ЖАПОНИЯДА – ЖАҢА ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ
Соңғы уақытта Жапонияда үкімет құтаймай тұр – төрт жылда бес премьер-министр ауысты. Өткен аптаның аяғында Юкио Хатояма қызметінен кетті де, сол сәтте оның орнына Демократиялық партияның жаңа лидері Наото Кан сайланды.
Бұл елде үкімет дағдарысы қатарынан үш мерзім билік тізгінін ұстаған Дзюнъитиро Коидзуми қызметінен кетісімен-ақ басталған. Одан кейін Либерал-демократиялық партияның жаңа лидерлері үкімет басында жылға жетпейтін уақыт отырып, түрлі себептермен бірінен соң бірі кетіп, ол ақыр соңында 55 жыл билікте болған партияның жеңілісіне апарып соқтырған.
Былтыр ғана жеңіске жеткен Демократиялық партия, оның лидерлері билікке жаңалық әкелер, үкіметтегі дағдарысты тоқтатар деген ой әркімде-ақ болды. Оған демократтардың алғашқы үкімет басшысы Хатояманың мәлімдемелері де сендіргендей еді. “Мен тарихты өзгертемін” деп нық сеніммен айтты. Жапондар оған сенді, басқалар да сенді. Бұл елдегі биліктің өзгеруін АҚШ-тағы биліктің өзгеруімен салыстырды. АҚШ-та Обама, Жапонияда Хатояма өмірге жаңалық әкеледі, өз елдерін жаңа жеңістерге бастайды деген сөздер де шыққан. Обаманы америкалықтар әзірге құп көріп отыр, ал Хатояма сүрінді.
Көп ретте үкімет басшыларының парламентте сенімсіздік білдіргенше, кетпеуге тырысатыны бар. Хатояма неге асықты? Ол өзінен бұрын партиясын ойлады. Биыл парламент сайлауы өтеді. Сонда партиясы жеңілмесін деп, бар кінәні өз мойнына алып, өзін құрбандыққа шалғандай болды. Кінәні мойындау да ерлік, ол – ары таза адамдардың әрекеті. Кет дегеннен соң кеткеннен гөрі өзі кеткен әлдеқайда жақсы. Уәдемді орындай алмадым дегенде, бір жылға толмайтын уақытта Жапониядай алыпты жаңа арнаға салу қиын. Тек нақты бір іс – АҚШ теңіз жаяу әскерінің базасын Окинавадан алып кетуді орындай алмадым дегені де күйіп бара жатқан нәрсе емес, биыл кетпесе, келесі жылы кетер еді. Әңгіменің түйіні – АҚШ бұл елге басқыншы емес, одақтас. Сірә, Хатояманың кетуіне бұл жай желеу ғана.
Жаңа премьерді таңдау да, сайлау да қиынға соққан жоқ. Демократтар солай шешкен соң, оңай ғана жүзеге асты. Наото Канды төменгі палатадағы 480 депутаттың 313-і, ал жоғарғы палатадағы 242 депутаттың 123-і қолдады. Бұрынғы вице-премьер және қаржы министрі Жапонияның 94-ші премьер-министрі болып сайланды.
Наото Кан бұрынғы үкімет басшысы Хатоямадан күштірек деп тұжырымдау қиын. Өткен сайлауда Хатояма партия көсемі болып, тарихи жеңіске жеткен. Бұл жолғы ауыс-түйісті тактикалық қадам деген де жөн болар. Партиядағы сайлауда Кан өзінің Юкио Хатояма жүргізген саяси бағытты жалғастыратынын да мәлімдеді. Сөйтсе де оның елдегі қазіргі жағдайға берген бағасы барынша қатқыл болды, одан Хатоямаға қаратылып айтылған сын да аңғарылғандай. “Ең алдымен, халықтың сенімін қайтару керек. Содан кейінгі басты бағыт – экономика, қаржы саясаты және әлеуметтік мәселе. Соңғы 20 жылда Жапония экономикасы және қоғам тұйыққа тіреліп тұр”, деді ол. Оның ойынша, тек күшті экономика, күшті қаржылық жүйе және әлеуметтік кепілдік қана өсуге жол ашады.
Өзі кетер алдында Хатояма орнын басатын Канға жапон-америка, жапон-қытай және жапон-корей (Оңтүстік Корея) қарым-қатынасына қамқор бол деп тапсырыпты. Ол алдағы уақытта демократиялық партияның да, Кан үкіметінің де бағдары болары анық. Екі ұлы державамен қарым-қатынасты тереңдету, экономикалық кірігу Жапония үшін айрықша қажет.
Хатояманың кетуі де, Канның жаңа бағдарламасын жариялауы да ең алдымен алдағы парламент сайлауының қамы. Қалайда да, кеше ғана жеңіске жеткен Демократиялық партия билік тізгінін біраз ұстауы үшін оның көсемдері неден болса да тайынар емес.
