Пікір • 04 Қаңтар, 2024

Ұлт құндылықтары бәрінен жоғары

248 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сындарлы сұхбатында өзекті мәселелер көтерілген. Әсіресе Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін Конституциялық сот, еліміздің ішкі-сыртқы саясаты, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, Үкіметтің стратегиялық міндеттері, Қаңтар қасіреті, Ұлттық құрылтай, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы секілді өткір тақырыптар кеңінен қамтылған.

Ұлт құндылықтары бәрінен жоғары

Сөз жоқ, Қазақстан жылнамасында саяси реформалар 2019 жылы басталғалы бері елімізде елеулі өзгерістер орын алып келеді.  Сайлау, саяси партиялар, Парламент туралы заңдарға тыңнан түрен салынды. Саяси жаңғыру үдерісі 2022 жылы ерекше екпінмен жалғасын тапты. Қазақстан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды. Осы арқылы ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді.  Ұлт құндылықтарына ерекше екпін берілді.

«Біздің бұрын кім бол­ғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатыны­мыз әлдеқайда маңызды», дей келе, «Біз өт­кенмен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлел­деуге тиіспіз», деп ел келе­шегі үшін маңызды мәсе­ле­лер­ге тоқталып, елімізде ең­бекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаз­д­ық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс екенін тағы да тілге тиек етті. Президент осы сөздері арқылы ел болашағы жастардың қолында екенін меңзейді. Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған негізгі және басты мәселе – білім беру, ғылымды дамыту. Өркениет біткеннің өзегі ғылым, тәрбие екендігі­не ешкімнің таласы жоқ. Осы орайда біздің ең басты міндетіміз – ұлттың тарихын, мәдениетін, тілін қастерлей білетін және оны жалпы азаматтық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұш­тас­тыра білетін тұлға тәрбиелеу. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкін­дік алады. Ал барлығының бас­тауы білімде. Мемлекетіміз­ді бәсекелестікке қабілетті елге айналдыруда сапалы ұлт қалып­тастыру маңызды.

Ғылым-білім және мәде­ни-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән бері леді. Әлбетте, тарих – біздің жалпыұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Бұл ретте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кәсіби жағынан бәсекеге қабілетті, өз елінің шынайы патриоттарын тәрбиелеу бағытында белсенді еңбек етіп келеді. ЕҰУ аза­маттық ұстанымы биік зият­кер тұлғаны қалыптастыру үшін ұлы Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын негізге алған. Тәрбие жұмысы «Нұрлы ақыл», «Ыстық қайрат», «Жылы жүрек» бағыттары бойынша жүргізіледі.

Кейінгі кезде жаңа ғылыми құрылымдар жасақталып, бұрынғы институттар жаңғыр­тылып жатыр. Сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіруге алғышарттар жасалынды. 

Заманның ағымы қатты. Біз кез келген өзгеріске бе­йім­делуіміз керек. Президент айт­қандай, біз көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын ел­дердің қатарында болғанымыз шарт. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Ұлттық құндылықтар дегенде, адалдық пен жанашырлық секілді ізгі қасиеттерді бойына сіңірген жанды адал азамат деп жүрміз. Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Ал адал азамат дегеніміз – адал ғалым, адал ұстаз, адал шәкірт.

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

академик