Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Одан бөлек, Семей қаласындағы көрнекті мәдени орындардың алдыңғы қатарынан көрінетін Абай облыстық кітапханасына таяуда 140 жыл толды.
Кітапхана тарихына қатысты деректерде көрсетілгеніндей, оның іргетасының қалануына патшалық Ресей кезінде осылай қарай жер аударылған орыс демократтары себепші болған. Яғни XIX ғасырдың екінші жартысында Семейде жазасын өтеуге жіберілгендердің үлкен шоғырының келуі қаланың мәдени-рухани өміріне жаңаша әсер етті. Олардың дені жазасын өтеумен қатар өлке тарихын, қазақ даласының қалыптасу кезеңін зерттеу істерімен де айналысқаны сөзімізді тұздықтай түседі.
Мәселен, 1878 жылы Евгений Михаэлистің басшылығымен Семей қаласында ең алғашқы қоғамдық мекеме облыстық Санақ комитеті ірге көтереді. Біртіндеп Михаэлис пен оның достары сол кездегі Семей губернаторы А.Проценкоға кітапхана ашу туралы ұсыныстарын жеткізген екен. Ұсыныс губернаторға ұнап, оны жүзеге асыруға белсене кіріседі. Сөйтіп 1883 жылдың 3 қазанында (ескіше 11 қыркүйек) саяси жер аударылғандар Е.Михаэлис, В.Филиппов, М.Суворцев, С.Гросс, заңгер А.Леонтьев, суретші П.Д.Лобановский және басқа да зиялы қауым өкілдерінің ұйымдастыруымен Семейдің қоғамдық кітапханасы ашылады. Жаңа мекеменің ірге көтеретіні туралы газетке хабарландыру беріліп, оған қала әкімдігінің шенеуніктері, шіркеу қызметкерлері, қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысқан.
Сөйтіп облыстық Санақ комитетінің қамқорлығымен қызметін бастаған көпшілік кітапхана жеке ғимараты болмағандықтан комитет жалға алып отырған Большевладимир көшесіндегі (қазіргі Абай көшесі) И.Земляницын үйінің бір бөлмесіне орналасады. Е.Михаэлисті құрмет тұтатын И.Земляницын оның өтінішін жерде қалдырмай, ата-анасынан өзіне мұраға қалған үйін кітапханаға жалға берген болатын.
Алғашқы жылы қоғамдық кітапхананың қорында 274 дана кітап болып, 130 оқырман жазылса, екі жылда пайдаланушылар саны 270-ке жеткен. Әр жылдары кітапханаға қала тұрғындары мен жер аударылғандар Н.Коншин, А.Блэк, генерал-губернатордың аса маңызды істер бойынша шенеунігі қызметін атқарған Әміре Айтбакин сияқты зиялы қауым өкілдері қайырымдылық көмек көрсетіп, оның іргелі мәдениет ошағына айналуына ықпал етті.
Бүгінде Абай облыстық кітапханасында 39 кітапханашы еңбек етеді. Олар кітапхана қызметінің келушілер ойынан шығуына қызмет етуге әрдайым әзір. Кітапханаға ұлы Абай есімі 1992 жылдың желтоқсан айында берілген. Жыл сайын мұнда 18 мыңнан астам оқырман келеді.
«Ғалым Қ.Мұхамедхановтың сөзімен айтсақ: «Абай Михаэлиспен бірге Статистика комитетінің жұмысына белсене араласады. Әсіресе Семей облыстық өлкетану музейін ашу және қоғамдық кітапхана ашу жұмысын ұйымдастыру мәселесіне ат салысып, іс жүзінде көмек көрсетеді...».
Расында да Абай ғылым-білімге құмарлығы, кітапқа деген ерекше ықыласы арқылы өзіне Михаэлистей өмірлік досын тапқаны аян. Михаэлис Абайдың ең алғашқы іздену, шығармашылық қалыптасу кезеңінде, оған жол нұсқаушы, адамзат мәдениетінің хабаршысы есепті болды. Сондықтан ұлағатты ұстазы болған оны Абай өмірінің кейінгі шағында: «Дүниеге көзімді ашқан кісі – Михаэлис» деп ризашылықпен еске алып, алғысын білдіріп отырғаны белгілі. Ол туралы Кәкітай да: «Абай әлде бойына біткен өнерін жарыққа шығарып, білдіре алмай кетуге де болатұғын еді. Әгәрда 80-жылында жер аударылып келген Михаэлис деген білімді кісімен таныс болмаса... Бұл Гросс һәм Михаэлис Абайдыкіне қонақ болып келіп-кетіп жүрген. Абайдың ғылымға бетін түзеп жібермекке осы кісілер үлкен себеп болған...» деп ақынның тұңғыш шығармалар жинағына жазған естелігінде атап өтеді. Бұл ойды ғұлама ақынның замандасы, өлкетанушы, священник Б.Герасимов 1920 жылы жазған «Поездка в южный Алтай» жолжазбасында құптайды.
Сол Михаэлис арқылы Абай С.С.Гросс, А.Л.Леонтьев, Н.И.Долгополовтармен танысады. Олар Абайдың 40-тан асып, кемеліне келген, Шығыс, Батыс әдебиеті мен ойшылдарын жақсы білген, қоғамдық қызметке қызу араласып, толысқан шағында таныс болып, оның біліміне, парасатына тәнті болған. Олар Семейде жазасын өтеп қана қоймай, далалы өлкені зерттеу ісімен кең көлемде айналысып, қазақ тарихын, этнографиясын, құқығын, салт-дәстүрін зерттеу жұмыстарына Абайдың ақыл-кеңесін басшылыққа алған. Білімге құмар Михаэлис өзі де көшпелілер әлемінен зор ынтамен көп нәрсе үйреніп, білді. Абай арқылы Шығыс мәдениетімен сусындап, далалықтар дипломатиясы сырына қаныққан», дейді Абай облыстық кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева.
Еуропалық дереккөзде алғаш рет Далалы өлкенің мәдени өміріндегі кітапхананың рөлі мен дана ақынның Семейдің қоғамдық кітапханасының тұрақты оқырманы екенін де жазып тарихта қалдырған америкалық публицист Дж. Кеннан екені мәлім болып отыр. Ол 1885 жылы суретші Фрост екеуі саяси айыптылар көп шоғырланған Сібір өлкесіне жасаған арнайы сапарында Семейде болып, қала орталығындағы шағын ағаш үйде орналасқан кітапхана қорынан батыс ойшылдарының шығармалары мен әлемдік көркем әдебиеттің тамаша үлгілерін көріп, А.А.Леонтьевпен әңгімелесіп, кітапхананы жергілікті қазақтар да пайдаланатынын естиді.
А.Леонтьев Абайды үлкен ой иесі, дана адам, орыс әдебиетін жақсы меңгерген, ол ағылшын ойшылдарын мұқият зерделеп жүр деп жоғары бағалаған. «...Мен онымен екі мәрте әңгімелескенімде Дрепердің «Умственное развитие Европы» еңбегін жақсы игергенін білдім, сізді сендіре аламын», деп Дж. Кеннанды қайран қалдырады. «Жақсыны көрмекке» ниеттеніп, Абаймен кездескісі келгенімен, сәті түспей кетеді.
Кеннаннан кейін өзінің кезекті саяхаты сапарында 1885 жылдың желтоқсан айында Семейде болып, кітапхана мен өлкетану музейімен асықпай танысқан орыстың әйгілі жиһанкезі Николай Михайлович Пржевальский кешкісін офицерлер залындағы мәжілісте: «Бұлар – көңіл аударуға тұрарлық мекемелер, осы мекемелер үшін мен қалаға алғыс айтамын және бұл мекемелердің алдағы уақытта онан сайын өркендей беруіне тілектестік ниетімді білдіргім келеді!» деп өз пікірін білдірген екен.
Ал Абай болса, кітапхананың осындай қазына қорымен танысқан сайын жаңа әлемге енгендей күй кешеді.
«2013 жылы кітапханамыздың 130 жылдық мерейтойы қарсаңында кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы оқыған әдебиеттер әлемін кітапхана пайдаланушыларына жүйелі таныстыратын «Абайдың рухани орталығын» ұйымдастырған болатынбыз. Орталықтағы XVIII ғасырдың соңынан басталып, XIX ғасырда және XX ғасырдың басын қамтыған 5000-ға тарта кітапханамыздың бай сирек кітаптары мен 27 000-ға жуық мерзімді басылымдарының қазына қорындағы асыл жауһарлар ғасырлар сырын бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Қазақ тарихынан ақпарат беретін түркі әлемінің баға жетпес дерек көздері, ғалымдардың зерттеулері «Учёные записки Академии наук Российской империи» (1853,1854), А.Харузин «Курганы Букеевской степи» (1890), қазақ жерін отарлау туралы – «Журнал совещания о землеустойстве киргиз» (1907), «Материалы по киргизскому землепользованию» (1905), бай кен-қазбаларымыз туралы – «О золотых приисках Семипалатинской области», өлкеміздің аң-құсы, флора-фаунасы бейнеленген Семей географиялық бөлімшесінің «Жазбалары...», Абай жайында деректер тіркеген облыстық Статкомитет пен Бастауыш білім беру қоғамының басылымдары мен ақын оқыған батыс ойшылдары Милль, Дрэпер, Спенсер еңбектері және орыс, Еуропа сөз зергерлерінің шығармалары кітапханамыздың төрінен орын алып, құнды мәдениет ескерткіштері ретінде сақталып тұр», дейді Абай облыстық әмбебап кітапханасының мерзімді және сирек басылымдар бөлімінің басшысы Жаңылгүл Әділбекқызы.
Өңір тарихында айрықша орны бар Абай облыстық әмбебап кітапханасы алдағы уақытта да талай белестерді бағындырады деп сенеміз.