Теннис • 09 Қаңтар, 2024

Брисбен биігіндегі Елена

109 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүкіл әлем назарындағы үлкен теннис үздіктерінің қатарынан көрініп жүрген отандасымыз Елена Рыбакинаның жұлдызы барған сайын жарқырап келеді. Ол жаңа жылдың алғашқы жарысы – Аустралиядағы Брисбен WTA 500 турнирінде топ жарып, рейтингтегі орнын бір сатыға көтеріп қойды. Осылайша, бүгінде әлемнің үшінші ракеткасы – Еленаның жеңісіне ел қуанып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауын жеткізді.

Брисбен биігіндегі Елена

Бұл туралы Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты теннисші, Уимблдон турнирінің чемпионы Елена Рыбакинаны Аустралияда өткен беделді жарыстағы сенімді жеңісімен құттықтап, жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді», деп жазды Б.Уәли Facebook-тегі парақшасында.

Елена Рыбакина аталған турнирдің жеңімпазы болғанша WTA рейтингінде 4-орында тұрған еді. Сөйтіп, финалға дейін сүрінбей жеткен ол бас жүлдеге әлемнің екінші ракеткасы беларусьтық Арина Соболенкомен таласты. Бірақ финал жұрт күткендей аса тартысты болмады. Еленаның ерекше қарқынына арыны қатты Аринаның өзі төтеп бере алмады. Күні кеше көш басынан көрініп жүрген Арина алғашқы сетте-ақ Еленадан бір гейм ала алмай, пұшайман күш кешті. Сөйтіп, бірінші партияда 6:0 есебі тіркелді. Ал екінші сетте Соболенко үш гейм жеңуге ғана шамасы келді. Осылайша, Рыбакина 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бір сағаттан аса уақытқа созылған матчта Елена 7 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін ұпайға айналдыра алды. Ал Арина 3 эйс, 1 брейкпен шектелді.

Бұл Брисбенде отандасымыз 220 мың доллар табыс тауып, 500 ұпайды қоржынына салды. Осы жеңісінен кейін Елена тілеулес болып, өзін қолдаған барша жанкүйерге ризашылығын білдірді. «Баршаңызға, әсіресе отандастарыма мың алғыс. Сіздердің хабарламаларыңызды оқу, әлемнің түрлі елдерінде мінбелерден жанкүйерлерімді көру маған ерекше қуаныш сыйлайды», деп жазды Рыбакина Instagram желісіндегі парақшасында.

Бұдан кейін Е.Рыбакина 8-13 қаңтар аралығында өтетін Аделаиде (Аустралия) WTA 500 турнирінде өнер көрсетеді. Содан соң үлкен дулыға бәсекесі – Australian Open-де бақ сынайды.