Үкімет • 04 Қаңтар, 2024

Ядролық физика институтының қызметімен танысты

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Энергетика министрлігіне қарасты Ядролық физика институтының басшылығымен және ғалымдарымен кездесті.

Ядролық физика институтының қызметімен танысты

Сенатор өткен жылы Парла­мент қа­былдаған ғылым саласы қызмет­кер­лерінің әлеуметтік кепілдіктерін нығай­туға бағытталған заңдар туралы айтып берді. Депутат сондай-ақ институттың материалдық-техникалық базасымен, ядро бөлшектерін зерделеуге қажетті құралдар және жабдықтармен, оны іс жүзінде қолдану барысымен танысты. Депутат ядролық физика саласындағы кадрларды қайта даярлау мәселесіне ерекше назар аударды.

«Ядролық физика институты құрыл­ғаннан бергі тарихы өте бай және инс­титут базасында жүзеге асып жатқан стратегиялық жобалардың маңызы зор. Тиісінше, институтты сапалы кадрлармен толықтыру мәселесі және оларды қайта даярлау мекеменің басты міндеті болуға тиіс», деді сенатор.

Кездесуге қатысушылар бүгінгі таң­да еліміздің халқы арасында кеңінен тал­қыланып жатқан атом электр станса­сын салу тақырыбын да қозғады. Атом электр стансасын салу, оны қауіпсіз пайдалану және оның елімізге тигізетін пайдасы мәселесіне еліміздің азаматтары қатты алаңдайтыны атап өтілді.

«Мемлекет басшысы жақында «Еge­men Qazaqstan» газетінде жариялан­ған сұхбатында атап өткендей, атом электр стансасын салу – біздің эконо­ми­камыздың болашағы мен энерге­тикалық қауіпсіздігіміз үшін маңызды мәселе. Құрылыс мәселесі бойынша тиіс­ті қо­ғам­дық тыңдаулар өткізілетін бола­ды. Институт бұл мәселе бойынша әрқашан алдыңғы қатарда болуға тиіс және бетке ұстар мекеме ретінде әрекет етуі керек деп санаймын», деді Нұртөре Жүсіп.

Кездесу барысында институтта АЭС үшін мамандар даярлауға арналған барлық қажетті инфрақұрылым, атап айтқанда, ВВР-К стационарлық зерттеу реакторы, шұғыл әрекет тақтасы, сан түрлі үдеткіштер бар екені, сондай-ақ үш оқу орталығы жұмыс істейтіні атап өтілді.