Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қытайға ресми іссапары барысында осынау атаулы жылдың туризм саласына тигізетін септігі мол екенін атап өтті.
«Туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министрлігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз. Үкіметіміз елдегі туризм саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. 2024 жыл – Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын. Әрине, біз отандастарымыздың достас елмен және оның әсем табиғатымен, әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен танысуы үшін Қытайға жиі саяхаттап баруын қолдаймыз», деді Қ.Тоқаев.
Расында, бұл жыл көршімізге еліміздің көрікті жерлерін барынша кеңінен көрсетуге, туристік әлеуетімізді жақсы қырынан таныстыруға зор ықпал етеді. Осы мақсатта Туризм және спорт министрлігі арнаулы тұжырымдама әзірлеп, Қытай мемлекетінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
«Туризм саласындағы 2024 жылдың ең басты оқиғаларының бірі – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болмақ. Іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздің туристік әлеуетін ілгерілету, мәдени тәжірибе алмасу, екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту. Қытайдағы туризм жылы аясында Бейжің қаласында ашылу рәсімі, туризм түрлері (экологиялық, медициналық, агротуризм, қалалық, MICE және ғарыштық туризм) бойынша тақырыптық апталар өткізу, Қытайдың 7 ірі қаласында ТОП-20 отандық дестинациялардың тұсаукесерін жасау жоспарланып отыр. Еліміз ерекше табиғаты, бай мәдени мұрасы және баға қолжетімділігі сияқты көрсеткіштерімен әлемдік рейтингте жақсы орын алады. Біз қолда бар орасан зор туристік мүмкіндіктерімізді толық пайдалануымыз керек. Бұл сөзімізге Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне сәйкес, туризм рейтингінде 117 елден 66-орынға тұрақтауымыз дәлел бола алады», деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Жалпы, Қазақстанда туризм саласының негізгі көрсеткіштері бойынша орташа өсім байқалады. 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,4 млн адамды құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 552 мыңға артық. Ал шетелдік туристер саны 225 мың адамға артып, 835 мың адамды құрады. Елімізде 2019 жылдан бастап Топ-10 басым туристік аумақты дамыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілді.
Осы бағыттағы жұмыстар жаңа жылда одан сайын жандана түседі деген сенім зор. Бұл өз кезегінде елдің атын танытып, сапарлап келушілердің де қатарын арттыра түседі. Бұған, әрине, Қытайдағы қазақ туризмінің жылы да зор үлесін қосатыны сөзсіз. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) аясында Алматы қаласына мәдени және туристік астана мәртебесі берілгенін де ерекше атап өтуге болады. Бұл мәртебе 2023 жылдың қарашасында Үрімжіде өткен «Туризм жылы – 2023» форумында берілді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің бұл отырысында 2023-2024 жылдарға арналған төрағалық Үндістаннан Қазақстанға ауысқаны да белгілі.
Осы орайда өткен жылы Алматыға жолы түскен шетелдік туристердің 70%-ға жуығы ШЫҰ-ға мүше елдерден екенін айта кеткен жөн. Бұл көрсеткіш биыл көтеріле түсуі әбден мүмкін. Себебі бұған алғышарттар жеткілікті. Алматы көрікті мекенге бай, тау кластеріне 20 минутта жетіп баратын ерекшелігімен қоса іскерлік, мәдени және спорттық туризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Бүгінде Алматының 77 елмен 45 тікелей әуе қатынасы мен визасыз режімі жолға қойылған.
Бұл ретте Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы визасыз режім туралы мәлімет бере кетейік. 2023 жылдың 10 қарашасын екі елдің Үкіметтері арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді. Осы келісімнің 1-бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.
Осылайша, екі елдің азаматтары шекарадан өткеннен кейін көрші елде 30 күн сапарлай алады. Жалпы, 6 ай ішінде (180 күн) күнтізбелік 90 күн визасыз режімсіз жүруге рұқсат етіледі. Ал азаматтарға 30 күннен артық болу қажеттілігі туындаса, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Сондай-ақ визасыз режім жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді. Жоғарыда аталған келісім ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына баруға қолданылмайтынын атап өту керек. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 (он төрт) күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет.
Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстанда 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілді. 74 ел үшін визасыз режім жаңартылды. Бұл тізімді 100-ге дейін арттыру жоспарланып отыр.