Бұл мәселе Президенттің ұдайы назарында екені баршаға белгілі. Бұған дейінгі бағдарламалық баяндамаларында да аталған бағыт жүйелі әрі дәйекті айтылып келеді. Осы жолғы сұхбатында да «Мемлекеттік қызметші қандай болуы керек?» деген мәселеге ашық әрі айқын көзқарасын білдірді. Президенттің пікірінше, мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы шарт. Яғни Президент мемлекеттік қызметшілер тек орындаушылар болмауы керек, олар өзгерістердің бастауында тұратын, жауапкершілікті ала алатын бастамашыл тұлғалар болуы керек деп отыр. Сөзі мен ісі үйлесетін арлы адам болу туралы ойы да ерекше маңызға ие. Себебі мемлекеттік қызмет адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Мансап дәрежесіне қарамастан әрбір мемлекеттік қызметші ел дамуына өзіндік үлес қосатын тарихи миссияны арқалап жүргенін шынайы сезіне білуі керек.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы өз сұхбатында «еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс екенін» айта келе, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар екенін нақты көрсетіп берді. Бұл елдікті нығайтудың алғы шебінде жүрген мемлекеттік қызметшілерге де қойылар ерекше талап екені анық. «Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуға тиіс. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметкерлердің тұлғалық болмысына тән басты талап – «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстану екенін айтты. Ең бастысы, олардың халыққа жақын болуы керектігіне назар аудартады.
Президенттің «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидасы жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілердің негізгі ұстанымына айналуға тиіс. Себебі елімізде қалыптасып жатқан жаңа басқару мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық жетілуі бағытындағы жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Алдағы уақытта Президенттің мемлекеттік қызметшілерге қатысты айтқан тұжырымды бағыттарын қызметкерлерді оқыту, қайта даярлау, біліктіліктерін арттыру барысында жан-жақты қолданатын боламыз.
Мемлекет басшысы сұхбатында атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында жастардың қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданғанына тоқталған. Биыл Президенттің тікелей бастамасымен қолға алынған Президенттік жастар кадр резервіне үшінші іріктеу өткізілді. Президенттік жастар кадр резерві мемлекеттік қызметке талантты жастарды тартуды көздейді. Мемлекет басшысы белгілеп бергендей, дарынды, білікті жастарды елге қызмет етуге тарту, жұмылдыру, атсалыстыру. Осы жолы мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескеріп, мақсатты іріктеу өткізілді. Нәтижесінде, 50 адам резервке алынды. Бұл – елімізде кадр саясаты ашық әрі әділ жүргізіліп отырғанының көрінісі.
Бір сөзбен айтқанда, сұхбат қоғамда қалыптасқан түйткілді сұрақтарға нүкте қойып, оған қоса, еліміз дамуының алдағы жоспарларына да қатысты бағыт-бағдарды айқындауымен құнды болып отыр.
Дархан ЖАЗЫҚБАЙ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы