Қоғам • 09 Қаңтар, 2024

Тұғыры биік тұлғалар

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Тұғыры биік тұлғалар» атты иллюстрациялы кітап көрмесі ашылды. Дәстүрге айналған көрмеге биыл елімізде және ЮНЕСКО көлемінде мерейтойы өтетін тарихи тұлғалар мен қабырғалы қаламгерлер және белгілі қоғам қайраткерлеріне қатысты құжаттар, кітаптар, суреттер қойылған.

Тұғыры биік тұлғалар

ФОТО: astana-akshamy.kz

Іс-шараның мақсаты – өскелең ұр­пақ­қа халқымызға танымал тұлғаларды та­ныстырып, кітап оқу мәдениетін қалып­тастырып, академиялық кітапхананың беделін көтеру.  Иллюстрациялы кітап көрмесіне биыл 155 жылдығы аталып өтілетін  музыка зерттеушісі, композитор Александр Затаевичтің, туғанына 145 жыл толатын Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі – қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың,  әйгілі халық ақыны, сал-серілік дәстүрдің соңғы өкілі, әнші-композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына байланысты маңызды құжаттар, фотолар ұсынылды. Сонымен қатар халқымыз «үш бәйтерек» деп ардақ тұтқан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 130 жылдық мерейтойларына орай олардың шығармашылық жолын бедерлеген кітаптары орын алды.

Сондай-ақ ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы мен ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы және аса көрнекті режиссер, талантты актер Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арнап жасалған сөреден осы ардақты азаматтарға қатысты сирек кездесетін суреттер мен құжаттары топтастырылған. Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсеткен Кеңес одағының батырлары Рақымжан Қошқарбаев пен Әлия Молдағұлованың  100 жылдығына  байланысты да олардың ерлік жолын баян­дайтын мазмұнды дүниелер таныстырылды. Биыл  классик қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланады. Соған орай көрмеде балалар әдебиеті дарабозының шығармашылық мұрасы кең көлемде қамтылған. Сонымен бірге мәдени іс-шараға келушілер әдебиет абызы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы мен қазақ әдебиетінің қос көрнекті өкілі – Әбіш Кекілбайұлы мен Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы және басқа да танымал тұлғалардың мерейтойларына қатысты бас-аяғы 500-ге жуық құнды құжатты қызыға тамашалады.

Бұл көрме кітапхана оқырмандарына  тұрақты түрде жыл бойы ұсынылады.