Кәсіпкер • 09 Қаңтар, 2024

Бесарықтағы бөдене фермасы

79 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласының іргесінен орын тепкен Бесарық – жұрты жаңалық пен жақсылыққа жұмылған ауыл. Бүгінде Сырдария ауданына қарасты бұл ауылдағы әр шаңырақ мал ұстап, облыс орталығын етпен қамтамасыз етіп отыр. Жыл тоғысында осы берекелі Бесарықта бөдене фермасы ашылды.

Бесарықтағы бөдене фермасы

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл тұрғындарын құттықтап, тың кәсіп бастап отырған «Абай-Дәулет» ЖШС басшы­лығына табыс тіледі.

– Осыдан сәл уақыт бұрын, Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнін­дегі «Парыз» республикалық конкурсының Гран-при жүлдесін «Абай-Дәулет» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігіне та­быс ет­кені өңір жұртшылығының ор­тақ қуа­нышына айналды. Бұл жүлде – осы кәсіп­орынның ғана емес, Сыр жұртшы­лығының жеңісі, облыстағы барлық кәсіпкерлерге берілген жоғарғы баға. Аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жобаны қолға алып, бөдене фермасын салған кәсіпкер, «Абай-Дәулет» ЖШС жетекшісі Мұрат Сәрсенбаевқа Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз, – деді облыс әкімі.

Бесарықтың берекесін үстеп отырған «Абай-Дәулет» ЖШС күріш, құс, мал өсіру­мен, тамақ өндірісі және құрылыс материалдарын шығарумен айналысып, 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ауылдағы бөдене фермасы жылына 1 500 тонна құс етін өндіреді. Мұндағы 80 мың бас құстың жартысы ет, қалғаны жұмыртқа бағы­тында бағылады. Кәсіпорын толық қуат­қа көшкенде 160 адамды жұмыс­пен қам­тиды.

Жалпы, биыл Қызылорда облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,3 пайызға артып, 70 977-ге жеткен. Кәсіпкерлікті қолдауға әртүрлі көздерден 42 млрл теңге тартылып, 3,5 мыңнан астам жобаға қаражат бөлінді.

 

Қызылорда