Оқиға Жирентаев көшесіндегі көпқабатты үйде болған. Белгісіз адам лифтке кіріп, оны тепкілей бастаған, сонымен қатар кабинаны жұдырықпен ұрып, тырнап, түкірген.
Алматы аудандық Полиция басқармасының полицейлері қылмыскердің жеке басын анықтады. Ол 33 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Оны уақытша ұстау бөлмесіне орналастырды.
Осы іске қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны және жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі және ҚР ӘҚБтК 434-2-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Айта кетейік, елордада вандализмнің кез келген көріністерімен белсенді күрес жүргізіліп жатыр.
2023 жылдың басынан бері елорда полициясының қызметкерлері вандализмнің жүзден астам фактісін анықтады. Қала бойынша күнделікті патрульді екі мыңнан астам полиция қызметкері жүзеге асырады.
Еске салайық, елордада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, пікір көшбасшылары, қала тұрғындары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы жалғасын тауып жатыр. Акция аясында қалада күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, халық арасында қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.