Жаңа мектеп ғимаратының құрылысына арналған орынды Риддер қаласының әкімдігі анықтайды. Орын әлбетте тұрғындарға қолайлы болуға тиіс. Сонымен қатар қала әкімдігі барлық қажетті инженерлік коммуникацияларды жеткізуді қамтамасыз етеді. Мектептің құрылысын қысқа мерзімде аяқтау жоспарланған.
Меморандумға қол қою барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев әлеуметтік бастамаларды өз мойнына алатын ірі кәсіпорындардың еңбегін ерекше атап өтті.
– Риддер қаласында 16 мектеп жұмыс істейді. Алайда көптеген мектептің қабырғасы өткен ғасырдың 30-жылдары қаланған. Мыңдаған тұрғыны бар қалада соңғы рет мектеп 1974 жылы, одан соң тек 50 жылдан кейін 2022 жылы ғана бой көтерген. Сондықтан заманауи кабинеттермен жасақталып, барлық қажетті заттармен жабдықталған жаңа жайлы мектеп салу – балалар үшін, педагогтер мен ата-аналар үшін тамаша сыйлық болады, – деді Е.Көшербаев.
Экспортқа бағдарланған «Казцинк» сияқты ірі кәсіпорын үшін жаңа мектеп салу – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ғана емес, сонымен қатар компания қызметкерлері үшін қолайлы орта құру мақсатындағы ұзақмерзімді инвестиция.
– Біздің компания қызметкерлерінің жартысына жуығы Риддерде жұмыс істейді. Біз жалпы қаланың дамуына, оның ішінде мамандарымыз бен олардың отбасыларына қолайлы жағдай жасау мәселесіне айрықша көңіл бөлеміз. Бүгінгі меморандум – ірі бизнес пен мемлекеттік органдардың осы бағыттағы тиімді әріптестігінің тамаша үлгісі, – деді «Казцинк» ЖШС бас директоры Александр Хмелев.
Жаңа мектеп салу – орта білім беру ұйымдарында жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құрудың тағы бір қадамы. Оқушылар сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болады. Ең бастысы, қазақ мектебінің мәселесі шешіледі. Естеріңізде болса, үлкен қоғамдық резонанс тудырған «Шаңырақ» мектебінің оқушылары қазіргі таңда №11 жаңа мектепке көшірілген еді.
Айта кетейік, былтырғы тамыз айынан бастап Риддерде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы бір жаңа мектептің құрылысы басталған. Бұл бағдарламаның мақсаты – орта білім беру ұйымдарындағы апатты нысандарды, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою.
Шығыс Қазақстан облысы