға берілді. 2010 жылы 300 орындық Қаратөбе мектеп гимназиясы және 100 орындық «Дарын» интернатының жаңа ғимараты, 2012 жылы типтік үлгідегі 108 орындық Үшағаш негізгі мектебі жаңадан салынды. Ал бүгінде Ханкөл, Соналы, Шалғын елді мекендерінде жаңа мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Әне-міне пайдалануға беріліп, оқушылардың шат күлкісіне толғалы тұр.
Кейінгі жылдары ауданда жол құрылысына да жан бітті. Дәл қазір «Қаратөбе – Жымпиты» тас жолынан Шөптікөл аулына дейінгі 1,7 км, «Самара – Шымкент» тасжолынан Қоскөл аулына дейінгі 9 км кірме жолдарға күрделі жөндеу жасалып жатыр. Ал Қарақамыс пен Сулыкөлде ауылішілік жолдар салынып жатыр. «Кешікпей «Қаратөбе – Қарақамыс» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 30 км-іне күрделі жөндеу басталады», дейді Қадыржан Орынбасарұлы.
Өңірдің өз ұлы
Биыл қараша айында еліміздің әр өңірінде қанатқақты режімде аудан әкімдерін халық тікелей сайлап алған болатын. Мұндай сайлау Батыс Қазақстан облысының үш ауданында өтті. Соның бірі – Қаратөбе ауданы.
Саяси додаға үш адам қатар түсті. Сайлау нәтижесінде Қанат Мұқанов – 557 дауыс, Ермек Сайынов – 448 дауыс, ал Қадыржан Сүйеуғалиев 4 329 дауыс алып, Қадыржан Орынбасарұлы әкім болып бекітілді. Елімізде халық сайлаған тұңғыш аудан әкімі болған соң ба, жаңа басшының қимыл-әрекетінде өзгеріс бар сияқты. Мұны Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, «Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы», дәстүрлі айтыс өнерінің ақберені Шолпан Қыдырниязова да анық байқапты.
«Тұрақтылық пен татулықты ту еткен, бірлігі бекем, тірлігі тыныш, қасиетті Қаратөбенің мәдени-рухани ахуалы қашанда қалыпты. Мен сол үшін туған жерімді мақтан тұтамын, халқының алдында басымды иемін, ниеттеріне, тілектеріне сай адал қызмет етуге тырысып келемін. Салт-дәстүрін сақтаған, өнерлісін жақтаған, баба сенімін ақтаған небір дүлдүлдер дүниеге келген ауданда ұрпақ сабақтастығы тамырын тереңге жайып, нәтижесін көріп отырмыз. Еліміздегі жаңа бастамаларға жерлестерім жатсынбай қолдау білдіріп келеді. Соның бастысы – аудан әкімінің сайлауы ұйымшылдықпен өтті. Нәтижесінде, өзінің өткен тарихында ауданға тұңғыш рет өз кадрымыз билікке келді. Бұдан бұрынғы әкімдер жұмыс жасамады деген ой туындамасын, жалпы халқының ауызбірлігінің мықтылығы болар, жаман әкім болған жоқ, бәрі де өсіп кетті. Дегенмен қазақтың «Өз балаң өзекке тепсең де кетпейді» деген мақалының тегін айтылмағанын мойындадық. Халық пен билік бірігіп кетті. Ойларын ортаға салып, ашық талдау жасалып, шешім шығарылатын болды. «Келісіп пішілген тон келте болмас» деген. Халқы сенім артқан соң, сайланбалы әкім де жауапкершілікпен батылдау болады екен. Жаңашыл, ізденгіш, білікті жастар билікке келуін қолдаймын. Ел болашағының кілті – жастар. Қаратөбеліктер қашанда биіктен көрінетініне сенімдімін, тың талпыныс, ерен еңбек бар жерде жақсылық көп болады», дейді Шолпан Батырқызы.
P.S. Әрине, халық сайлаған әкімнің жұмысына баға беріп, қорытынды жасауға әлі ерте. Дегенмен ел ішіндегі оң өзгерістер көңілге қуаныш ұялатады. Халық сенімі – үлкен мандат. Жаңа сипаттағы басшылар сенім үдесінен шығып жатса, үміттің ақталғаны ғой. Лайым солай болсын.
Батыс Қазақстан облысы