Президент 2023 жылдың еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы болғанын атай отырып, негізгі саяси реформалардың аяқталып қалғандығын, оның ішінде, әсіресе Конституциялық соттың жұмысын бастағанын, сол сияқты Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жаңа ереже бойынша сайланғандығын, сондай-ақ алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің және ауыл мен аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлаудың жалғасқандығын тілге тиек етті.
Қ.Тоқаев мемлекетіміздің әділ және бәсекелі экономика жүйесін құру, экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылу, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыса бастағанын, сонымен қатар әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелердің біртіндеп шешіле бастағанын алға тартты. Бұл айтылғандардың дәлелі ретінде еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде екенін, сондай-ақ ауылдарда денсаулық сақтау нысандарының да салынып жатқандығын және әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсетуге бағытталған Әлеуметтік кодекстің қабылданғандығын атап өтті.
Мемлекет басшысы ұлттық мүддені ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатымыздың жалғасатынына екпін беріп, 2024 жылы еліміздің бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтқанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық ететінін мәлім етті.
Президент қасіретті Қаңтар оқиғасын былайша сипаттайды: «Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эконо-микалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді».
Мемлекет басшысы және бір шындықты, өзінің 2019 жылы Президент лауазымына сайланғаннан кейін еліміздегі күрделі билік жүйесінің қалыптасқандығын бүкпесіз ашып айтты: «Бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты... Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын», деді.
Жалпы, бұл сұхбатта көтерілген мәселелердің бәрі де еліміздің тұрақты дамуы үшін өте маңызды.
Әділ АХМЕТ,
Төтенше және өкілетті елші, профессор