Магистральный бұрын теміржол мекемесіне қараған, томаға-тұйық ауыл болатын. Ақсуат ауылдық округінің құрамына кіріп, елді мекеннің екінші тынысы ашылғандай болды. Тұрғындар көптен күткен кірме жолдың күрделі жөндеуі аяқталды. «Петрореф» компаниясы «Жаңғыру» бағдарламасы аясында заманауи балалар ойын алаңын тарту етті. Енді, міне, 108 орындық су жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, Магистральный ауылында тұратын 164 шаңырақ, әртүрлі ұлттан құралған 562 тұрғын шексіз қуанышқа бөленді. Оқушылар 1986 жылы салынған көне мектепті тастап, кең де жаңа ғимаратқа көшті.
– 2023 жылы Батыс Қазақстан облысында 27 мектептің құрылысы басталған еді. Соның 17-сінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, оқушылар мен ұстаздарға есіктерін айқара ашты. Мұндай көрсеткіш Тәуелсіздік жылдары болмаған. Сонымен қатар былтырғы тамыздан бері Қазталов ауданының Жұлдыз ауылындағы және аудан орталығындағы Алма Оразбаева атындағы, Бәйтерек ауданының Жалын және Жайық мектептері пайдалануға берілді. Бұған қоса Ақжайық ауданының Атамекен және Жайық ауылдарында, Қаратөбе ауданының Шалғын, Соналы, Ханкөл ауылдарында, Бәйтерек ауданының Садовый және Өркен ауылында, Жәнібек ауданының Ақоба ауылында жаңа мектеп ғимараты тапсырылды. Осының бәрі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ұрпаққа жасалып жатқан мемлекет қамқорлығы, – деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Теректі ауданында салынған төртінші жаңа мектептің ашылу салтанатында.
«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының тапсырысымен 871,2 млн теңгеге салынған білім ордасы екі тілде білім береді. Жаңа ғимарат арнайы пән кабинеттерімен, интерактивті тақта, компьютер секілді қажетті құралдармен толық жабдықталған. Мұнда ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалар, спорт залы, акт залы, сабақ өтетін 20 кабинет бар.
Мектептің ашылу салтанатына шағын ауыл халқы толық жиналды. Салтанатты жиында мердігер «Ка-Строй Лтд» құрылыс компаниясының облыс бойынша бас директоры Мұхит Байдуллаев мектеп директоры Аймангүл Жарасоваға символикалық кілтті табыс етті. Ауыл тұрғындары қуаныштан шашу шашып, білім саласының ардагері Орынша Қалиева мектеп ұжымына ақ тілегін айтты.
– Жаңа ғимарат ауыл тұрғындарына, ата-аналарға, оқушыларға, мектеп ұжымына өте ұнады. Енді бұл жерде 114 бала екі ауысымда оқитын болады. Ұжымдағы 48 ұстаз шәкірттерімізге жақсы білім беруге барымызды саламыз. Мектептің бүкіл жабдығы толық. Мектеп жанындағы асхана 64 балаға ыстық тамақ дайындайды, – дейді мектеп директоры Аймангүл Жарасова.
Облыс орталығына жақын орналасқан Теректі ауданының елді мекендері – болашағы зор, шаруаға жайлы қоныс. ХХ ғасырдың басындағы қарашекпендер көші мен 1950 жылдардағы тың көтеру кезінде барынша орыстанған елдімекендер бүгінде қайтадан ұлттық сипатын тауып жатыр. Жақында Ақсуат ауылдық округіне қарасты Пойма ауылында салынған жаңа мектепке Алаш қозғалысының қайраткері, жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Нұрғали Ипмағамбетов пен Орал қаласында губерниялық «Қызыл ту» газетін алғаш құрап, аяғынан тұрғызған тұлғалардың бірі Батырбек Әлжановтың есімі ұсынылған еді. Ауыл әкімі Жаннұр Ахметовтің айтуынша, Магистральный ауылында ашылған жаңа мектепке мемлекет және қоғам қайраткері Әбдірахман Әйтиев пен Сақыпкерей Арғыншиевтің есімдері ұсынылыпты. Бұл аталған тұлғалардың бәрі де осы өңірде, осы топырақта туып-өскен.
Батыс Қазақстан облысы