Фото: Үкімет. Телеграм
Министрдің айтуынша жыл қорытындысында жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты болып, алдын алу шаралары нәтижесінде 20 аса қауіпті жұқпалы ауру тіркелмеді, оның арасында оба, тырысқақ, полиомиелит бар. Сондай-ақ 39 инфекция бойынша, оның ішінде коронавирус, ротавирус, жіті ішек инфекциялары бойынша сырқаттанушылық төмендеді.
Алдын алу мақсатында былтыр қауіп-қатер тобына жататын 2,4 млн адам тұмауға қарсы екпе алған, бұл халықтың 12%-ын құрайды.
Жалпы эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері стационарларда 31 мыңнан астам науқас емделген, 2 млн-нан астам науқас амбулаториялық ем алған.
Ел бойынша барлығы 10 мыңға жуық инфекциялық төсек-орын қойылды, олардың ішінде балалар үшін шамамен 3 мың төсек-орын қарастырылған.
Былтырғы жыл соңында елде 29 мыңнан астам қызылша жұқтыру жағдайы тіркелді, оның 80%-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. 1 қаңтардан бастап 1 674 қызылшамен сырқаттанушылық тіркелді.
Ахуалды тұрақтандыру үшін өткен жылы жоспар бойынша вакциналау жүргізілді, нәтижесінде алты жасқа дейінгі 700 мыңға жуық бала екпе алды. Қазіргі уақытта қосымша вакциналау аясында 930 мыңнан астам адам екпе алды, күн сайын 20 мыңнан астам адам вакцина алып отыр.