Біздің еліміз Жапониямен байсалды қарым-қатынаста. Билік басына кім келсе де, оған нұқсан келе қоймайтыны белгілі. Бізге бұл елдің саяси ахуалының тыныш болғаны, экономикасының қарқынды дамығаны керек.
ШАХМАТ ҚАШАН ДА САЯСАТҚА ЖАҚЫН ОЙЫН
Биылғы жылғы қыркүйекте Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президентін сайлау өтеді. Бұл жай бір спорт түрінің басшылығын сайлау ғана емес, саясатқа да қатысы бар шара болатын түрі бар. Президенттікке үміткерлердің күресі, әсіресе, Ресейде саяси сипат алып бара жатыр.
Жалпы, спорттың бұл түрі әуел бастан-ақ саясатқа жақын болды. Өйткені, ол ең алдымен елдің атын шығарды. Спорттың басқа түріндей емес, шахматтан үлкен жетістікке жеткендерге айрықша құрмет те көрсетілді. Бәлкім ол шахматты көп адам ойнайтынынан да шығар. Әлемдік деңгейге жеткендер әр елдің ұлттық тұлғаларына айналды.
Сірә, шын мәнінде спорт арқылы елді таныту осы шахматтан басталғандай. Капабланка әлемге Куба дейтін елді танытты. Орыстар Алехинге қарыздар. Тіпті ол отанынан кетіп қалса да, жұрт оны орыс деп таныды. Кешегі кеңестік дәуірде КСРО осы шахматшыларымен танылды, Ботвинник бастаған гроссмейстерлермен мақтанды. Елден кеткен Корчной мен кеңестік Карповтың ойынына ел басшылығы мән беріп, қадағалап отырды. Шағын ғана дат елі Ларсенмен мақтанды. Кейін Фишер шығып, АҚШ-тай алып елдің мерейін көтерді.
Содан да халықаралық шахмат ұйымының басында кімнің болғаны және болатындығы айтарлықтай саясат. Бұл, әсіресе, Ресейде ерекше сипатқа ие болып отыр. Көп жылдан бері Ресейдегі Қалмақ автономиясының президенті Кирсан Илюмжинов сол Халықаралық шахмат федерациясының президенті болып келді. Бизнестік үлкен қабілеті бар қалмақ жігіті бұл халықаралық ұйымды да әжептәуір шыр айналдырып, біраз беделге ие болған. Бұдан бұрынғы қайта сайлауда да қарсыластарын жеңіп шыққан. Енді, міне, тағы да сайланғысы келіп еді, негізгі қарсыласы да өз елінен, Ресейден шығып отыр. Шахматтан әлем чемпионы, атақты гроссмейстер Анатолий Карпов та сол лауазымға ие болғысы келеді.
Әрине, күрес жақсы, бәсекеде қабілетті адам жеңіп шығады дейміз. Бірақ мұндағы бір келіспейтін жай: бір елден шыққан екі адамның халықаралық спорт ұйымына басшы болуға таласқаны.
Ресейдегі шахмат сүйер қауым, өз елдерінің беделін ойлайтын жұрт дәл қазір дал күйде. Карпов та атақты шахматшы, жақсы ұйымдастырушы, ал Илюмжинов болса, өз қабілетін ісімен көрсетіп келе жатқан қайраткер. Ең жаманы – қазір бұлар бірін-бірі жамандап, бір-бірінің абыройын төгіп жатыр.
Тіпті Илюмжинов Карповты сотқа беріп отыр. Карпов ФИДЕ-ні сыбайлас жемқорлық жайлаған деп сын айтқан еді, енді соны сотта дәлелдесін дейді. Сонымен қоймай, Карпов пен Каспаров (бұрын қас болған бұл екеуі қазір дос) шахматшы ретінде тоқыраған адамдар, олардың мақсаты – өздеріне жұрттың назарын аудару дейді. Әрине, бұл жерде Илюмжиновпен келісу қиын.
Карпов Илюмжиновтің ФИДЕ-дегі сыбайластық әрекеттері шахмат жарыстарын өткізуге демеушілер табуда кесірін тигізеді, жағдайды түзету үшін ФИДЕ басшылығын түгел жаңарту қажет дейді. Сонда бұларға ел басшылығы болмағанымен, спорт басшылығы тоқтау айтып, әлемге күлкі болмаса қайтеді, дейсің-ау. Сөйтсек, осы даудың ортасында сол биліктің адамы жүр екен. Ресей президентінің көмекшісі Аркадий Дворкович Ресей Шахмат федерациясы бақылау кеңесінің төрағасы екен де, Илюмжиновті қолдайды екен. Бір қызығы – сол Дворкович басқаратын кеңес Карповтың кандидатурасын қолдаған көрінеді. Сонда Дворкович Илюмжиновті федерацияның жалпы жиналысында өткізіпті.
Карповтың кандидатурасын басқа біраз елде де қолдап үлгеріпті. Бір жағымсыз дау туып отыр. Оған билік өкілдерінің де қатысуы ырың-жырыңды өршіте түсетіні анық.