Астанадан Алматыға КС954 рейсімен ұшқалы тұрған 44 жастағы азамат теркеу кезінде жол жүгінде қару мен есірткі алып бара жатқанын жеткізген.
Әуежай қызметкерлері бірден "қауіпті" жолаушы тұрған аймақты қоршауға алып, Мемлекеттік күзет, Ұлттық қаіпсіздік қызметі, терроризмге қарсы орталыққа жедел хабарланды.
- Астана халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметі жолаушының қол жүгін тексеріп, жолаушыны желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырды. Жолаушы желілік полиция қызметкерлеріне берген түсініктемесінде қол жүгінде қару мен есірткі барын әзіл ретінде хабарлағанын жеткізген, - делінген хабарламада.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің нұсқамасымен Астана халықаралық әуежайында дабыл алынып тасталды.
Күдікті аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабы ("Дайындалып жатқан терроризм актісі бойынша жалған ақпарат тарату") бойынша 5 000 АЕК (17 миллион теңгеден астам) көлемінде айыппұл төлейді немесе 5 жылға бас бостандығынан айырылады.