Атап айтқанда, қаланың басты жылу көздеріне жауапты «Теплокоммунэнерго» мемлекеттік кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен, жұмыс барысымен қанықты. Одан кейін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-да аялдап, еңбек адамдарымен ашық әңгімелесті. Яғни теміржол жүк тасымалы жүйесіндегі ашықтық, туризмді дамыту, электронды коммерция жүйесін енгізу жайымен де танысты.
Қаладағы алдыңғы қатарлы сауда нысаны саналатын «Ақшың» сауда орталығына келген Мәжіліс депутаты еліміздегі кәсіпкерлік саланың даму барысы және салық саясатының жүзеге асуына қатысты ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Сонымен бірге сауда орталығының ішін аралай жүріп, заман талабына сай жасалған сауда алаңдарының орналасу ретін көріп, еліміздің базарларының модернизациядан өткізуге осындай серпінді қадамдар жасау қажетіне тоқталды. Іргетасы қаланғанына 30 жылдың жүзі болған «Ақшың» сауда нысанында бұл күнде 3 мыңнан астам кәсіпкер сауда көрігін қыздырып отыр.
Шәкәрім атындағы Семей университетінде Руслан Берденовтің жастармен кездесуі ел болашағына қатысты түрлі тақырыпты кеңінен қамтуымен ерекшеленді. Әсіресе құмар ойындарға тәуелділік жастар арасында кең етек алып бара жатқаны қызу талқыға түсті.
– Зиянды әдеттер мен оның жағымсыз салдары – қазіргі қоғамның жаһандық дерті. Кейінгі кездері жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік белең алып отыр. Біз қоғам болып бұл мәселемен күресуіміз керек. Өйткені мұның астарында адамдардың, олардың отбасыларының, бүкіл халықтың тағдыры жатыр, – деді университет ректоры Думан Рымғалиұлы.
Руслан Арысбекұлы студенттердің назарын ойынға тәуелділіктің жағымсыз салдары мен Парламенттегі партия фракциясы жүргізіп жатқан жұмыстарға аударды.
– Кейінгі бір жылда елімізде 350 мыңнан астам ойынға тәуелді адам тіркеліп, 2 мың сайт пен онлайн казино аккаунттары бұғатталды. Мемлекет басшысы Үкіметке ойынның заңсыз түрлеріне шектеуді күшейтуді тапсырды. Көптеген жастар тіл үйрену мен спортпен айналысудың орнына «оңай ақша» табудың жолын іздеп, ойынның торына қалай түскенін білмей қалады. Сондықтан мейлінше жаман әдеттерден аулақ болып, саламатты өмір салтын ұстанып, бос уақытты өзін-өзі дамытуға және өзін-өзі танытуға жұмсау керек, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Р.Берденов.
Мәжілісмен Парламентте атқарып жатқан заң шығару қызметінен де хабардар етті. Бұл құмар ойынға тәуелділіктің таралуын азайту және ойын бизнесін шектеу, эквайрингті енгізу, жаңа Салық кодексінде ҚҚС төмендету сияқты өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға бағытталып отыр.
Ашық әңгіме барысында Шәкәрім университеті мен Әлихан Бөкейханов атындағы университеттің студенттері қандай кәсіпті бастауға болады, вейпингке қашан тыйым салынады, құмар ойындарға тәуелділіктен қай жерден емделуге болады, өңірді дамытудың болашағы қандай деген сауалдарға жауап алды. Кездесулерде сайлаушылар тарапынан айтылған барлық мәселе Мәжілістегі «Respublica» партиясы фракциясының назарына алынады.
Абай облысы