Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Қарулы Күштердің өткен жылғы қызметін қорытындылады. Оның айтуынша, өткен жылдың маңызды оқиғасы – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен бүкілармиялық кеңес.
«Президенттің басшылығымен өткен «Батыл тойтарыс» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы әскерлердің жауынгерлік дайындығының шешуші кезеңі болды. Қарулы Күштер тарихында тұңғыш рет Жоғарғы Бас қолбасшылықтың, соғыс уақытындағы Үкімет пен облыстардың қорғаныс кеңестерінің экономикалық қызметті және халықтың өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету жөніндегі ставкасын өрістету мәселелері пысықталды», деп атап өтті министрдің орынбасары. Оның айтуынша, еліміздің Қарулы Күштері бөлімшелері жеке құрамының далалық білімін арттыру және жауынгерлік үйлестіру мақсатында мыңға жуық оқу-жаттығу, жауынгерлік машиналарды жүргізу бойынша 16 мыңнан астам сабақ, 40 мыңнан астам жауынгерлік атыс өткен. Бұнымен қоса ол елімізде 6 халықаралық оқу-жаттығу өткізілгенін және біздің әскери қызметшілеріміз басқа елдердің аумағында өткен 24 оқу-жаттығу мен жарысқа қатысқанын айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен бітімгерлік қызметтің географиясы кеңейтілді. Қазақстан контингентінің Ливандағы БҰҰ миссиясында, Батыс Сахарадағы, Орталық Африка Республикасындағы және Конгодағы штаб офицерлерінің ротациялары жүргізілді. Ұлттық контингентті келесі жылы Голан биіктігінде «БҰҰ-ның бөлінуді бақылау күштері» миссиясына жіберу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Президенттің Жарлығымен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметшілері үшін бірыңғай далалық киім нысаны енгізілді. Жаңа үлгідегі далалық киім-кешекке 2024 жылдың төртінші тоқсанында, қалған нысанды киімдерге үш жыл ішінде көшу жоспарланған.
Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың есебі цифрлық форматқа ауыстырылды. Әскери міндеттіліктің мәртебесі және әскери есепке алу туралы деректер eGov пайдаланушысының жеке кабинетінде көрсетіледі.
«Мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында запасқа шығарылған сарбаздарға жоғары оқу орындарынан үш мың тегін орын бөлінді. Екінші деңгейдегі банктермен сарбаздарға «несиелік каникул» беру туралы мәселе пысықталды. Бүгінгі таңда мерзімді қызметтегі 5 мыңнан астам әскери қызметшінің несие бойынша 1 млрд 875 млн теңге берешегі кейінге қалдырылды. Қызмет өткерген азаматтар үшін білім беру жеңілдіктері де қолданылады», деді спикер.
Үкімет қаулысымен жастарды 2030 жылға дейін әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасы бекітілді. Бүгінгі таңда елімізде сегіз мыңнан астам әскери-патриоттық клуб, «Жас сарбаз» сыныптары және «Smart sarbaz» үйірмелері жұмыс істейді. Оған 280 мыңнан астам бала мен жасөспірім тартылған.
Министрдің орынбасары биыл қорғаныс ведомствосының күш-жігері Арнайы операциялар күштері мен аумақтық әскерлерді дамытуға, әскери-оқытылған резервтің үлесін ұлғайтуға, армияның ұтқыр мүмкіндіктерін кеңейтуге, ведомствоаралық үйлестіруді жақсартуға, армияны жоспарлы қайта жарақтандыруға және отандық Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталатынын атап өтті.