Шөбі шүйгін, топырағы құнарлы, табиғаты жайлы өңірде мал басының саны артып келеді. Өткен жылдың 11 айында Алматы облысында 697 мың ірі қара малы есепке кірсе, оның 20 пайызы немесе 137 мың басы Жамбыл ауданының еншісінде. Қой мен ешкінің 42 пайызы немесе 1 млн 088 мың басы, 233 мың бас жылқының 49 мың басы, 7 597 бас түйенің 1752 басы немесе 23 пайызы осы ауданға тиесілі. Тірі салмақтағы мал мен құс еті бойынша 11 айда 20468 тонна ет өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға артқан.
Мал өсіріп, егін орып отырған ауданда су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге жіті көңіл бөлініп отыр. Мал басын жеткілікті мөлшерде жемшөппен қамтамасыз етуде аудандағы есепте тұрған 26 мың гектар суармалы егістіктің тек 4,3 мың гектары ғана жаңбырлатып суару әдістерін пайдаланады, бұл суармалы егістік жердің 16 пайызын ғана құрайды. Сондықтан алдағы жылдары бұл көрсеткішті ұлғайту мәселесі күн тәртібінде тұрғанын Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы айрықша атап өтті.
Бұған қоса, жайылымдық жерлерді кеңейту, өсірілген өнімді қайта өңдеу мен өткізу, ауыл арасын қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету, «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуы сынды әлеуметтің әлеуетін жақсарту жолында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.
«Ауыл – ел бесігі» дегенді халқымыз бекер айтқан жоқ. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын», деген Мемлекет басшысы аграрлық сала жетекшілеріне үлкен міндет жүктегені белгілі. Осы орайда агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізу ортақ іс екендігін атап айтқан сенатор Сұлтан Дүйсембиев іссапар барысында аграрлық аймақ саналатын Алматы облысында бірқатар өзекті мәселенің барын алға тартты.
«Біздің өңірлерге шығып, ел-жұртпен кездесудегі басты мақсатымыз – халықтың жай-күйін білу, қордаланған мәселелермен танысып, оның шешім табуына ықпал ету. Ел ішінде кәсібін ашып, тұрмысын түзеуге бетбұрыс жасап отырған азаматтар аз емес. Соның бірі өз қаржысына балық шаруашылығын ашып, үлкен істі бастап отырған Бағлан Кенжебаев сынды іскер азаматтардың ісі көпке үлгі. Осындай шағын өнеркәсіптер көп болса, біздің еліміз өсіп-өркендейді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен кездесулерде субсидияға қол жеткізу, суармалы егістік жерлер мен жайылым тапшылығы сынды бірқатар проблеманың бары айтылды. Былтыр Сенатта 92 заң қабылданса, соның 10-ы ауыл шаруашылығы бойынша қабылданды. Сол себепті тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің аяқсыз қалмауы басты назарға алынады», деді С.Дүйсембиев.
Өңірде төрт түлікті өсіру, оған күтім жасау, шалғай ауылдарға қажетті мамандар тарту, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға қолдау көрсету аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын толғаған мәжілісмен Д.Қасқарауов тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға жан-жақты жауап қайырды.
Іссапар соңында халық қалаулылары жылына 45 тонна балық етін өндіруді көздеп, қалыпты жұмыс істеп тұрған «Almaty balyk 2050» ЖШС-ның жұмыс ырғағымен танысты. Жалпы аумағы 8 гектар жерде орналасқан 20 бассейні ашық аспан астында, 38 бассейні жабық нысанда және 1 инкубациялық цехта сазан, амур, шабақ өсірумен айналысатын балық шаруашылығында 15 адам еңбек етеді. Алдағы уақытта өндірістік қуатты арттыруды көздеген серіктестік басшысы Бағлан Оразәліұлы өткен жылы 20 тонна балық еті өндірілгенін тілге тиек етті.
Алматы облысы