Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
3 желтоқсан күні өткен референдумда Венесуэла халқы дау-дамайлы жерді қосып алайық деп дауыс беріпті. Венесуэла басшысы Мадуроның бұл пиғылы халықаралық ұйымдар тарапынан үлкен сынға ұшырап жатқаны да белгілі. Ал жер дауы болса мұнай нарығына елеулі әсерін тигізіп жатыр. ОПЕК мәліметі бойынша Гайана мұнай өндіру бойынша әлемде – 30, ал Венесуэла 21-орында.
Соған қарамастан халықаралық агенттіктер әлі де болжамды жоғары деңгейде ұстап отыр. Мәселен, FITCH Израиль-Палестина қақтығысына айрықша назар бөле отырып, мұнай бағасы барреліне 120 долларға дейін көтеріледі деген оптимистік көзқараста. FITCH өзінің қыркүйектегі болжамында 2024 жылы мұнай орташа алғанда 75 доллар тұрады, ал 2025 жылы 70 долларға дейін төмендейді деген болатын.
«Қарашада Иран мен Венесуэла мұнай өндірісін тәулігіне 90 мың баррельге дейін ұлғайтты. АҚШ-тағы өндіріс те рекордтық деңгейге жетті. Елдегі мұнай өндірісінің болжамы 2023 жылы тәулігіне 12,9 млн баррельден 12,93 млн баррельге дейін көтерілді. Таяу Шығыстағы негізгі өндірушілерден АҚШ-қа және Атлант бассейнінің басқа елдеріне жаһандық мұнай жеткізілімінің ауысуы, сондай-ақ Қытай мен оның дамып келе жатқан мұнай-химия секторының мұнай сұранысына басым әсері жаһандық мұнай саудасына елеулі әсер етеді. Суэцтің шығысындағы нарықтар Украинаға басып кіргеннен кейін Ресей ағындарының көп бөлігін, сондай-ақ өсіп келе жатқан ирандық экспорттық жеткізілімдерді сіңіріп алды. Бірақ қазір Атлант бассейнінен мұнай мен газ конденсатының ұлғаюына бейімделуі керек. Rapidan Energy Group дерегі бойынша, ОПЕК-ке кірмейтін елдерден мұнай жеткізу 2030 жылға дейін әр жылы тәулігіне 700 мың баррельге көбейіп отырады. Бұған АҚШ, Гайана және Бразилиядағы өндірістің ұлғаюы себеп болады», дейді AERC.
Сарапшылардың айтуынша, ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қысқартуды 2024 жылдың бірінші тоқсанына дейін созуы (тәулігіне 1,66 млн баррельге) мұнай бағасына қолдау көрсетуге көмектесті. Желтоқсанның басында мұнай котировкалары барреліне 25 долларға дейін төмендеді. Сөйтіп, алты айдағы ең төменгі деңгейді көрсетті.
Желтоқсанда ОПЕК қараша айынан бастап 2023 жылы мұнайға әлемдік сұраныстың күніне 2,46 млн баррель және 2024 жылы күніне 2,25 млн баррель көлемінде өсу болжамын сақтап қалды. Мұнайға деген жалпы әлемдік сұраныс орташа алғанда 2023 жылы күніне 102,1 млн баррель, ал 2024 жылы күніне 104,4 млн баррель болады деген болжам бар.
«ОПЕК мұнай бағасының қазіргі құлдырауы сұранысқа байланысты туындаған шектен тыс қауіптенуден деп есептейді және 2024 жылы мұнай тұтыну жоғары болады деген өз болжамында қалады. Бұл ретте ОПЕК-тің мұнай өндірісі қарашада күніне 57 мың баррельге төмендеді. Бұған Иран, Ангола және Нигериядағы өндірістің азаюы әсер етті. Әйтпесе ОПЕК-ке кірмейтін елдерден сұйық көмірсутектерді жеткізудің өсу болжамы желтоқсан айындағы есепте өзгеріссіз қалды – 2023 жылға күніне 1,8 млн баррель деңгейінде. 2023 жылы сұйық көмірсутек жеткізу өсімінің басты драйверлері АҚШ, Бразилия, Қазақстан, Норвегия, Гайана, Мексика және Қытай болып қала береді. 2024 жылы бұл елдердегі өндіріс тағы да артады, бірақ күніне 1,4 млн баррельден аса қоймайды деп күтіледі», дейді AERC.
Халықаралық энергетикалық агенттік болса ахуалға біршама жоғары көңіл күймен қарайды. Агенттіктің желтоқсан айындағы есебінде 2023 жылы мұнайға деген сұраныс тәулігіне 101,7 млн баррельге дейін өседі деп көрсетілген. Бірақ бұл макроэкономикалық климаттың одан әрі әлсіреуінің әсерін жасырады. Сарапшылар болжамынша, баяулау 2024 жылы да жалғасады: мұнайға деген жаһандық сұраныс екі есе, күніне 1,1 млн баррельге дейін қысқармақ, өйткені ірі елдердегі ІЖӨ өсімі үрдістен төмен күйде қалып отыр.
AERC төрт модель негізінде Brent маркалы мұнай бағасына қатысты теңдестірілген болжам жасайды. Алынған нәтижелерге сәйкес, 2023 жылғы 15 желтоқсаннан 2024 жылғы 26 қаңтарға дейін Brent маркалы мұнайдың шамалы ауытқуымен бағаның оң динамикасы күтіледі.