Пікір • 10 Қаңтар, 2024

Ғылым – даму өлшемі

615 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президенттің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» деп аталуы ғалымдарға үлкен міндет қойып отыр. Бүгінде еліміз ілгері дамуы үшін ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Осыған сай қоғамның бетбұрысы өзгеріске түсіп отыр. Адамдардың санасы жаңарып, ғылыми көзқарасқа деген серпіліс қалыптасып келеді.

Ғылым – даму өлшемі

Кешенді реформалар санатында ғылым-білімге деген құлшыныстар даму үде­рісіне түскен. Кез келген бас­тама жаңа мүмкіндіктерге шақыратыны рас. Президент сұхбатында «еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары ба­ғалануға, білімпаздық пен жа­ңашылдық салтанат құ­руға тиіс екенін» нақты көр­сетіп беруі ғылыми ортада қолдау тапты. Мемлекет басшы­сы­ның бұл ауқымды іске үлкен да­йындықпен саланы зерттеп, білу ар­қылы келгені байқалады.

Соның айғағы ретінде «Ғы­лым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына жеңілдік енгізілуі салаға көрсетілген қамқорлық деп есептейміз. Егер заң қа­был­данса, отандық компаниялар еліміздегі уни­вер­ситеттермен немесе ғы­лы­ми зерттеу инс­титуттарымен серіктестік не­­гі­зінде ин­но­ва­циялық да­муға қаржы құй­са, 100 пайыз салықтан бо­сатылады. Шындығында, бұл осы салада жұмыс атқа­рып жат­қан өндіріс орта­лықтарын жігерлендіреді. Жоға­рыдағы заң жобасына «инфрақұрылымдық грант­тар­дың енгізілуі» де саланы жандандыра түсетіні анық.

Әрбір заман ұрпақты, ұлтты, мемлекетті, жалпы адамзатты белгілі кезеңде сынап, електен өткізіп отырады. Осы ұлы күресте жеңіп, уақыт сынынан абыроймен өткендер ғана мәңгі жасайды. Дамыған елдер өркендеу жолына білім-ғылым арқылы келгені аян. Бүгінгі таңда білім динамикасы идея­ларды зерттейтін ғылыми-зерттеу институттарына тың бағыттар беріп отыр.

ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Сондықтан ұлт зиялыларының міндеті – жұртқа ғылыми жол көрсетіп, дұрыс бағыттап отырғанда ғана бастаған ісіміз ілгері жылжиды. Ұлттың рухын жаңғырту жолында жүрген ұрпақты, азаматтарды қолдау түбінде қазақтың ренессанс дәуіріне, яғни түбегейлі өзге­рістер заманына әкеледі. Оны біз сұхбат ауанының рухани даму келбетінде көрініс тап­қанынан көріп отырмыз.

Ел экономикасын дамыту нүктелеріне ғалымдар ба­рынша атсалысуы керек. Қазақстандағы саяси жүйені реформалау қо­ғамды топ­тас­тыруға және елді ішкі және сыртқы қауіптерден қор­ғау­ға мүмкіндік берді және болашақтағы әлеуметтік-эко­номикалық қайта құруларға негіз жасады. Мемлекет басшысы еліміздің бас басылымына берген сұхбатында 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есе арттыру жөніндегі стратегиялық мақсатты айрықша атап өтті. Бұл мақсатта инвестицияның ықпалын күрт арттыру және экономиканы «жеделдету» үшін перспективалы жаңа өсу нүктелерін дұрыс анықтау аса маңызды. Бұл үкімет пен ғылыми қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру, шешім қа­былдау үдерісіне ғылыми сараптаманы енгізу арқылы ғана мүмкін болмақ. Экономиканың өсімі елдегі бүкіл халықтың табысы мен әл-ауқатының ар­туына әсер етуі үшін ға­лым­дар инвестициялық ахуал­ды жақсарту және жоғары эконо­ми­калық даму мақсатында құ­рыл­ған инвестициялық орта­ның жұмысына белсенді қатысуы қажет. Ғалымдардың оған қа­тысуы инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыруға ықпалын тигізетіні анық. Да­мыған елдерде бұл жұмыс жақсы ұйымдастырылған.

Ғылым, білім – әділетті Қа­зақстанның бесігі. Ал бәсе­ке­лес­тік дегеніміз – ғалым­дар­­дың тың дүние ойлап табуы. Өткен жылы институт ғалымдары Балқаштағы селен өнімін алуды өндіріске қосты. Еліміздегі кен байыту кәсіпорындары осы уақытқа дейін шикізат философиясымен өмір сүріп келді. Институт ғалымдары осы философияға тың өзгеріс енгізіп, ғылымды өндіріске қоса отырып, өндіріс ошағының табысын арттыруға болатынын ойлап тапты. Алдағы уақытта қол жеткен табыстарымызды одан әрі дамы­татынымызға сенемін.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың прагматизм және өмірге шынайы көзқарас қағидаттарына негізделген еңбек пен өнімді, білім мен шығармашылық ойлаудың күші туралы культін насихаттау керектігі туралы айтқан ойы бүкіл қоғам үшін аса маңызды. Ғалымдар жас­тарға жаңа тұрпатты білім беруге, қажетті дағдыларды мең­геруге және озық технологияларды дамытуға ықпал етуі керек. Онсыз ғылыми орта кенжелеп қалады.

Президент ғылым өрке­ниетін дамытудың жар­қын мысалы ретінде биыл көш­басшы ғалым, Қазақстан Ғы­лым академиясының тұң­ғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерей­тойын еске салуы бекер емес. Академик ғылыми салада терең із қал­дырып қана қой­ған жоқ, ел эко­номикасының тұтас сек­торының дамуына айрықша үлес қосты. Металлургия және кен байыту институты Қ.Сәтбаев мұрасына адалдық танытып, жеткен жетістікке тоқмейілсімей, ғылыми жұмыс­тар­ды одан әрі жетілдіре түсе­міз.

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес ғылыми саладағы заңнаманы жетілдіру, оның ішінде жетекші ғалымдардың тұрақты және лайықты еңбек­ақысын қамтамасыз ету және ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру ше­шімін тауып келеді. Демек ел ғалымдары ғылымды қолдауға мемлекеттік шығындардың ұлғаюын барынша қайтарым әкелетін инвестиция ретінде қабылдауға тиіс.

Ғаламдық бәсеке жағ­да­йын­да біз заманауи технологиялары өркендеген, жасанды интеллект енгізілген озық елдерге қарап бой түзеуіміз керек. Осы мақ­сатта еңбекқорлық, білім-ғылымға құлаш сермеу, праг­матизм, кәсіпқойлық, іс­керлік, бастамашылық сияқ­ты құндылықтарды тұрақ­ты ұстанған мемлекетке ай­налуға тиіспіз. Кейінгі уа­қытта гендік инженерия мен биотехнологиялық жетіс­тік­тер нәтижесінде текке әсер ету арқылы адамның табиғи мазмұны жетіліп, ойлау қа­білеті қазіргіден күшейе түс­кенін көрсетіп отыр. Осы­ған сай адамдар енді жасанды интеллектімен бәсекеге түспек. Мұның өзі адаммен қа­тар ғылымды же­тіл­діруге алып келетіні ай­қын. Демек ХХІ ғасыр адам интеллектісінің даму ға­сыры болатынын көрсетіп отыр.

 

Бағдәулет КЕНЖАЛИЕВ,

Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық зерттеу университеті Металлургия және кен байыту институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты