Қоғам • 09 Қаңтар, 2024

Әлихан Смайылов қызылшаға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды

102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет резервінен қаражат бөлініп, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Бүгінгі таңда қосымша вакциналау аясында 930 мыңнан астам адам екпе алды, күн сайын 20 мыңнан астам адам вакцина алып жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлихан Смайылов қызылшаға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды

Фото: ашық дереккөз

Өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизацияны күшейту жөніндегі шаралар туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді.

Премьер-министр мониторинг қорытындысы бойынша өткен жылы ең қауіпті инфекциялармен ауырған науқастар тіркелмегенін айтты. Бұл ретте кең таралған вирустық инфекциялар бойынша да көрсеткіштер төмендеді.

«Тек өткен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кетті. Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр. Олардың 80%-ға жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар», деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы екпе алмаған науқастардың ауруы асқынып кету қаупі жоғары екенін айтты. Дегенмен ата-аналардың арасында балаларына екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандардың қатары аз емес, мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін.

«Жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – екпе салу. Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу үшін қосымша 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Осы мақсаттар үшін Үкімет өткен жылдың қыркүйек айында резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Алайда көріп отырғанымыздай, кейбір өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизациямен қамту деңгейі әлі де төмен», деді Премьер-министр. 

Осыған байланысты Әлихан Смайылов қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ  басқа да профилактикалық екпелермен вакциналауды жандандыруды тапсырды.

«Жол қатынасы қиын және шалғайдағы ауыл тұрғындарын вакциналау үшін жағдай жасау керек», деді Үкімет басшысы. 

Сондай-ақ ол медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыра отырып, әсіресе ауылдық жерлерге жеткізу кезінде вакциналарды сақтау мен тасымалдаудың тиісті режимін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

«Баспасөзде және әлеуметтік желілерде вакцинацияға қатысты әдейі жалған ақпараттың таралуына мониторинг жүргізіп, олардың алдын алу керек. Учаскелік деңгейдегі медицина қызметкерлері ата-аналарға профилактикалық екпенің балалар үшін маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс», деп түйіндеді Премьер-министр.