Экономика • 10 Қаңтар, 2024

Мұнай экспортының мүмкіндігі

184 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның басты экспорт­тық маршруты саналатын Каспий құбыр консорциумы (КТК) ар­қылы былтыр 63,4 млн тонна мұ­най жөнелтілді. Бұл 2022 жылдың кө­р­сет­кішінен 4 762 749 тоннаға ар­тық және КТК тарихындағы ең жо­ғары көрсеткіш болып тіркелді. Мұнайдың басым бөлігі, яғни 56 051 967 тоннасы Қазақстан территориясынан жіберілді.

Мұнай экспортының мүмкіндігі

Әрине, елдегі мұнай өндірісінің маңызды драйверлері Теңіз, Қашаған, Қарашығанақтың үлесі аса мол. Теңіз­ден – 27 463 081 тонна, Қашағаннан – 17 897 972 тонна және Қарашығанақтан 9 619 452 тонна КТК-дағы контейнерлерге тиеліп, Еуропаға жіберілген. Өзге кен орындарының жиынтық үлесі – 1,1 млн тонна.

Сарапшылардың біразы ел Үкіметі белсенді түрде балама маршрут іздеп жатқанына қарамастан, жақын жылдарда КТК арқылы жасалатын экспорт көлемі тек өсе түседі деп есептейді.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, жақын арада КТК арқылы жүзеге асырылатын экспорт толастамайды, оған ең бірінші себеп – үш ірі кен орнынан келіп түсетін жоғары деңгейдегі (бүкіл экспорттың 88 пайызы) мұнай көлемі.

«Екіншіден, ол компанияларда келісімшарт бойынша экспортқа қатысты басым құқық бар, оған мемлекет әсер ете алмайды. Мысалы, үш алпауыттан басқа кен орындарына мемлекет 30-дан 70 пайызға дейін квота береді. Ішкі нарықта мұнай құны 70 пайызға арзан болғандықтан, мұнайды экспортқа жіберу акционерлер үшін тиімдірек. Үшіншіден, КТК ең жедел және үнемді маршрут болып қала тұрады. КТК арқылы отандық мұнай экспортының едәуір үлесі үлкен тәуекел тудыратынына назар аударғым келеді. 2022 жылы Новороссийск маңындағы КТК теңіз терминалының жұмысында қандай іркілістер болғаны есімізде. Соның салдарынан тиеу тоқтап, мұнай айдау төмендеді. Бізде экспорттық түсімнің 60 пайызы мұнай сатумен байланысты. Мұнай айдаудың кез келген тежелісі мен төмендеуі біздің экспортты осал етеді. КТК жағдайында бұл, ең алдымен, акционерлер үшін үлкен тәуекел және ел экономикасы үшін елеулі сын-қатер болуы мүмкін», дейді сарапшы.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы КТК өткізу қабілетін жылына 80 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр­ғанын айтқан еді.

внг

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«2001 жылдан бері Каспий құбыр консорциумы арқылы 860 млн тоннадан астам қазақ­стандық мұнай экспортталды. Осы уақыт ішінде КТК-ның өткізу қабілеті 2,5 есе өсті – жылына 67 млн тоннаға дейін. 2024 жылы аталған көрсеткішті 80 млн тонна­ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Көмір­сутек­терді өндіруден басқа, оларды әлем­дік нарықтарға тасымалдау үшін ин­фрақұрылым құру да үл­­кен маңызға ие. Бұл жобаны іске асыруға Chevron, Eni, Shell, «Лукойл» және басқа да тран­сұлттық мұнай-газ кор­по­ра­циялары қатысты», деді Президент.

Қ.Тоқаевтың айтуынша, елдегі шетелдік ойыншылардың бар екені мемлекеттің инвес­тиция­лық тартым­дылығын ай­ғақ­тайды, соның ішінде инвес­торлардың мүддесі мен құқы­ғын қорғау саласындағы заңна­ма­лық тұрақтылықтан хабар береді.

КТК бас директорының орын­­­­басары Қайыргелді Қабыл­диннің сөзінше, құбыр алғаш рет жылына 83 млн тоннаға дейінгі механикалық өткізу қабілетіне жетті. Оның айтуынша, мұнай­дың сандық және сапалық көр­сет­кіштерін өлшеудің жаңа жүйе­сін іске қосу тығырықты жою бағдар­ламасының маңызды кезеңі болды. Айтуынша, жаңа жүйе мұ­найды танкерлерге бір мез­гілде максималды өнімділігі сағатына 33 мың текше метр болатын үш айлақ құрылғыларынан жөнелтуге мүмкіндік береді.

Болжам бойынша, осы жылы мұ­най­­ды ауыстырып тиеу көлемі 63,7 млн тонна мұнайды құрауы мүмкін. Бұл экспортқа 63,3 млн тонна мұнай шы­ғарылған 2019 жылғы көлемнен де асып түседі. 

Таяуда Bloomberg Қазақ­станның Каспий және Қара теңіз арқылы мұнай экспорттау үшін танкер сатып алып жатқанын жазды.

«Қазақстан өз мұнайын Кас­пий және Қара теңіздер ар­қы­лы тасымалдау үшін тан­кер­лерді сатып алады және Ресей арқылы экспорттық құбырға балама іздейді», деп жазды басылым.