Туризм • 09 Қаңтар, 2024

Ойқарағайға оң көзқарас

89 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында туризмді дамытуға 58 млрд теңге инвестиция тартылатыны мәлім болды. Бұл жөнінде Алматы облысының әкімдігі мен бір топ инвестор арасында Ойқарағай шипажайын дамыту жобасына қажетті жағдайлар жасау және қолдау көрсету туралы меморандумға қол қою рәсімі барысында аталды.

Ойқарағайға оң көзқарас

Қол жеткізілген уағдалас­тықтардың аясында 2028 жылға дейін тау курортын кеңейту, атап айтқанда, аспалы жолдар салу, шаңғы трассаларының ұзын­дығын ұлғайту, еңістерді, парапландар, глампинг алаңдарын жабдықтау, мейрамханалар, көл­дер мен этноқалашық салу жос­парланып отыр.

Жобаны жүзеге асыру барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев негіз­гі үш бағыт бойынша мемлекет­тік қолдау шаралары белгіленге­нін баяндады. Оның айтуынша, облыс басшылығы инженерлік-көлік­тік инфрақұрылыммен қамтама­сыз етуге, сондай-ақ әкімшілік қолдау көрсетуге дайын.

«Қол қойылған меморан­дум аясында инженерлік инфра­құрылымды жақсарту, 15 МВт қосымша электр қуатымен қам­тамасыз ету, тау бөктерінде жасан­ды қар жасау үшін сумен жаб­дықтау жүйесін кеңейту бойынша маңызды жұмыстарды жүргізу жоспарланып жатыр. Жылына 100 мың текше метрге дейін, сон­дай-ақ тұрмыстық қажеттілік үшін тәулігіне 700 текше метрді қамтамасыз етеді. Тағы бір ма­ңызды қадам – газ құбыры учас­кесінің өткізу қабілетін сағатына 1 000 текше метрге дейін арттыра отырып, қайта құру көзделген. Сонымен қатар Байбұлақ ауылынан Ойқарағайға дейін жүк және жолаушылар тасымалы жо­лын салу жобасы жүзеге асыры­лады. Аса маңызды қадам жарық­тандыру орнатылып, өткізу қабілетін арттыра отырып, Талғар трактісі – Ойқарағай жолын қай­та жаңғырту жобасы іске асады», деді Р.Исатаев.

Сөз соңында облыс әкімінің орынбасары өңірдегі туризм саласын дамытудың бірінші кезектегі маңызына тоқталды. Бұл өңірдің әлеуетін ескере отырып, туризмді дамыту жалпы ілгерілеудің негізгі факторына айналатынына сенім білдірді. Туризмге құйылған инвестиция осы саланың өркендеуімен қатар, өңірдің жалпы экономикалық және әлеуметтік дамуына да оң ықпал ететіні туралы айтты.

2023 жылдың 11 айындағы жағдай бойынша туризм секто­рындағы негізгі капиталға са­лын­ған инвестиция 51 млрд тең­гені құрады, қосымша 1 750 адам­ға жұмыс берілген.

 

Алматы облысы