Жиынға Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері және құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Туризм және спорт министрліктерінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Орталық коммуникациялар қызметінің және Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының басшылары қатысты.
Кеңес барысында Е.Қарин Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген сұхбатында айтылған басым бағыттарға сәйкес ішкі саясат саласында қызмет ететін құрылымдардың негізгі міндеттерін айқындады.
Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысын ұйымдастыру және оны мазмұн тұрғысынан толықтыру, Наурыз мейрамын жаңа сипатта мерекелеу, Қазақстан тарихының жаңа академиялық жинағын әзірлеу жұмыстарын аяқтау, Дүниежүзілік көшпелілер ойнын өткізу, басқа да айтулы іс-шаралардың жай-жапсарын пысықтау мәселелеріне бөлек тоқталды.
Жиын соңында Е.Қарин құзырлы мемлекеттік органдарға ішкі саясат бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге, қоғамдық келісімді нығайтуға қатысты нақты тапсырмалар берді.